«Астана Опера» театрында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы халықтар арасындағы бeйбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ciңipгeн ерен еңбегі үшін қазіргі таңдағы ең атақты сценографтардың бірі – Эцио Фриджериоға ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
Айтулы сценографтың есімі барша әлемге әйгілі. Эцио Фриджерионың өнерге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Заманауи хореографияның дамуындағы елеулі оқиға – оның музыкалық театр саласындағы жұмыстары. Фриджерионың Джорджо Стрелермен бірге жүзеге асырған Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» (1971ж.) және «Фальстаф» (1980 ж.), Р.Вагнердің «Лоэнгрин» (1981ж.), В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» (1973 ж.) және т.б. опера қойылымдары әлемдік танымалдылыққа ие болып, ХХ ғасырдағы опера театрының классикасына айналды.
Ол «Астана Опера» театры сахнасындағы көптеген атақты балет және опера спектакльдерінің сценографиясын жасады. Өзінің жұбайы – «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиномен бірге қазақстандық музыкалық театрдың дамуына елеулі үлес қосты. Елордалық театрдағы қойылымдарға жасаған бірегей жұмыстарының қатарында – А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай», Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй», Ж.Бизенің «Кармен», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», М.Петипаның «Баядерка», Л.Минкустың «Дон Кихот» туындылары бар.
– Сіздің «Астана Опера» театрына арнап жасаған спектакльдеріңіз – қазақстандық өнеріміздің маңдайалды туындылары. Олар опера және балет жауһарларының әлемдік қазынасына енері сөзсіз. Одан әрі жемісті серіктестікке сенім білдіре отырып, сізге ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз, – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде, Эцио Фриджерио еліміздің басшылығына, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, «Астана Опера» театрының дирекциясына осынау жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, «Достық» орденімен марапатталған тұңғыш италиялық атануы ол үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Сценограф Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстандағы мәдениетті қолдаудағы маңызын ерекше баса айтты. Қоюшы сценографтың сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени көпір нығайып, одан сайын берік бола түскен.