Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати – Орталық Азия халқының ғылымы мен мәдениеті һәм әдебиетіне зор үлес қосқан үлкен майталман, халқымыздың тұңғыш тарихшысы, өз заманының озық ойлы, әмбебап дарын иесі. Ғалымның 500 жылдық мүшел тойы ЮНЕСКО құзырына ілігіп, 1999 жылы оны Қазақстан, Өзбекстан және әлемнің басқа да бірқатар елдері атап өтті. Сөйтіп ол Әбу Насыр әл-Фарабидің 1975 жылы өткен 1100 жылдық мүшел тойынан кейінгі, Қазақ елінің рухани, мәдени, ғылыми өміріндегі тағы бір ірі де елеулі оқиға болды.
1997 жылы Тараз университетінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары жиылып М.Х.Дулатидің өмірі мен шығармашылығына арналған конференция өткізді. Оның есімі бұрындары Қазақ КСР тарихында аталатыны болмаса, жалпы жұрт ұлы ғалым мен шығармашылығын жақсы біле бермейтін.
Мұхаммед Хайдардың классикалық атақты шығармасы «Тарих-и Рашидиге» құрметпен қол созған XIX ғасыр ғалымдарының бірі, әрі бірегейі Шоқан Уәлиханов. Ол Қашғарияға жасаған атақты саяхатында көптеген қолжазбалармен қатар «Тарих-и Рашидидің» ұйғыр тіліне аударылған нұсқасының да сәтімен қолына түскенін жазған.
Кейін ол шығарманың 20 бетке жуық тұсын орыс тіліне қысқарта аударды. «Тарих-и Рашидиді», сондай-ақ атақты Ресей шығыстанушылары В.В.Вельяминов-Зернов пен В.В. Бартольд та өз еңбектерінде пайдаланған.
«Тарих-и Рашиди» үлкен шығарма. Оны түгел аудару да оңай емес, көп уақытты керек етеді. Сол себепті Шоқан «Тарих-и Рашидиден» өзі барып, көзімен көріп қайтқан Қашғар мен Тибет туралы баяндалатын тарауларды ғана тәржімалаған. Айта кететін жайт, кез келген дерекке ықтиятпен қарайтын Шоқан автор ныспысындағы Дуғлат (Дулат) деген атқа көңіл аударған сияқты. Өйткені ол оның қазаққа қатыстылығын һәм жақындығын пайымдаған, білген.
Шоқан аудармаға аса мұқият қараған. Дегенмен оның түпнұсқадағы қайталау немесе ел тарихы үшін тікелей қатысы жоқ деп санаған кейбір жайтіне шұқшия тоқталмағаны байқалады.
Аударма «Тарих-и Рашидидегі» «Қашғардың жай-жапсары жайындағы тараудан» басталған. Шоқан оны «Қашғар жұртын сипаттау» деп атаған. Тәржімадағы «Тибетті сипаттау» «Тарих-и Рашидиде» 89-90-шы, «Ханның Тибетке газауаты» 92-тарауда сипатталған. Кісі, қала, өзен-су аттарын аударғанда Шоқан олардың арабша нұсқаларын да көрсетіп отыруға тырысқан. «Имам Алаадин Мұхаммед Хотанидің Кучлуктің қолынан шаһид болуы жайында әңгіме» және «Тарих-и Джаһангучайдан үзінді» атты 42-тараудан да біраз беттер аударылған.
«Тибеттің тау, үңгірлерінің орналасуы және [тибеттіктердің] нанымдары және [діні] жайында» 89, «Тибеттің ғажайып жерлерінің сипаттамасы» 90, «Ханның Тибетке газауат соғысына аттануы жайында әңгіме» 91 және «Тибеттің Нубра уалаятын жаулап алу» 93, «Кашмирді сипаттау» 97, одан арғы «Кашмирдің ғажайыптары жайында әңгіме» 98, сондай-ақ «Кітап авторының Урсангке жорығы, менің інім Абдолла мырзаның өлімі және осы жорықта болған оқиғалар жайында әңгіме» атты 108-тарауларды да Шоқан қысқа-қысқа етіп тәржімалаған.
Орта Азия тарихы дана Абайды да қызықтырған. Бірақ ойшыл ақын, неге екені белгісіз, қара сөздерінде Бабыр туралы жазғанымен, М.Х.Дулати туралы ештеңе айтпаған.
М.Х.Дулатиге XX ғасырда өмір сүрген қазақ оқымыстылары да көңіл аударған. 1935 жылы С.Ж. Асфандияров пен П.А. Кунте «Тарих-и Рашидиден» үзінді жариялаған. Ал 1941 жылы Әлкей Марғұланның «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты мақаласы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында оқушылармен қауышты. Әлкей ағаны Мұхаммед Хайдардың өмірі мен шығармашылығы, ата-тек шежіресі аса қызықтырған.
«Күншығыс әдебиетінің іргелі салаларын ақтарып отырсаңыз, Мұхаммед-Хайдардың кім болғаны, оның адамшылық тұлғасы көз алдыңызда суреттеліп, бұл кісі де сол кездегі Мір Әлішер Науаи, Бабыр сияқты Орта Азия көлемінен шыққан атақты данышпан ғалым, жазушылардың бірі екенін көресіз. Бұл кісінің сәулетті даңқын дүние жүзіне әлпештеп таратқан, әсіресе оның парсы тілінде жазылған «Тарих-и Рашиди» деген кітабы болды. Бұл кітап бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүниежүзілік әдебиет мұрасының бірі болып отыр. Мұхаммед Хайдар туысы жағынан ұлы жүз дулаттардан тарайды» деп жазады Әлкей аға.
Одан әрі ол: «Академик В.В.Вельяминов-Зерновтың анықтауынша, Мұхаммед Хайдар дулат руынан, текті атадан шыққан. Дулаттар тарихи заманнан келе жатқан түрік нәсілдес көп тайпалардың бірі. XVI ғасырларда қазақ қауымына қосылып, Алтын Емел тауынан Шымкентке дейін қоныстанып отыр. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, Мұхаммед Хайдар – дұғлат руы Болашы бидің ұрпағы. Дұғлат руы ол кезде атақты рулардан болып, Қашқар хандары әйелді осы рудан алатын болған. Мұхаммед Хайдардың өз әкесі – Мұхаммед Хұсайын Жетісу, Шу өзені, Талас бойын мекен еткен дулаттар ортасында туып-өсіп, оның ел билеген атақты адамдарынан саналған. Қазақтың Қасым ханы мен өзбектің Шайбани ханы Алтын ордадан қалған мұра – Сырдария бойындағы қалалар үшін жауласып жүргенде, Хайдардың әкесі – Хұсайын, оның әкесі – Мұхаммед Хайдар, дулат биі – Сұлтан-Ахмет – барлығы дулат руының тума бектері аталған қолбасылар. Олар бір жағынан Ферғанадағы Бабырға күш берсе, екінші жағынан Қасым ханды қолдап, өзбек Шайбани ханға қарсы тұрды. Хайдардың әкесі Хұсайын-көреген ол кезде өзінің қайын атасы, Моғұлстан ханы Жүніс ханның рұқсатымен мезгіл-мезгіл Ташкент пен Ұратөбе қаласын басқарды. Осы кезде келешектегі жазушы Мұхаммед Хайдар дүниеге келеді.
Тегінде, Ұлы жүз үйсін, дулат, шанышқылының Ташкент қаласын басқаруға қатынасуы тарихта аз болмаған. XVII-XVIII ғасырларда олардың беделі бұл қалада аса зор болған, ең соңғысы Төле бидің өзі көп өмірін осы қалада өткізіп, бірталай естелік қалдырған, өзі өлгеннен кейін денесі де сол қалада жерленген» дейді.
Әлкей Марғұлан мақаласында Жетісуда бұрын болған Моғолстан мемлекеті, оның халқының моңғол да, ұйғыр да, өзбек те емес, түркі тілінде сөйлейтін, кейінірек ұлы жүз құрамына кірген үйсін мен дулаттар, қаңлы мен шанышқылы, жалайырлар екендігі және олардың не моғол яки дулаттар деп аталғаны,оларды сол кездегі қазақ тайпаларының (ұлы жүздің) бірінші саяси одағы (бірлігі) деуге болатыны айтылады. Бұл пікір көңіл аударатын жайт.
«Дулаттар әлі күнге сол тарихи қонысында тіршілік жасап, қазақ халқының бір іргелі бөлігі болып отыр деп жазады әрі қарай үлкен ғалым. Ол кезде Дұғлат, бүгінде дулат аталуында еш қайшылық жоқ. Бұл сол тарихи дұғлаттардың кітапта дұғлат аталып, халық аузында дулат аталуы ғажап емес. Өйткені өткен ғасырдағы кітап тілінің әсерімен Абайдың өзі де көп сөздерді солай жазатын болған. Демек, Мұхаммед Хайдардың жазғандарын мұра етіп, Орта Азия халықтарымен бірге мақтаныш ететін, оның тікелей ұрпағы – қазақтың Ұлы жүз тайпасы, оның ішінде дулаттар».
Ә.Марғұлан атақты тарихшының өмір тарихына да тоқталған. «Тарихи жазулардың бірде-бірінде, – дейді ол, – Мұхаммед Хайдардың нақтылы қай жерде туғаны көрсетілмеген. Бірақ бұл мәселені өзге мәліметтермен анықтауға болады: біріншіден, оның әкесі Хұсайынның тіршілік жасаған орындары арқылы, екінші, анасы Хуб Нигар ханымның болған жерлері арқылы. Бұлардың екеуінің де тұрғылықты орындары Ташкент қаласының төңірегі болған. Әкесі Хұсайын Қасым ханмен бірге Шайбаниға қарсы соғысқанда осы Ташкент маңында қаза табады. Сондықтан Мұхаммед Хайдар осы Ташкент төңірегінде туған болуы керек. Мұхаммед Хайдардың анасы Хуб Нигар ханым Шағатай ұрпағы, Моғұлстан ханы – Жүніс ханның қызы. Ол Ташкент қаласын билеп, Алмалыққа дейін басқарған. Хайдардың жазуынша, Жүніс хан – көшпелі руларды отырықшылыққа айналдырып, қала салу ісімен шұғылданған кісі. Дегенмен Жүністің өзі де жазда жайлауға шығып, Арыс, Бөген, Шаян, Қаратауға дейін жайлап, көшпелі тайпалармен аралас отырады. Жүністің екі баласы – Ахмет Алаша мен Махмұд қазақ қауымының бірігуіне көп күш жұмсаған кісілер тобына кіреді».
Мұхаммед Хайдар Орта Азия мен Қашғар, Тибет пен Кашмир жайлы тәптіштей жазғанымен өзінің дәл қай жерде туғаны туралы айтпаған. Әйтсе де оның Кашмирдегі зиратына қойылған құлпытаста даңқты тарихшы Ұратөбеде дүниеге келген деп көрсетілген. Мұнда да бір шындық бар. Өйткені XV ғасырдың соңында Мырза Хайдардың әкесі Ұратөбе аймағын басқарған. Сонда тұрған.
«Хайдардың шешесімен бірге туысқан Жүністің бірнеше парасатты қыздары болған, – деп жазады Әлкей Марғұлан. – Оның бірі – Құтлығ Нигар ханым – атақты жазушы Бабырдың шешесі. Екіншісі – Сұлтан Нигар ханым – қазақ ханы Әдіктің бәйбішесі. Демек бұл қарым-қатынастың барлығы Мұхаммед Хайдарға бала күнінен таныс болмаса, ол «Тарих-и-Рашиди» кітабын да сондайлық жылы, сондайлық ашық жаза алмас та еді».
Әлкей Марғұлан тек Мұхаммед Хайдар ғана емес, оның маңындағы, оған жақын кісілер туралы да ұмытпаған. «Хайдардың жазуынша, Сұлтан Нигар ханым өз күйеуі Әдік сұлтан өлгеннен кейін Сыр бойында соғыс жиі бола берген соң, қырда тұра алмай, Қашқардағы туыстарына кеткісі келеді, – дейді Әлкей аға. – Өзінің өгей баласы, сол кездегі қазақтың ханы Таһирға арыз етіп: «Мен болсам қартайдым, Маураннаһр мен Рашид, қыпшақ арасы әлі түзелер емес. Қалған өмірімді қалада өткізейін, мені Қашқарға апарып, Сейіт ханның қолына табыс ет» дейді. Бұл кезде Сұлтан Нигар ханымның қалған төркіні тегісімен Ташкент, Түркістан төңірегін қалдырып, Қашқарға барғаны байқалады. Қейін олардың соңын ала жетім қалған Мұхаммед Хайдар да нағашысының қолына барады. Бұл жерде айтылып отырған Қашқар ханы Сейіт жоғарыда көрсетілген Жүніс ханның немересі, Сұлтан Нигар ханымның ағасы Ахметтің баласы.
1525 жылы Сейіт пен қазақ ханы Таһир араздаса бастағанда, Сұлтан Нигар ханым бұл екеуінің арасына бітім айтады. Екі ханның екеуі де (бірінің апасы, бірінің шешесі) бұл кісінің сөзіне бас иіп, татулыққа келеді. Мұхаммед Хайдар бұл туралы былай дейді: «Хан Қашқардан шығып, Қошқарға келеді. Бұл жерге мен де келдім. Маған айтты: сен Қашқарға бар да апайымды алып кел, Таһир ханмен екеумізді татулыққа келтірсін». Әдік ұлы Таһир ханның ол кезде аузынан жалын шығып тұрған еді.
Бұрынғы Моғұлстан қырғызды, үйсін, дулатты өзіне қаратып, қырғыз бен қазақты бірдей меңгеріп тұрған еді. Міне, осы оқиғаның ашық суретін біз бір ғана Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» кітабынан көреміз. Бұл суреттер, біріншіден, Мұхаммед Хайдардын туып-өскен ортасы кім екенін білдірсе, екіншіден, оның ол ортаны сондай жақсы біліп, оны кейінгі заманға мұра етіп қалдырғанын көреміз».
Орта ғасырлар туралы сөз болғанда кейде көреген (гураган) деген сөзге кездесеміз. Оны базбіреулер көреген, білгір деген мағынаға саяды. Әлкей Марғұлан ол туралы да қалам тербеген. «Мұхаммед Хайдар халық ортасында, көбінесе Мырза Хайдар деген атпен даңқты болған. Оған қосымша лақабы көреген, Мырза Хайдар – көреген. «Көреген» – ескі моңғол-түрік тілдерінде күйеу деген сөз. Орта ғасырларда хан қызын алып, ел басқарған би-батырларға «көреген» деген лақап беретін болған. Мағынасы – ел басқаратын ханның күйеуі. Бірақ ханның өзі емес. Бұл лақапты Хайдардың әкесі Хұсайын да, Әмір Темір де, тағы басқалар да иеленген. Лақап атынан басқа, жазған кітаптарында Хайдар өзінің қай рудан екенін білдіру үшін ресми атын Мұхаммед Хайдар Дұғлати деп жазған. Демек, ол шыққан руы дулат елі екенін көрсетеді.
Мұхаммед Хайдардың шыққан ортасы дұғлаттар екенін Хайдардың өзінен бастап басқа жазушылар да келтіреді. Мәселен, Орта Азияның атақты тарихшыларының бірі Хафиз Таныш өзінің «Абдулла нама» деген кітабында Әбілхайыр ханның баласы Беріш-ұғланды Жәнібек пен Керей ханның қалай өлтіргенін, дұғлат Хайдар мырза осылай жазады дейді. Осындай сәл ескертулердің өзі де Хайдардың казақ қауымының жүйрік, білгір, жеке дара адам екенін көрсетіп, оның қазақ қауымына аса жақын болғандығын дәлелдейді. Мұхаммед Хайдар шыққан дулат тайпасы өз заманындағы ұлыстардың алдыңғы қатарында болып, Моғұлстан кезіндегі саяси тіршіліктің ну ортасында болған».
Мұхаммед Хайдардың бабалары да атақты адамдар еді. Ол туралы Әлкей Марғұлан: «Дұғлат тайпасынан XV-XVI ғасырларда бірнеше атақты адамдар шықты. Олар: Әмір Темірдің Моғұлстанды жаулауына қарсы тұрған белгілі Камаридтен, Болашы, Түлек, Жорас деген кісілер. XV-XVI ғасырларда бұлардың аталары шағатай мемлекетінің үлкен астанасы Алмалық маңында болып, оларға қызмет етті. Алмалық – Жетісудағы ең үлкен қала. Сауда мен мәдениеттің, саяси тіршіліктің қайнаған ортасы болды. Хайдардың арғы аталары Дұғлат Бауырты, оның баласы Болашы Шағатай ұрпағы Есенбұқа мен Тұғлық Темірге қызмет істеп, Моғұлстанның атақты билерінен болған. Бұл екеуі де Тұғлық Темір дәуірінде Алмалық қаласы төңірегінде жасаған, Тұғлық-Темірдің әдемі күмбезі осы күнге дейін, сол ескі Алмалық қаласының өзінде, қазіргі Қорғас төңірегінде сақталғаны байқалады.
XIII-XIV ғасырларда Шағатай хандары мен Дұғлат билерінің жаз күні жайлаған жері – Іле өзенінің бойы, Ақкент деген жер. Қазіргі Жаркент (Панфилов) қаласына жақын тұрған. Хайдар аталарының тұрақты қонысы – осы Алмалық қаласының Жетісу өңірі. Өзге дулаттар Алмалықтан Ташкентке дейін созылып отырған. Бұл ара – ұлы жүз тайпаларының ескі дәуірлерден XIX ғасырларға дейін мекен еткен жері. Тарихи шежірелердің көрсетуінше Дұғлат Болашы би XIV ғасырдың бірінші жартысында жасаған кісі. Болашы мен Хайдардың арасында 6-7 ата өткен. Хайдардың түп атасы – Болашы Шағатай ұрпағы Есенбұқа мен оның баласы Тұғлық Темір заманында билік құрған кісі.
Мұхаммед Хайдар Қашқар уалаяты (Моғұлстан) мен Қазақстан туралы жазған тарихи кітабын Шағатай ұрпағы, Есенбұқа мен Тұғлық Темір тұқымы, Жүніс хан, Сұлтан-Ахмет және Сейіт хан баласы Рашит сұлтанға арнап, кітабының атын «Тарих-и-Рашиди» деп атайды.
Мұхаммед-Хайдар 1499 жылы Ташкент қаласының төңірегінде туады. Оның әкесі Мұхаммед Хұсайын – Дұғлат Бауырты мен Болашы бидің тұқымы. Ол қазақ ханы Қасыммен бірігіп, Шайбани ханмен жауласып жүргенде, 1508 жылы Шайбани әскерінің қолынан өледі. Сегіз жасар Хайдар әкесінен жетім қалып, үш-төрт жылдай өзінің бөлесі, атақты жазушы Бабырдың қолынан тәрбие алады. 13 жасқа жеткенде, Хайдар өзінің тума нағашысы Жүніс ханның немересі, атақты Сұлтан Ахмет Алаша ханның баласы, Қашқар өлкесін билейтін Сейіт ханның қолына келіп, оның қарамағында 20 жыл бойы әрі би, әрі әскербасы болып қызмет атқарады. Сейіт хан өлген соң, оның баласы Рашид сұлтанға уәзір болады, бірақ Мұхаммед Хайдар Рашид сұлтанмен келісе алмай, қайыра Бабырдың балалары Қамран мен Ғұмайынның касына барып, олар арқылы Қашмир уалаятын басқарады. Сөйтіп Кашмир өлкесін басқарып тұрғанда, 52 жасында сол жерде дүние салады».
Әлкей Марғұлан «Тарих-и Рашидиге» үлкен мән беріп, жоғары бағалаған. «Кейін есейіп ер жеткен шағында Мұхаммед Хайдар шын мағынасында Күншығыстағы даңқты адамның бірі болып, Орта Азия мен Казақстан халықтарының әдебиетіне, оның тарихына зор үлес қосады.
Күншығыс халқын зерттеуші ғалымдардың айтуынша, Мұхаммед Хайдардың атын жоғары көтеріп, оны жұртқа танытқан, әсіресе оның «Тарих-и-Рашиди» атты кітабы болды. Бұл шығарманың Күншығыс жазушыларына берген әсері сонша еді, олар Мұхаммед Хайдардың тарихи жазуларына ерекше баға беріп, оның кейбір жерлерін өздерінің жазған кітаптарында пайдаланып отырады. XVI-XVII ғасырлардағы Үндістан мен Орта Азия тарихшыларынан Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и-Рашиди» кітабын пайдаланбағандары кемде-кем-ақ. Оның ішінде Үндістанның Еуропа әдебиетіне белгілі тарихшысы Мұхаммед Қасым Фиришта Бадахшан, Кашмир уалаяты туралы жазғанында, оның мағлұматын бір ғана «Тарих-и-Рашиди» кітабынан алады. Мұхаммед Қасымның айтуынша, «Тарих-и-Рашиди» – Орта Азия тарихы туралы жазылған шығармалардың ішінде ең мағыналысы және мағлұматы ең дұрысы, ең толығы болып саналған».
Мұхаммед Хайдарды оқыған Күншығыс ғалымдарының ол туралы жылы сөз айтпай калған бірде-бірі жоқ. Үндістанның атақты ғалымының бірі – Ағзам. Ол Мұхаммед Хайдардың Кашмир өлкесі туралы жазғанына зор қуаныш көрсетіп, өзінің «Қашмир тарихы» деген кітабында Мұхаммед Хайдардың әдебиеттегі орнына ерекше баға береді. «Мұхаммед Хайдар Күншығыс ғылымын терең білген данышпан адам еді. Оның үстіне ол қаламынан сөз құйылған талантты ақын болды. Оның «Тарих-и-Рашиди» кітабы болған оқиғаны төндіре айтуда ең инабатты шығарманың бірі» дейді.
Қазақ тарихындағы үш бәйтерек – Мұхаммед Хайдар Дулати, Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан шығармашылығының игі сабақтастығы осындай. XIX ғасырда өмір сүрген Шоқан Уәлиханов, XX ғасыр перзенті академик Әлкей Марғұланның да өз елінің тарихы мен оның Мұхаммед Хайдар сияқты дана перзентіне деген құрметі, сүйініші ерекше болғандығы жан сүйсінтеді.
«Тарих-и Рашиди» әр жылдары ағылшын, орыс, қазақ, қытай, ұйғыр, өзбек тілдеріне аударылды. М.Х.Дулати туралы Шымкент театры спектакль де қойды (пьеса авторы Байғали Есеналиев).
Ол туралы белгілі ғалым Ислам Жеменей мен жас оқымысты Манзура Қалиекова және т.б. кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақфильмнің» түсіру тобы (менің кеңесші болуыммен) Үндістанның Дели, Нью-Дели, Каннаудж, Кашмиріне де арнайы барып, ол жайлы деректі фильм түсірді. Алматы мен Астана көшелеріне, Тараз университетіне ұлы ғалымның аты беріліп, бас ғимараты алдына ескерткіші қойылды.
Мұны өткенді сыйлаудың нағыз мысалы деуге болады. Бұл бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұл-қыздары, азаматтары үшін қашанда үлгі болса керек.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор