2017 жылы музей қорына 1665 музейлік зат түскен. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Ғалия Теміртон мәлімдеді.
Ғалия Теміртонның сөзіне сүйенсек, қорды есепке алу және сақтау тобында 17 маман жұмыс істейді (қорды есепке алу тобы – 5 маман, қор сақтау тобы – 12 маман).
Бұл топтардың негізгі міндеті – белгіленген нормаға сай есепке алу құжаттары мен іс-қағаздарын жүргізу, музей құндылықтарының сақталуын қамтамасыз ету, ескерткіштерді қирау, ұрлану және бұзылудан қорғау әрі оларды зерттеуге мен насихаттауға қолайлы жағдай жасау болып табылады. Қор сақтау тобы мамандарының міндетіне тікелей қор коллекцияларын сақтау кіреді.
– Коллекция бойынша, деректердің түріне, материалына қарай біріктірілген музейлік заттар 15 қорға бөлініп, қор сақтаушы мамандардың материалдық жауапкершілігінде сақталады, – деді Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары.
Қор жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі қабылдау және жаңа түскен жәдігерлерді есепке алу, қорды толықтыру мен жабдықтау. Қорды жүйелі түрде толықтыру жұмыстары музей ісіндегі басты ғылыми бағыттардың бірі. Өткен жылы жинақталған материалдарды музей қорына қабылдау үшін ҚІК-ның 5 жиналысы өтіп, оның шешімі арнайы хаттамамен рәсімделген. 2012 жылдан бері фотоқұжаттар қорындағы музейлік заттардың сандық көшірмесін жасау (оцифровка) жұмыстары жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда Мемлекеттік Орталық музейінің қорында 266 500 сақтам бірлік мемлекеттік тіркеуге алынған. Оның ішінде: негізгі қор – 215 645 сақтам бірлік, ғылыми-көмекші қор – 49 593 сақтам бірлік уақытша қор – 1262 сақтам бірлікті құрайды. Музейдің негізгі қорындағы музейлік заттар мен коллекциялар Қазақстан музейлерінің ұлттық қорының құрамына кіреді, – деді Ғалия Теміртон.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ