• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Мамыр, 2018

СҚО-да өрендер өлке тарихын зерттейді

294 рет
көрсетілді

Белсенді оқушылардың қатысуымен «Бабадан қалған мұраны, мұражай сақтап тұрады» атты аймақтық шара өтті. Ол «Тәрбие және білім» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Құнды жәдігерлер орна­ласқан мұражайлар ұлттық құн­дылықтар жайлы алуан сырлар шертетін баға жетпес мәдени ошағымыз саналады. Ұлы Даланың ұлан-байтақ аумағында әлі қаншама ғажайып тарихи-мәдени ескерткіштер зерттелмей жатыр десеңші. Атамекенді тану әр өңірдің бар­ша жұртқа ортақ қа­си­етті жерлерінің біртұтас желісін бір ізге келтіру ар­қылы жас буын бойында ба­баларға деген мақтаныш сезімдерін ұялатудан басталады.

«Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында атап өтілгендей, туған жерге деген сүйіспеншілік бі­лім беру саласында ау­қым­ды өлкетану жұ­мыс­­­­та­рын жүргізуді, жер­гі­лікті дең­гейдегі тарихи ескер­­ткіштер мен мәдени ны­сандар­ды қалпы­на келтіруді көздейді. Жи­­нал­­ғандар алдында сөйлеген сөзінде білім бас­қармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бұл бағытта атқарылған іс-шаралардың жас буынның ой-өрісін кеңейтудегі, ұлт­тық сананы жаңғырудағы зор ықпалын атап өтті.

Был­тыр облыста орналасқан 12 мұражайды 167 мың адам тамашаласа, олардың 114 мыңы – балалар. Мектептер жанында жұмыс істейтін 220 мұражайда 2395 экскурсия өткізіліп, 175 дәріс оқылған, 213 көрме ұйым­дас­тырылған. Бұ­ған дейін мұражай кешендеріне кіру ақылы бо­лып келсе, енді тегін. Кең көлемде жүр­гі­зіл­ген зерт­теулер мен талдаулар негізінде киелі жерлер кар­тасы жасалып, 19 нысан енгізілген. Олардың 6-уы – республикалық маңызға ие. 30 мыңға жуық жас өрен аса бай рухани тарихы бар еліміздің көр­некті жерлеріне саяхаттап, ғылыми-зерттеу шы­ғар­­маларын жазуға ат­салыс­қан. Жаз айларында ар­хео­логиялық ескер­ткіш­терді із­дес­тіру, қазба жұ­­мыс­тарымен айналысу жобаларына қатысу мін­деттері тұр.

«Мұражай – арман шырағы, білімнің кәусар бұ­лағы» атты экспозиция жә­не оқыту-тәрбие ба­ғы­­­тында қолданылатын жә­ді­герлер көрмесінде оқу­­­шылар мен ұстаздар жер­гі­лікті мұражайлардың ты­ныс-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беретін құнды экспонаттар ұсынды. Ақжар ауданының жас өлкетанушылары осыдан 30 ғасыр бұрын өмір сүрген мамонттың сүйек қаңқалары табылуы жайлы қызықты деректер келтірсе, Қызылжар ауданы аумағынан кезіктірілген бизонның бас сүйегі де жиналғандардың қызы­ғу­шылығын тудырды.

Бос­тан­дық мектебінің геогра­фия пәнінің мұғалімі Ләззат Сәрсенбаева тыным­сыз зерттеу жұмыстары нә­ти­­же­сінде ауданда 40-қа ж­у­ық археологиялық ес­кер­­­­ткіштің сақталғанын анық­­таған. Ауыл ма­ңын­да бі­те­ліп қалған бұлақтың көзін ашып, кәусар су­ын Ал­ма­тыдағы ғылыми-зерт­теу институтына жі­бер­ген. Онда судың құрамы тек­серіліп, адам ағза­сы­на пайда­сы дәлелденген. Отан деген қастерлі ұғым­ның бір бөлшегінде тәу етерлік қа­сиетті орындарды өскелең ұр­паққа танытуда осындай ұстаздардың жанкешті іс-әрекеттері қуантады.

Сөз арасында «Өңірдің ұлттық келбеті – тәуел­сіз­дік айнасы», «Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің» атты семинарлар, шығармашылық бай­қау­лар білім мен өнер­дің тіз­гінін қатар ұстаған бал­ғын­­дардың туған өлкеге тағ­зым етудің тәлім алар­лық ғибратына айнал­ға­нын айта кеткен абзал.

Мұражай қозғалысы форумы «Қазақстан–Мәңгілік Ел» хореграфиялық ком­по­­зицияға жал­ға­сып, жас­тар­дың патриоттық рухын көтеруге, елі­міз­ді, жерімізді ұлықтауға бағытталған ой саларлық шы­ғармашылық көріністермен аяқталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы