Оңтүстік Қазақстан облысы үшін Өзбекстанмен шекаралас болу экономиканың барлық салаларында екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер беруде. Күні кеше Шымкентте өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумының мақсаты да іскерлік қарым-қатынасты дамыту.
Өзбекстан Республикасы Орталық Азиядағы Қазақстанның негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі. Өткен жылы екіжақты сауданың көлемі 30 пайызға артып, 2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда айналым өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Биыл сауда айналымын, екі ел президенттері тапсырмасы бойынша, 3 миллиард АҚШ долларына дейін, ал 2020 жылға қарай 5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту көзделуде. Бұл орайда оңтүстік өңірі айтарлықтай үлес қосуда. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 11,7 пайызға артты. Ал осы жылдың соңғы үш айының көрсеткіші бойынша ОҚО мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 125,7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен Өзбекстанға 73,1 млн АҚШ доллары болатын өнім экспортталса, ол жақтан бізге 52,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі тауар импортталған. Екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров, Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен қос елдің 400-ден астам кәсіпкері қатысқан форумда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті. «Қазақстан мен Өзбекстан – өздерінің тәуелсіздіктерін нығайтып, болашаққа батыл қадам жасап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дипломатиялық қатынастары өзара сенімге негізделе отырып дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда. Сондықтан да қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Бүгінгі іс-шара осы айтылған міндеттерді жүзеге асыруда септігін тигізері анық. Бұл өзара ынтымақтастыққа және екі ел арасындағы берік бауырластық қатынастарды орнатуға бағытталған тағы бір қадам», деді облыс әкімі. Ал Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ форум барысында қазіргі уақытта шекара бойындағы ынтымақтастық халықаралық орталығын құру туралы мәселе қаралып жатқаны мәлім етілді. Форумның басты идеяларының бірі өнімдерді ең ірі әлемдік нарықта, соның ішінде Қытай мен ЕАЭО-да бірлесіп шығару екенін айтқан ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров аймақтық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Бұл ұсыныс Өзбекстан тарапынан қолдау тапты. Бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында ынтымақтастықты дамыту, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайы да форумға қатысушылар талқылауынан тыс қалған жоқ. Іскерлік кеңестің бірінші кездесуі де осы форум барысында алғаш рет өткізілді. Екі ел кәсіпкерлерініӊ қатысуымен В2В форматында келіссөздер жүрігізіліп, бірқатар бағытта іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік беруде. Ташкентте дәрі-дәрмек шығаратын «Dentafilgrup» компаниясы өз өнімдерін Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспорттап келеді. Компанияның өндіріс жөніндегі директоры Ш.Усмановтың айтуынша, Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасап отыр. «Бүгінгі форумда бірқатар қазақстандық компаниялармен келісім жасадық. Жалпы, біздің кәсіпорын дәрі-дәрмектің 100-ден астам түрін шығарады, 400-ге жуық қызметкеріміз бар. Шикізат, яғни дәрілік өсімдіктердің өз жерімізде өсірілуі өнімнің сапасына оң әсерін тигізуде. Бағаның қолжетімді болуына, өнімнің сапасына ерекше назар аударамыз», дейді Ш.Усманов. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер де көршілермен қарым-қатынасты нығайта түсуге мүдделі. «Біз Өзбекстанмен көптен бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Ал бүгін бір компаниямен 30 млн АҚШ долларына және екінші бірімен 10 млн долларға өз өнімімізді жеткізуге келісім жасадық», дейді «Феррум-Втор» ЖШС-ның басқарушы директоры Б.Альтеев. Ал бизнес-форумға Астанадан келген «Қазақстанның май-тоңмай одағы» қауымдастығының президенті К.Невзоровтың айтуынша, Өзбекстанда тәтті тағамдар, май-тоңмайдың тапшылығы байқалады. «Сондықтан бізге нарықта орын жеткілікті және өнімдеріміз сұранысқа ие болатын басқа елдерге шығуға мүмкіндік бар. Бүгінгі форумда біз көрші ел нарығындағы өз орнымызды нығайтып және кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді К.Невзоров.
Облыста аграрлық секторда кластерлік қанатқақты өндіріс құрудың барлық мүмкіндіктері бар. Тоқыма кластерін дамытуда фармацевтика, тамақ өндірісінде де қос ел кәсіпкерлерінің бірлесе атқаратын жобалары табысты болары анық. Туризмді дамыту бойынша да форумға қатысушылар өз ұсыныстарын жеткізді. Оңтүстікте болған туристердің көрші елге сапарлауына немесе керісінше оңтүстікке келуіне мүмкіндік жасау аса қиын емес. Жалпы, қатысушылар ауқымды идеяларға жол ашқан форум өз нәтижесін беретініне сенімді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»