Семей мемлекеттік медицина университетінде адам өміріне қауіп төнген жағдайда қандай шұғыл көмек көрсету керектігіне орай семинар-тренинг өткізілді.
Тренингке шақырылған журналистер адамның жүрегі қысып қалғанда қандай көмек шұғыл жасау керек, балалар бөгде зат жұтып қойғанда не істеу қажет, жарақат алған кезде қолды, аяқты қозғалтпай ұстау, таңып байлау тәрізді алғашқы көмектердің көптеген түрлерін үйренді.
Бұл курстар Семейде тұңғыш рет ұйымдастырылып жатыр екен. Бүгінде республиканың барлық аймағында 100-ден аса қатысушы осындай тренингтен өтуде.
- Маған осы курс өте ұнады,-деді облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Екатерина Гуляева,-әрине, біз журналистер түрлі оқиғалардың ортасында жүреміз. Сонда адамдарға көмек көрсету біздің парызымыз. Осындай тренинг ұйымдастырып отырған Семей мемлекеттік медицина университетінің ұжымына үлкен рахмет.
Мәселен, жол көлік апатына түсіп қалғанда зардап шеккен адамды жедел жәрдем келгенше аман алып қалуға болатындығын журналистер қауымы тренинг барысында үйреніп, көріп білді. Әйтпеген күні тек медицина қызметкерлерін ғана тосып, өлім аузындағы адамды құтқара алмайтын да жағдайлар кезігеді екен.
-Біз бұл акцияны журналистерден бастап отырмыз,-деді университеттің оқу-жаттығу орталығының директоры Динара Мұқанова,-Қазақстанда медициналық көмек жетпей жатып, әсіресе жол апаты кезінде адамдар қайтыс болып кетіп жататын оқиғалар бар. Бұл қазірде 42 пайыздық көрсеткішті көрсетіп тұр. Сондықтан да парамедик болуды үйреніп алған жөн. Парамедик дегеніміз бұл медициналық білімі болмаса да, дәрігер келгенге дейін бір жағдай жасап, қиналып жатан адамның өмірін ұзартуға ықпал ету. Егер біз парамедиктердің қатарын көбейтсек, адам өмірін сақтап қала аламыз. Мәселен, Голландияда адамға алғашқы көмек беруді бала кезден, тіпті балабақшадан үйретеді. Журналистерден парамедик даярлау арқылы біз осы саланы халыққа кеңінен таратпақпы. Әсіресе адам өмірлерін сақтап қалғымыз келеді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА