Араға 6 жыл салып «Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды. Кезінде атағы дүркіреген, тарихы терең ұжым кәрі құрлықтың ірі додасына жолдама алды. Үлкен дағдарысты бастан өткерген италиялық клуб алпауыттардың апшысын қуырамыз деп отыр.
Негізі чемпионатты тамаша бастаған «Интер» белортаға келгенде тұралап қалды. Керек емес жерде ұпай жоғалтып, аутсайдерлермен тең ойнап, әбден берекесі қашты. Бірақ бас бапкер Лучано Спалетти жағдайды қалпына келтірді. 37-турда «Интер» өз алаңында «Сассуолоға» жеңіліп, жағдайды ушықтырып алды. Тіпті көптеген фанаттар келер жылы Еуропа лигасында ойнайтын болдық деп көңілдері түсіп те кетті. Бірақ...
Бірақ негізгі бәсекелес «Лацио» күтпеген жерден опық жеді. «А» сериясындағы орнынан айырылып қалған аутсайдер «Кратонемен» 2:2 тең түсіп, 2 ұпайға зәру болып қалды. Миландық клубтың үміт оты қайта жанды. Күнтізбенің де кестесі алдын ала болжанып жасалғандай, соңғы турда «Интер» мен «Лацио» кездесетін болды. Рим командасы өз алаңында жеңіліп қалмай, тең түскеннің өзінде үздік төрттіктен түспейтін. Тіпті, ойынның 9-минутында гол соғып, есепте алға шықты. Жиырма минуттан соң Дамброзио таразы басын теңестіріп тастады. Дегенмен, Андерсонның голынан соң алаң иелері қайтадан жеңіп жатты. Аргентина құрамасынан орын ала алмай жүрген Мауро Икарди пенальтиден гол соғып, есепті қайта теңестірді. 79-минутта Сенад Лулич қызыл қағаз алып, «Лационы» жар шетіне тақады. Жығылғанға жұдырық болғандай 81-минутта Матиас Весино бұрыштамадан гол соғып, «Интерге» жеңіс сыйлады. Осы голдың арқасында қос команданың ұпайы теңесіп, жеке ойындар көрсеткіші бойынша «Интер» 4-орынға шықты. Себебі «Интердің» алаңында өткен алғашқы айналымның ойыны 0:0 аяқталып еді.
Осындай драмаға толы матч «Интер» фанаттарының еңсесін көтеріп тастады. Араға алты жыл салып «Интер» Чемпиондар лигасына қайта оралды. Сонымен қатар Италияның тағы бір даңқты клубы «Парма» «А» сериясына өтті. Олар осыдан
3 жыл бұрын банкрот болып, «Д» сериясына түсіп қалған болатын. Дағдарыстан жол тапқан «Парма» қытайлық инвестордың арқасында қайта көтерілді. Клубтың вице-президенті Эрнан Креспо келесі жылға жойқын жоспарлар құрып отыр.
«Парма» демекші, осы клубтың сапында аты шыққан Джанлуиджи Буффон соңғы турда «Ювентуспен» қош айтысып, стадионға жиналған қалың көрерменнің жүрегін елжіретті. «Веронамен» өткен матчтың 63-минутында Буффон алаңдағы орнын әріптесіне босатып беріп, енді «Ювентус» қақпасының кілті менде емес дегенді білдірді. Туриндік жанкүйерлер аты аңызға айналған қақпашыны тік тұрып шығарып салды. Италиялық журналистердің жазуына қарасақ, көз жасына ерік беріп, Буффонмен бірге жылаған жанкүйерде есеп болмапты.
Айтпақшы дәл осындай оқиғаға шамалас жағдай Испания Ла-лигасында да орын алды. «Барселона» – «Реал Сосьедад» арасындағы ойынның 82-минутында Андреас Иньеста алаңдағы орнын Пако Алькасерге босатып берді. Атақты жартылай қорғаушы «Барселона» сапындағы соңғы ойынын өткізді. «Ноу Камп» трибуналары да Андреасты қимастықпен шығарып салды. Айта кетейік, Иньестаның соңғы матчына Араб түбегінде жүрген жан-жолдасы Хави де келіп тамашалады. Әлем футболының тарихында Хави мен Иньеста тандемі алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Пиреней түбегінің «мен» деген баспасөзі бұл екеуінің «Барселонамен» қош айтысқанын Испан футболының бір дәуірі аяқталғанымен теңдестіріпті.
Жақында ғана Еуропа лигасын жеңген Фернандо Торрес те футболмен қоштасып, «Атлетико» жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Алғыр шабуылшының қоштасуы да біршама жанкүйердің көңілін босатып кетті.
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»