Қостанай облысында жыл басынан бері 7 балалар суициді орын алды. Өзіне қол жұмсағандардың саны жөнінен Қостанай республикада бірінші орында тұр. Бұл туралы облыстық жасөспірімдер ісі және олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында айтылды.
Өмірін өз қолымен қиған жеті баланың төртеуінің өліміне жауапсыз махаббат себеп болса, біреуі ата-анасымен жанжалдан кейін осындай қатыгез тірлікке барған. Алтыншы баланың өліміне себепкер болған жағдай әлі тексеріліп жатыр. Ал жетінші оқиға күні кеше ғана, яғни комиссия отырысы болған күні кешке қарай болды. Он бес жасар қыз тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен.
Облыстық білім басқармасы директорының орынбасары Гүлнәр Укинаның мәліметінше, облыс өңірінде 2017 жылы 10 жасөспірім өзіне қол жұмсаған. 33 бала да осындай қатерге барғысы келген. Соңғы екі жылда жасөспірімдер арасында болатын суицид 3 оқиғаға көбейген, өз өмірін қиюға талап жасағандардың саны да бесеуге артқан. 2018 жылы 14 бала суицидке ұмтылған. Соның 9-ы мектеп оқушылары да, бесеуі колледжде оқитын студент екен.
«Осы мәліметтер облыста суицидке қарсы жұмыстардың атүсті жүретіндігін білдіреді. Қалыптасып отырған жағдайға қарай психологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс екендігі неше рет айтылып келеді. Жергілікті жерлерде психологиялық қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін барлық білім бөлімдерінде педагог-психолог бірлігі ашылды. Облыста осы мақсатпен психологтар қатары 42-ге көбейді» деді Гүлнәр Көшкенова. Бірақ ол Рудный, Қарабалық, Денисов пен Қостанай аудандарында психологтар жұмысы көңіл көншітпейтінін, оларда суицид жөніндегі лекциялар жалпы айтыла салатынын жасырған жоқ. Жыл басынан бері Рудный қаласында екі бала суицид жасамақ болған. Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина қаладағы 30 мектепте психолог жұмыс істейтінін, бірақ олардың 64 пайызының тәжірибесі 5 жылдан аспайтынын тілге тиек етті. Биыл қала әкімі психологтармен суицидтің алдын алу туралы жұмыс жүргізетін білікті, тәжірибелі психологтар шақыру үшін 800 000 теңге қосымша қаржы бөлуге шешім шығарған.
Комиссияның кеңейтілген отырысында суицидтің алдын алу туралы көптеген мәселелер, аудандар мен қалаларда жүріп жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жалпы өңірде жасөспірімдер арасында болатын суицидке қарсы 5-6 тармақтан тұратын жұмыс жоспарын жасауға ұсыныс айтты. Осы жоспар жасалғаннан кейін облыста жасөспірімдер суицидінің алдын алу жұмыстарымен айналысатын жұмыс тобы құрылатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан