«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт!» деп толғаған екен жыр алыбы Жамбыл. Иә, батырлық сонау ықылымдағы Гомер заманынан бері қастерленіп келе жатқан ерлердің ерекше қасиеті. Ел үшін қырғын шайқастарға кіріп, жаудың жағасын жыртқан батырларын ардақтап асқақтатуға келгенде қазақтың алдына түсер халық бар ма екен, сірә?!
Ертедегі батырларымыз эпостық жырларымызда әйгіленіп, халқымыздың санасында ерлік пен батырлықтың, жүрек жұтқан батылдықтың, намыс пен қайраттың, әділеттілік пен адалдықтың жалауындай желбіреп келеді. Бала кезімізде әр қазақтың үйінде жастанып оқитын, бүкіл ауыл болып жиылып оқитын кітап «Батырлар жыры» болатын. Қазақтың сонау есте жоқ ескі замандардағы жалын жүректі батырлары қандай, шіркін! Бес қаруы бойында. Беркініп садақ асынған, Біріндеп жауды қашырған. Қорамсапқа қол салған. Қозы жауырын оқ алған. Қақ жүректің тұсы деп, Өлер жерің осы деп, Шірей тартып қалады. Өздері отқа салса жанбайды, Суға салса батпайды.
Жер танабын қуырған тұлпары қандай батырлардың! Құбылып Буырыл гуледі, Табаны жерге тимеді. Көлденең жатқан көктасты Тіктеп тиген тұяғы Саз балшықтай иледі... Ол төбенің тозаңын Бұл төбеге қосады. Осы Тайбурыл, Байшұбар, Тарлан тұлпарлармен ағындап келіп жаудың қалың қосынына өрттей тиген кездегі қимыл-әрекеті қандай батырлардың! Дауылдай соғады, оттай лаулайды, теңіздей сапырады, қоғадай жапырады... Қанжар қайысып, қылыш майысып қалады... Бала жүрегімізді қазақтың хас батырлары Қобыланды мен Алпамыстың, Ертарғын мен Қара қасқа атты Қамбарлардың сұрапыл бейнелері осылай тербеуші еді.
Осындай батырлық дәстүрі қазаққа табиғи түрде тән, қазақ тарихының басты сипаттарының бірі екендігін қадап айтқымыз келеді. Мұны Мұрын жырау жырлаған, ұрпақтар желісі үзілмейтін «Қырымның қырық батыры» эпостық жырларынан да айқын көруге болады. Бұл жырлардың бәрі тарих тереңінен, тарих шындығынан, ғасырлар бойы жаумен жағаласып, азаттық үшін арпалысқан боздақ ерлердің тынымсыз жортуыл-жорықтарынан тамыр тартқан.
Қазақ ұғымындағы батыр – тарихи категория. Батыр – ел қорғаны. Дәйім толарсақтан саз кешіп, тобығынан қан кешіп жел өтінде, жау бетінде жүрмек. Әсіресе халқымыздың жер бетінен құрып кету қаупі төнген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетінен кейінгі жоңғар шапқыншылығының соңғы кезеңінде қол бастаған сардар ерлердің, жауды жайпаған ересен батырлардың жаңа тұрпатты жойқын легі қалыптасты. Ежелгі жауға қайтып еңсе көтертпес соққы берілген Абылай дәуірі осынау қайтпас қаһарман батырлардың ерлік пен серілігінің ерен дәуірі болды. Бұл замандағы батырлардың дәрежесі бұрынғыдан да көтерілді, ханның оң қолына айналды, халықтың шынайы құрмет-сүйіспеншілігіне бөленді, қалың қолдың ұраны болып дабылдады, билікке араласып, әрқайсысы өз ру-тайпаларының, соңынан ерген қауым елдің көсемі, қамқоры, басшысы болды.
Қазақ жыры мен руханиятының әрі-берісіндегі ең соқталы тұлғалардың бірі Бұқар жыраудың айтуында Абылай ханның жоңғарға қарсы қидаласқан ұрыстарындағы қазақ батырларының галереясы мінеки: «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп, Сондағы жолдас адамдар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Тігеден шыққан Естербек, Шапырашты Наурызбай...» Міне, осылай өңкей батыр жиылып, жарлық салған Абылай шепті бұздырып, ұрысты қатты қыздырып, Қалдан ханды қашырды дейді.
Қазақтың отаршылдарға қарсы күрес тарихында Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет ақын батырлардың орны бір төбе. Ақпатшамен он жыл бойы соғысқан Кенесары хан бастаған көтерілістің шұбыртпалы Ағыбай, Басықара, қыпшақ Иман, Сұраншы мен Байсейіт, Бала Баубек, Елубай мен Көбе, Наурызбай, Амалдық пен Арлан, Шамай сынды қайтпас қайсарлары қазақ батырлығының ең бір жанкешті, жүрек жұтқандық сипаттарын, елім деп еңіреген боздақтығын танытады. Олардың да ерліктері – елге мұра, ұрпаққа ұран.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы қым-қуыт аласапыран дәуірлерде де қанға сіңген, болмысқа біткен қазақтың батырлық институтының жығасы жығылмады. Он алтыншы жылғы көтерілісте де жалаң қылыш жауға шапқан көзсіз батырлар халқымыздың ерлік пен өрлік рухын үстем етті. Намысты қолдан бермеді. Торғайда Кейкі мен Амангелді, Жетісуда Бекболат, Жәмеңке мен Ұзақ, батыс өңірінде Құныскерей батырлар отаршыға қарсы қан майданда қайтпай тұрысты, азаттық үшін күресте жандарын қиды.
Әлбетте, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай тектес жаңа замандағы бас батырымыз Баукең, көзі тірісінде-ақ аңызға, батырлықтың символына айналған Бауыржан Момышұлы. Осы Баукеңе кеңестік кер саясат батыр атағын өзінің соңғы күндеріне дейін қимады. Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты мойындамай, ақырғы күні аспаз Кантария мен Егоровты қолдан батыр жасады. Айта берсе, қазақтан шыққан нағыз батырларға жасалған мұндай қиянаттар жетерлік. Бірақ қазақ халқы өз ерлерін, өз батырларын біледі. Қастерлейді, мәңгілік ардақ тұтады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»