Биылдан бастап ұстаздар «Нұр Әлем» болашақтың энергиясы мұражайы қабырғасында ашық сабақ өткізуде. Яғни студенттер мен оқушылар қауымына дәл осы мұражайдың арнайы жабдықталған лекциялық аудиториясында дәріс тыңдап, танымын көрме экспонаттарымен кеңейтуге мүмкіндік туып отыр.
Осы орайда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, Ақмола облысы әкімдігі және «Атамекен» ҰКП арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты – оқушылар мен студенттер үшін Халықаралық мамандандырылған көрме мұрасының нысандарына мәдени, білім беру турларын ұйымдастыруды қамтиды. Екіжақты келісімнің қалай жүзеге асары пысықталып, түсіндіру шарасы аймақтардағы білім ошақтарында жалғасын таппақ. Осылайша, сәуір айының 26-сы күні «Нұр Әлем» болашақ мұражайында Ақмола облысының ұстаздарына ақпараттық тур өткізіліп, мамыр айынан бастап ашық сабақтарға белсенді түрде оқушылар қатыстырылады.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қызметкері Ернұр Кенжебековтің айтуынша, дәрісті әдеттегідей оқу ғимаратында оқығаннан гөрі, «Нұр Әлем» сферасындағы арнайы жабдықталған лекциялық аудиторияда өткізу тиімді әрі қызықты. Ең бастысы, студенттер мен оқушылар үшін қалыпты жағдайдағы сабақтардың өзгеше форматта өтуі тың дүние болмақ. «Нұр Әлем» сферасы болашақтың энергиясын насихаттайтын әлемде баламасы жоқ бірден-бір мұражай. Болашақта өз танымын физика, биология, жағрафия, информатика, химия ғылымдары саласында кеңейтем деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Ғарыш әлемінің құпияларын зерттеймін деген жас өркендер үшін де мұнда ақпарат жеткілікті.
Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап оқушылар үшін мұражайда ашық сабақтар өткізу қолға алынған болатын. Нәтижесінде, көрме мұрасы нысандарымен 17 000-ға жуық оқушы, 4000 студент танысты. Жаңа жоба қазіргі кезде білім ошақтары және жоғары оқу орындарындағы ұстаздар арасында үлкен қызығушылық туғызуда. Әсіресе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дәріс оқушылары берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуда. Аталған оқу ордасындағы туризм кафедрасының оқытушысы Әлия Ниязбаева алғашқылардың бірі болып бір топ тәлімгерге ағылшын тілінде дәріс оқып, еліміздегі туризмнің даму қарқыны мен деңгейі жайында құнды ақпараттар ұсынды.
Ашық сабақ мүлдем жаңа форматта өтті. Студенттер тек ақпарат тыңдап қана қоймай, мұражайды аралау арқылы дүниетанымын ұлғайтуға мүмкіндік алды. Сабақ барысында жалпы ЭКСПО-2017 шарасы жөнінде, алдағы уақытта «Нұр Әлем» мұражайына ішкі және сыртқы туристерді қызықтыру үшін қандай жұмыс атқарылуы қажет деген мәселелер төңірегінде талқылаулар болды.
Айта кетсек, ұйымдастырушылардың көздеген мақсаты оқушылардың ғылымға деген зейінін арттыру, олардың дәріс пен тәжірбиені ұштастыруына мүмкіндік тудыру болып отыр. Осы мақсатта өзге де өңірлермен келісім жасалып, бастама болашақта да жалғасын таппақ.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»