• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2018

Ақтауда музыкалық-драма театр ашылды

2114 рет
көрсетілді

Маңғыстау музыкалық драма театры – еліміздегі ең жас театрлардың бірі. 2002 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан жастарының форумына арнайы келген Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа жастар Маңғыстауда театр ашу туралы ұсыныс айтқан болатын. Елбасы тапсырмасымен 2003 жылы 21 нау­рызда Ақтау қаласының орталығынан бүгін маңғыстаулықтар мен театр саласы қызметкерлері 15 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан музыкалық-драма театры ашылды.  

Мамандар алдында театр ашу үшін алдымен актерлер табу мәселесі тұрды. Осы ой же­тегін­де театрды құрылған күн­нен бү­гінге дейін жемісті бас­қа­рып ке­ле жатқан басшы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері, «Одақ мәдениетінің үздік қызметкері», «Құрмет» ор­­де­нінің иегері Нұрнияз Мұқа­нов Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­де­миясына арнайы барып, жас тү­лектерді жаңа театрға жұмысқа ша­қырды. Оқу орнын бітірген бой­да Маңғыстауды бетке алған өндір­дей жас 50 актер келе іске кі­рісті. Тәжірибелі басшыға талапты жастар – актерлер мен жас режиссер жолықты. Ре­жис­серлік тізгінді қолына ал­ған Гүлсина Мерғалиева актер­лер­мен бірге тынбай жұмыс­танып, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жі­бек» және Т.Әліпбаевтың «Томи­рис» шығармаларымен сах­на шы­­мыл­дығын ашты. Қазір театр­ға жас мамандардың қыз­мет­ке ке­луі тұрақты сипат алды. Жас, жа­­­ңашыл, жетістіктері мол, жос­пар-жобалары күрделі театрға жас­тардың қызығушылығы басым.

Он бес жыл театр ұжымы үшін шынайы ізденістің, қалып­тасу­дың кезеңі болды, олар кө­рер­мен көңілінен шығуды бас­ты орынға қойды. Көрермен жүре­гіне жол табу қажеттігі театр бас­­шылығы мен актерлерінің әрбір қойылымға, әрбір сөз бен әре­кетке, тіпті сахнаның тақы­­рыпқа сай безендірілуі мен кейіп­­керлердің тартымды кос­тюм­­деріне деген талапты, өзін­дік сынды күшейтті. Бүгінде әлем және қазақ классиктерінің 72 шығармасын сахналап, респуб­ликалық, халық­аралық театр байқауларында бірнеше мәр­те топ жарып, жүлде ен­ші­леген, рес­пуб­ликадағы үздік үш театр­дың бірі саналған теа­т­р жетіс­тігінде осы шымыр сын, тегеурін­ді талап және жұрт ал­дындағы жауап­кершілік пен сахнаға деген құрмет жатыр.

Жастар ойы мен ойнауының жемісі – 2004 жылы эклектика жанрында Абайдың 38-ші қара сөзі желісінде сахналанған «38 немесе Қарақұрт» қойылымы VII «Шабыт» халықаралық шығар­машыл жастар фестивалінде, 2009 жылы Қазан қаласында Түркі халықтарының ІХ халықаралық «Наурыз» фестивалінде, 2007 жылы А.С.Пушкиннің «Моцарт и Сальери» пьесасы негізінде дайын­далған «Или Моцарт? Или Сальери?» спектаклі Каир қала­сында өткен халықаралық экс­пе­риментальды театрлар фес­тива­лінде, Ә.Кекілбаев «Шы­ңы­рау» повесі бойын­ша жа­зыл­ған дра­малық қойылым­ның 2016 жылы Ақтау қала­сында өткен «Әбіш әлемі» Бірін­ші республикалық театр фести­валінде Бас жүлдені иеленуі – театрдың шығармашылық тегеу­рінінің қаншалықты көтеріл­гендігін айғақтайтын дәлел. Ал театр ұжымы еншілеген ал­­дың­­ғы орындар мен арнаулы жүл­­делерді санамалап жатудың өзі артық. 2006 жылы аталмыш өнер ордасына белгілі актер Нұр­­мұхан Жантөриннің есімі берілуі – маңғыстаулықтарды бір ме­рейлендірсе, актерлерді қанат­тандыра түсті. Театрлықтар жұрт­шылыққа тек сахнада қойы­лым ұсынумен ғана шектелмей, өңірдің, еліміздің мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі деңгейдегі алуан шаралардың бел ортасынан табылатындығымен де қуантады.

Театр жұмысы тек сахнадағы актерлердің қызметімен ғана шектелмейді, ұжым аясында киім, аяқ киім және ағаш цех­тары, гримдеу, реквизит, кос­тюмдер бөлімдері, қойы­лым және көркемдеу бутафор цехы, жарық беру және дыбыс цехы деген сан-сапат бөлім­дер еңбек етіп, қойылым мазмұ­ны­ның өз деңгейінде ашылуына сандаған адамдар мігірсіз жұмылуда. Маңғыстау театры ғимаратының кең қанатты жұмысқа тарлық етіп, кей жағдайларда мүмкіндікті шектеп қоятынына қарамастан, ұжым өзара ұйымшыл, алдына қой­ған мақсатқа жету жолында жұдырықтай жұмыла түседі.

Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық музыка­лық-драма театры 15 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті. «Театр әлемі» шарасында театр ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтсе, белгілі актерлерге арнайы марапаттар табысталды. Он бес жылдық тарихтан сыр шертер көрме жасақталып, белсенді, шебер актерлердің кітабы жарық көрді.

Салтанатты шарада театр жұ­мысын жоғары бағалаған Маң­­ғыстау облысының әкімі Е.Тоғ­жанов ұжымға су жаңа автобус­ты сыйға тартып, мемлекеттік «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл қыркүйек айында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Н.Жантөриннің 90 жыл­дық мерейтойы аясында Кас­пий жа­ғалауы елдерінің II халық­ара­лық театр фестивалін өткізу жос­пар­ланғанын жеткізді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы