Түркия астанасы Анкарада қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың түрік тілінде жарық көрген «Менің атым Қожа» кітабының тұсауы кесілді. Бұған дейін әлемнің 67 тіліне тәржімаланған айтулы шығарма бауырлас түрік тіліне тұңғыш рет аударылып отыр.
Шығарманы түрік тілінде сөйлеткен аудармашы Жамилә Кынажы: «Менің атым Қожа түрік руханиятын байытып, көпшіліктің сүйікті кітабына айналатынына нық сенімдімін. Соқпақбаев ұлттық бейнесі күшті адам. Ол бір баланың көзі арқылы тұтас ұлттың бейнесін береді. Кейіпкер Қожа кішкентай болғанымен оның дүниетанымы кең. Ол үнемі әділдік пен адалдықты ту етеді. Біз бір-біріне қатты ұқсайтын бауырлас халықпыз. Түріктің баласы мен қазақтың баласында айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, қазақтың Қожасы – біздің де Қожа» дейді.
Еске салар болсақ, санаулы күндер бұрын Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығына орай Түркия елінде Қазақстан күндері басталған болатын. Осыған орай екі елдің рухани мұрасын одан әрі жақындата түсетін бірқатар мәдени шаралар легі жоспарланған.
Кітаптың таныстырылымында повесть желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» филімін бұған дейін тамашалап үлгергенін айтқан түрік жастары, Қожа бейнесін кітаптан оқуға мүмкіндік туып отырғаны өздері үшін үлкен олжа екенін жеткізген. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі алдағы уақытта филімді түрік тілінде дубляж жасатып, Түркияның басты арналарында көрсетуді жоспарлап отыр.
Көңіл қуантарлығы сол, бір ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қазақ ақын-жазушыларының 20-дан астам туындысы түрік тіліне аударылып үлгерген. Бұл туындылар қазірдің өзінде түркиялық оқырман қауымның жоғары бағасына ие болса керек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»