Бөжілдек көкемнің... (құдай өзі кешірсін, шын атын ұмытыппын) мына өмірге, қоршаған ортаға, соның ішінде бізге деген өкпе-ренішінде шек жоқ. Алда-жалда ауылға бір ат ізін салып бара қалғанда, амандаса алмай кетсең, келесі жолы міндетті түрде:
– Естідім. Әнеугүні келіп кетіпсің. Осы көкемнің қолын ап, сәлем берейін деуге жарамадың-ау? – деп торсаңдап тұрады.
– Ой, көке, кешіріңіз, өте асығыс боп...
– Әне, бізге келгенде сөйтесің. Өмірі қолың да тимейді, жолың да түспейді. Кедей көке кімге керек десейші одан да!
Әрі қарай ақталып жатудың өзі артық.
Ал кейде, сәті түсіп, арнайы қолын алайын деп бара қалсаң... апыр-ай, қара аспанды төндіріп, жер жаһанды суға алғызып бөжілдей жөнеледі. «Ел бүлінді, адам азды, мал азайды, көрші-қолаң шетінен күншіл, ұры...» Қойшы, әйтеуір, барлық пәле үйіліп-төгіліп, бір пәсте біздің ауылдың басына кеп төне қалады.
«Аш құлақтан, тыныш құлақ жақсы» деген. Бұдан кейін үндемей-ақ құтылуға асығасың.
Ес білгелі осы үйде бір қуаныш, үлкен той болыпты дегенді естіген емеспін. Құдай өзі Бөжілдек көкеме сай етіп қосқан Қарақыз шешем келіндерімен сыйыспаған соң, балалары еншісін де алмай, жан-жаққа көшіп кеткен...
Міне, бүгін де Бөжілдек бөж-бөж етіп, қарағаштың түбіне жиналған бір топ кісінің ортасында қақсап-сарнап отыр.
– Ә-ә, келдің бе, бала? – деді менің ұсынған қолымды самарқау ғана алып. –Үкіметте не жаңалық? Пенсияны көбейтеміз дей ме?..
– Білмейм...
– Жағдай оңбай тұр десейші.
– Енді...
– Айтам ғой!..
Ал содан, басталды да кетті. Со баяғы таусылмайтын гөй-гөй. Қарап отырып шаршайсың. Жігерің құм болады. Төзімің таусылады. Ал содан соң, қолды бір-ақ сілтейсің...
Қайтып келе жатып осы көкемнің қайсыбір жылы ақша ауысқанда екі аяғы жерге тимей, бір түйіншек ақшасын қолтығына қысып алып, ауыстыратын жер таппай, күндіз-түні сабылғаны есіме түсті.
Сонда жұрт оған күліп еді-ау!
«Апыр-ай, әншейінде аузынан «жоқтан» басқа сөз шықпайтын Бөжілдек бай екен ғой, білмей жүріппіз!» дескен.
Ал мен болсам, қазір де осы көкемнің кедей екеніне біртүрлі сенбеймін.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»