Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «KADEX-2018» отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді
– Бейбіт Бәкірұлы, жақында Астанада дәстүрлі «KADEX-2018» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық жабдықтар көрмесі өтетіні белгілі. Дәстүрлі көрменің жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді, екі жыл бұрын екі жүзден астам шетелдік компания келіп қатысқанын білеміз. Биыл қанша ел қатысады деп жоспарланып отыр?
– Өзіңіз білетіндей, бұл көрме 2010 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт аралығында қорғаныс өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасында оңтайлы байланыс орнату және қорғаныс күштерін технологиялық тұрғыда жаңғырту мәселелері жөнінде тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
23-26 мамыр аралығында елорда халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында өтетін мерейтойлық V Халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қорғаныс министрліктері мен мекемелердің басшылары, сондай-ақ алыс-жақын шетелдік ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр. Биыл көрме алғаш рет Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіледі.
Бүгінгі күні Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Иордания, Әзербайжан, Египет, Израиль, Италия, Моңғолия және басқа елдердің 43 ресми өкілі көрмеге қатысатынын растады. Сонымен қатар 100 шетелдік кәсіпорынның басшылары «KADEX-2018» көрмесіне қатысуға ниет білдірді.
Экспонент ретінде биылғы көрмеде Беларусь, Бельгия, Болгария, Бразилия, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Қытай, Нидерланд, Ресей Федерациясы, АҚШ, Сербия қатарлы әлемнің 30 елінен 300 кәсіпорын өз өнімдерін көрсетеді.
Көрмеде әлемнің жетекші өндірушілерінің қару-жарақ және әскери техника, әскери және екі мақсаттағы өнімдері, ғарыш техникалары мен технологияларының үлгілері, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы әзірлемелері ұсынылады.
– «KADEX-2018» аясында қандай шаралар өтеді? Бұл жолғы көрменің қандай жаңалығы бар?
– Көрмеге қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласындағы отандық және шетелдік кәсіпорындар, жетекші конструкторлық бюролар, ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша ғылыми-зерттеу институттары қатысады. Жоғырыда айтып өткенімдей, шараның аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соған сай жоспарланған шаралар қатары да ауқымды. Биыл көрмеге келушілер қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен ғарыш саласының соңғы жетістіктері мен келешегі бар ғылыми жаңалықтармен, сонымен бірге ашық көрме алаңында 124 бірлік құрлық техникаларымен, 18 бірлік әуе және ұшқышсыз басқарылатын техникалармен таныса алады.
Көрме аясында 10 павильон жұмыс істейді, олардың ішінде Түркия, Қытай және Ресейдің 3 жеке павильоны, қазақстандық «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС, «Қазтехнология» АҚ кәсіпорындарының павильондары, одан бөлек, космонавтика саласының жетекші үлгілері ұсынылатын ғарыш қызметіне арналған павильон алғаш рет қойылып отыр.
Бұдан бөлек шара барысында Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің үлгілік көрсетілімдері мен отандық әскер қаруларының санатындағы жауынгерлік техника мүмкіндіктерінің көрсетілімі болады.
Атай кету керек, осы жылғы көрмедегі ерекше жаңалық – оның аясында алғаш рет «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы өтеді. Сондай-ақ көрменің орталық диалогтық аумағы ретінде «Cyber and Digital Security» және «Advanced Def Tech» конференциялары ұйымдастырылады. Бұл шараларда әлемнің түрлі елінен келген мамандар мен сарапшылар қорғаныс өнеркәсібі, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш қызметі мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері төңірегінде пікір алмасып, заманауи кезеңдегі киберқорғаныс жөніндегі мәселелерді талқылайды.
Осы орайда Көрменің алғашқы күнінде «Қазғарыштың» 25 жылдығына арналған «KADEX-2018» эмблемасымен бірге арнайы пошта мөрқалыбы соғылған алғашқы күн конвертіне пошталық марканы соғу салтанаты өтетінін айта кеткім келеді. Дәл осы күні Жерді қашықтықтан зондтау қазақстандық спутнигімен көрме аумағында ғарыштық түсірілім болады, одан кейін ол түсірілім аккредиттеуден өткен БАҚ арқылы көпшілікке таратылады.
– Көрмеде Қазақстанның қорғаныс индустриясындағы қандай жетістіктер көрсетіледі?
– Көрмеде қазақстандық қорғаныс кәсіпорындары өндірген қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың заманауи үлгілері көрсетіледі.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы өз өнімдерін көрсететін жеке павильон ұсынады, ол жерде Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жетекші әзірлемелері таныстырылады.
Өз өнімдерін ұсынатындар қатарында «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» бар. Бұл – «KADEX-2018» көрмесінде жаңа үлгідегі құрышпен қапталған дөңгелекті «Барыс», «Арлан» және «Алан» машиналарын ұсынатын еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп саласының көшбасшы кәсіпорны.
Электронды-оптикалық өнімдерді өндіретін табысты жобаның бірі – «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС. Зауыт көрмеге барлау және бақылау құралдары, оптикалық нысаналар, түнде көру құралдары, радиостансалар сияқты өз өнімдерін қояды.
«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Семей машина жасау зауыты» АҚ көрменің әлеуетті тапсырыс берушілері мен қатысушыларының назарына шынжыр табанды тасымалдау-тартқышын (ШТ-Т) көрсетеді, ол жоғары өтімділікті негізгі корпусы және алдыңғы жетекті доңғалақтары бар жоғары жылдамдықты жүзу машинасы. Ол машина экологиялылығы, құрылымының қарапайымдылығы, жөндеуге өте жақсы жарамдылығымен ерекшеленеді және құмды жерлерде төмен жүктеме қабілетімен күрделі климаттық жағдайлардағы жұмыстарға пайдалануға арналған.
«Тыныс» қазақстандық зауыты көрмеде әлеуетті құрылымға арналған амуницияны, сонымен қатар автокрандар мен арнайы техниканы ұсынады. Кәсіпорын «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы павильонында брондалған жилеттерді, брондалған жүйелерді, жүк түсіргіш жилеттерді, тактикалық белдіктерді, танк шлемофондарын, оқтан қорғайтын дулығаларды, соққыға қарсы қалқандарды қояды.
Бұл бірнеше мысал ғана. Құрышты танк қару-жарақ және техника әуе шабуылына қарсы қорғаныс, ату қарулары және басқа да салаларда жобалар бар. Яғни біздің кәсіпорындар бүгінгі таңда ҚӨК саласында көптеген жобаларды жүзеге асырып отыр. Бұл Қазақстан қорғаныс өнеркәсібінің жаңа даму деңгейіне шыққанын дәлелдейді.
Біздің міндетіміз тек әскери және арнайы мақсаттағы өнімді шығару мен кооперациялық ынтымақтастықты дамыту ғана емес, сонымен қатар отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені өнімінің әлемдік қару-жарақ нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату.
– Бейбіт Бәкірұлы, енді көрмені өткізуден күтілетін нәтижелерге аз-кем тоқталып өтсеңіз. Жалпы, «KADEX-2018» көрмесі елімізге не береді? Іс-шараның аясында келісімшарт жасау, келісімдер мен меморандумдарға қол қою секілді жоспар бар ма?
– Әрине бұл іс-шараға үлкен үміт артылып отыр және менің ойымша көрме еліміз үшін нәтижелі болады. Біз ұйымдастыру барысында көрменің демонстрациялық бөлімімен қатар, іс-шараның практикалық бөлігіне де барынша назар аударып отырмыз. Яғни әскери-техникалық және ғарыштық ынтымақтастық саласында бірқатар алыс-жақын шетелдер ұйымдары мен компанияларымен бірқатар құжаттарға – меморандумдар мен келісімшарттарға және келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде әскери-техникалық ынтымақтастық, киберқауіпсіздік және бейбіт мақсаттарда ғарыштық кеңістікті бірлесіп зерттеу салаларындағы әріптестіктің дамуына ықпал ететіні сөзсіз.
«KADEX-2018» көрмесі мемлекетаралық қатынастар мен сыртқы саяси көзқарастарға қарамастан, түрлі елдердің бизнес өкілдері, әскери мақсаттағы өнімдерді құрастырушылары мен өндірушілері, салалық министрліктер мен ведомстволардың мамандары үшін конструктивті диалогтық алаң болады.
Тұтастай алғанда, көрме аясында әскери-техникалық және ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына және дамуына бағытталған 50-ге жуық меморандум, келісімшарт, келісімдер және хаттамаларға қол қою жоспарлануда. «KADEX-2018» көрмесі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ғарыштық сала мен киберқауіпсіздік кәсіпорындары үшін маңызды оқиға болып, олардың халықаралық алаңда дамуына серпін береді деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»