Оңтүстік Кореяның президенті Чже Ин Мун Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесті. Келіссөздер Пханмундж шекаралық бекетінде өтті.
Оқиғаны Euronews арнасы тарихи сәтке балап отыр. Өйткені қос корей мемлекеті келіссөздер жүргізбегелі он жылдан асқан. Сондай-ақ Ким Чен Ын 1953 жылдан кейін Оңтүстік Корея аумағына келген алғашқы КХДР басшысы атанып отыр.
Тарихи сәт тікелей эфирден көрсетілді. Ким Чен Ын әуелі елдерді бөліп жатқан сызықтан өтіп, оңтүстіктегі әріптесімен қол алысты. Одан кейін екі мемлекеттің басшылары КХДР тарапына өтіп, ресми суретке түсті.
Бұдан соң олар корейаралық саммит өткізу үшін Бейбітшілік үйіне барды. Келіссөздер басталмастан бұрын Ким Чен Ын естелік кітабына «Осы сәттен бастап бейбітшіліктің жаңа тарихы, жаңа дәуірі басталады» деген тілегін қалдырды.
Ким Чен Ын келіссөздер барысында қазіргі таңда туындаған мәселелерге тоқталып, саммит жұмысынан оң нәтиже күтетінін жеткізген. «Арамыздағы тарихтың жаңа сипаттағы тарауы жазылады деп үміттенемін. Бұл – бастамасы ғана. Әлі атқаратын шаруа мол. Осы сәтке жету үшін 11 жыл өтіпті. Келе жатып, неліктен көп уақыт өткеніне таңғалдым», деді ол. Сонымен қатар КХДР басшысы ортақ келісімнің қайта бұзылмауынан және ортақ келісімге қол жеткізуден үміттенетінін мәлімдеді.
Оңтүстік Корея президенті Чже Ин Мунның айтуынша, әлем елдері осы саммитке үлкен үмітпен қарап отыр. «Қарусыз аймаққа келуіңіз бөлінудің емес, бейбітшіліктің символы. Осы талабыңыз үшін сізге зор алғыс айтамын. Бүгінгі талқылайтын мәселелеріміздің маңызы зор. Кейінгі он жылда болмаған келіссөздер жасауға мүмкіндік туды», деді ол.
The Guardian басылымының хабарлауынша, саммитте нақты ешқандай келісімге қол жетпеуі мүмкін. Оңтүстік Кореяның мемлекеттік хатшысы келіссөздерді ресми мәлімдеме жасауға дейін апару өте қиын екенін жеткізген. Әйтсе де, басылым қос кореялық мемлекеттің кездесуге талпынуы игі бастама екенін айтып отыр.
Сондай-ақ жиын барысында Ким Чен Ын Солтүстік Кореяның ядролық қаруды қайта сынамайтынын, баллистикалық зымырандар ұшырмайтынын айтып уәде берген. Өз кезегінде Оңтүстік Корея президенті мұны әлемдік қауіпсіздікті нығайту ісіне қосылған үлеске балап отыр. Кездесуде екіжақты қарым-қатынасты жақсарту, бейбітшілік орнату және қайта қосылудың мүмкіндігі талқыланды.
АҚШ-Франция қатынасының жаңа белесіФранция президенті Эммануэль Макрон АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесті. Жиын барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту секілді бірқатар мәселелер талқыланды.
Кездесу кезінде сөз алған Франция президенті өзінің әріптесі Д.Трамппен жеке қарым-қатынасы мықты екенін айта келе, АҚШ-ты Сирия мен Иран мәселесінен тыс қалмауға шақырды. Ақ үйде өткен жиында екі ел президенті бір-бірін құрметтейтінін көрсетті. Олардың ықыласпен қол алысқанын Батыс медиасы қызу талқылап жатыр.
Дегенмен Э.Макронның АҚШ конгресінде сөйлеген сөзі Ақ үй басшысының сөзімен үндес шыққан жоқ. Франция президенті өз кезегінде Д.Трамп жүргізіп отырған ұлтшылдық пен бөліну идеясы жаһандық экономиканың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Франция мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас еркіндікке, шыдамдылыққа және теңдікке негізделген.
Сонымен қатар Э.Макрон ядролық державалар мен Иран арасындағы мәміледен АҚШ тарапы шықпас бұрын жаңа келісім жасау қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл қадам халықаралық қоғамдастықтың тыныштығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, ол жаһандық жылынудың қаупі зор екенін атап көрсетіп, оған қарсы күресуге шақырды.
Естеріңізде болса, АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр климаттың жылынуына байланысты құрылған Париж келісімінен шығатынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Иран мен ядролық державалар арасындағы ортақ мәмілеге келіспейтінін де айтқан-ды.
Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»