Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында электр шамдарын шығаратын зауыт ашылмақ. Бұл іске кәсіпкер О. Ботбай ұйытқы болып отыр. Ол Қытай Халық Республикасынан «Jiangsu Yimei Mei Project Management Co, Ltd» кәсіпорнының басшысы Yuan Lin мен оның қызметкерлерін шақырып, аудан әкімі Б.Танагөзовпен арнайы кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында «Шаян» индустриялық аймағында электр шамдарын шығаратын зауыт ашу бойынша меморандумға қол қойылды.
Индустрияландыру аясындағы басты мәселе инвестиция тарту екені мәлім. Бұл орайда облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдерін белсенді әрекетке шақырған болатын. Яғни аудан әкімдері кәсіпкерлер мен инвесторларға барлық тиісті жағдайларды жасауға міндетті. Сондай-ақ облыстағы шетелдік инвесторлар үшін тиімді болатын 11 индустриялық және 1 арнайы экономикалық аймақтың жұмысын дұрыс ұйымдастыру маңызды. Облыс әкімінің Қазақстандағы ҚХР Шэньси провинциясы үкіметі өкілдігінің басшысы Чэн Хэ бастап келген инвесторлармен кездесуінде де индустриялық аймақтардың әлеуеті мен мүмкіндіктері айтылды. Өңірде өндіріс орындарын ашуға ниетті инвесторларға барынша жағдай жасалуда. Бұл орайда мысал ретінде Оңтүстікте қытайлық компаниялардың қатысуымен модернизациядан өткен Шымкент мұнай зауыты мен мақтадан жіп өндіретін «Хлопкопром целлюлоза» зауыты, металлургия өндірісіндегі «Амир-А» ЖШС мен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, штапельді талшық шығаратын «Green Technology Industries» кәсіпорны және түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» зауыты сынды 5 бірдей жоба жүзеге асырылып отырғанын айтуға болады. Қытайлық кәсіпкерлер облыста қорғасын және мырыш қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 300 мың тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы. Зауыт іске қосылса 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ал Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй бастаған қытайлық консулдық өкілдерімен кездесуінде облыс әкімі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп және туризм саласында әріптестік байланысты дамытуға дайын екенін білдірді. Бас консулдың айтуынша, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, энергия көздерін дамыту, қалалық және нарықтық инфрақұрылым құрылысы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту екі тараптың мүдделеріне сай келеді. Өңірге инвестиция тартуда маңызды рөл атқарып отырған индустриялық аймақтар жұмысы бүгінде жандана түскен. Мысалы, биыл «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы еншілес ұйымдармен бірлесіп жалпы құны 70,82 млрд теңгені құрайтын 20 жобаны жүзеге асырғалы отыр. Нәтижесінде 2600-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Корпорация мәліметтеріне жүгінсек, аталған жобалар «Оңтүстік» индустриялық аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүргізіледі. Биыл қолға алынатын 20 жобаның 12-ін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырмақ. Оның құны 23,463,3 млн теңге болып отыр.
Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 3,5 млрд теңгелік 5 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» индустриялық аймақ 40 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу мақсатын көздеп отыр. Өткен жылы «Шымкент» ӘКК трансформациялау кезеңінен өткен. Нәтижесінде жаңа жұмыс әдісі әзірленіп, инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға және іске асыруға бағытталған басқару жүйесі енгізіліпті. Осының арқасында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жеңілдей түскен. Мәселен, Қарабұлақ ауылында сүт өндіру және қайта өңдеу кластері құрылды. Сондай-ақ «Астана» тұрғын үй кешенін салу бойынша отандық инвесторлар 4 блок тұрғын үй кешеніне 1 млрд 507 млн теңге қаржы құйған болатын. Бүгінде оның 2-уі ел игілігіне тапсырылған. Айта кетейік, бүгінде облыста инвестициялық жобалардың саны мен сапасын арттыру мақсатында «Шымкент» ӘКК-нің «Ontustik Invest» инвесторларға қызмет көрсету бөлімі жұмыс істеуде. Ондағы мамандар бизнес-жобамен келетін инвесторларға тиісті деңгейде көмек қолын созады. Сондай-ақ аталған мекеме құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, энергетика, мемлекет- жекеменшік серіктестігі және «Smart Ontustik» ақпараттық технологияларын енгізуге атсалысып отыр.
Өңірдің экономикалық дамуына септігін тигізіп келе жатқан индустриялық аймақтардың бірі «Тассайда» жалпы құны 19 млрд 684 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 720 жаңа жұмыс орны ашылады. Мысалы, биыл іске қосылатын «Asia Trafo» ЖШС 110-120 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытында 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Кәсіпорын кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асырылуда. Жоба құны – 17,5 млрд теңге. Зауыт жылына 120 трансформатор шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетелік, аумағы 89 гектар «Тассай» индустриялық аймағында бүгінде жалпы құны 37 млрд 948 млн теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске асса, 1631 жұмыс орны ашылмақ. Ал Cозақ ауданындағы индустриялық аймақта жалпы құны 1 млрд 204 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылған. Сондай-ақ Түркістан қаласындағы Бекзат шағын ауданындағы индустриялық аймақта жобалық құны 11028,1 млн теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде 6 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өткен. Нәтижесінде 240-қа жуық жұмыс орны ашылып, 1,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Кентау қаласындағы индустриялық аймақта 2 млрд теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 2 жоба толық іске қосылып, 798 млн теңгенің өнімі өндірілді. Қосымша 2 жобаның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, жыл соңына дейін іске қосылады. Қалған бір жобаның құжаттары сараптамадан өтіп, ағымдағы жылдың І тоқсанында құрылыс жұмыстары басталады. Нәтижесінде 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Ал Отырар ауданында ағымдағы жылы жаңа индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Жобаға аймақтан қазіргі таңда 97 гектар жер қарастылып отыр. Құрылғалы отырған индустриялық аймақтың жалпы құны 1 млрд 359 млн теңге болады. Аталған аймақтың іске қосылуы отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндік бермек.
Жалпы, облыс аумағында орналасқан 11 индустриялық аймақта 168,8 млрд теңгені құрайтын 171 жоба жүзеге асырылуда. Онда 10 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 171 жобаның 75-і іске қосылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Бұл жобаларға құны 43,4 млрд теңге инвестиция тартылды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»