• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Мамыр, 2018

Көпжасар Нәрі­баев. Тұлға

1053 рет
көрсетілді

Ауыл мектебін бітіріп, үлкен өмірге енді ғана жолдама алып тұрған Көпжасар Нәрі­баевтың көңіл ауаны еріксіз Мәскеу­ге бұрыла берді. Ұстаздары айта беретін М.С.Атлас, А.Л.Дауель, А.Ф.Якович сын­ды атақты ғалымдардың алдынан сабақ алу болашақ жолы – ғылым жолы екенін естіді. Бұл сыннан да Көп­жасар сүрінбей өтті.

«Айналайын...» Бұл сөзді естігенде жүрегім езіліп кете жаздайды. Телефон­ның ар жағынан қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті жазбай танисың.

«Шырағым...» Бұл сөзді Астанадан мемлекет және қоғам қайраткері Мырза­тай Жолдасбеков ұстазым айтқанда, көңілің көкке жеткендей болады.

«Қарғам» деген сөзді естігенде, Көп­жасар Нәрібаев көкем хабарласып тұр ғой деп орныңнан ұшып тұрасың.

Қазақ әдебиеті мен ғылымының үш алыбының осы бір табиғи мінездері қазақы тәрбиенің үлгісіндей болып, жү­регіңді жылытады.

Осындайда ұлы ұстазым Бейсекең, профессор Бейсембай Кенжебаев еске түседі. Ол кісі «Үлкен иіліп тұрса, кіші үйіріліп тұрады» дейтін. Сондағы иілу ағалық ілтипатта екен ғой.

Көпжасар Нәрібаев – Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Бұл есім қазаққа жеке-дара таныс. Өйт­кені ол білім мен ғылым саласының жұрт мойындаған корифейі, ұлт азаматы. Кешегі депутат, министр, әл-Фараби атындағы ұлттық жоғары оқу орнының ректоры болған адам. Қай жағынан алып қарасаң да, ізгілік пен парасаттылықтың, білімділік пен ұлтжандылықтың ұшқы­нын көріп тұрасың.

– Қарғам, мынандай жағдайды қаперіңе салып қояйын деп едім, – деген жылы сөзінен кейін ойыңа ой қосылып, мақала да тез жазылады.

Көпжасар Нәрібаевтың ғұмыр жолы өткен ғасырдың қоғамдық құбылыс­тарының дәлме-дәл көшірмесіндей көрінеді. Ол Ұлы Отан соғысындағы қан­­ды жылдардың қиындығын көрді. Ерте есейді. Жамбыл облысы Жам­был ауданына қарасты Бектөбе ауылын­да Нәрібай мен Бүбкіл ананың шаңыра­ғында дүниеге келді. Бұл 1938 жылдың 3 маусымы болатын.

Әкесі «Абай бабаң айтқан «Ғылым таппай мақтанба» деп. Сол менің де батам дейтін», ал анасы Бүбкіл болса, «Бі­лім­ді мыңды жығады» деп отыратын. Қа­рапайым отбасының осы сөздері жас Көп­жасардың санасына сіңіп, жүрегіне май­дай еріп құйылып жататын, құйылып жа­татын.

Мектеп бітірісімен Көпжасар Нәрі­баев­ты Алатау бауырындағы Алматы қа­ласы арбап, өзіне шақырды да тұрды. Өйткені Алматыдағы университет атағы бүкіл қазақ оқу орындарының ішінде ерекше құрметтелетін.

Алматы – сұлу қала. Қызығы да, ойын-сауығы да көп. Бірақ мойнына ата-ана жүгін арқалаған Көпжасар құжаттарын университеттің экономика факультетіне тапсырды. Соғыстан кейінгі жылдары ел экономикасына қажетті мамандықтар алу талапты қыз-жігіттердің іргелі мақ­­­са­тына айналды. Бұл кезде ірі эконо­мистер Т.Т.Шәукенбаев, М.Бутин, Т.Т.Төлебаев, М.М.Розмантов сынды ғалымдардың есімдері дүркіреп тұрды.

Факультет деканы Ш.Г.Надировпен кездесу Көпжасар Нәрібаевтың күдігін сейілтті. Экономика болашақ дамудың кепілі ғана емес, оның стратегиялық платфор­масын үйлестіруші ғылым болмақ. Сондықтан да К.Нәрібаев көп сынақты емтиханнан мүдірмей өт­ті. Тырысып оқыды, үздік оқыды. Осы­лайша 1960 жылы экономика факуль­тетін ойдағыдай бітіріп шықты.

Көпжасар Нәрібаевтың алдында екі жол тұрды: біріншісі – өндіріске бару, екіншісі – университет басшылығының ұйғарымына сәйкес Мәскеу Қаржы институтының аспирантурасына түсу.

Ауыл мектебін бітіріп, үлкен өмірге енді ғана жолдама алып тұрған Көпжасар Нәрі­баевтың көңіл ауаны еріксіз Мәскеу­ге бұрыла берді. Ұстаздары айта беретін М.С.Атлас, А.Л.Дауель, А.Ф.Якович сын­ды атақты ғалымдардың алдынан сабақ алу болашақ жолы – ғылым жолы екенін естіді. Бұл сыннан да Көп­жасар сүрінбей өтті. Аспирантураға қабыл­данды. Әрі төрт жылдан соң «Механи­каландыру жағдайында есептеудің қазіргі формаларының дамуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алматы Халық шаруашылығы инс­титутында 12 жыл абыройлы қызмет істеп, аға оқытушыдан проректор дәрежесіне көтерілді. Ал 1980 жылы өзі білім алған Мәскеу Қаржы институтының мамандандырылған Ғылыми Кеңесінде «Есеп жұмысын есептеу техникасын қолдану арқылы ұйымдастыруды жетілдіру (КСРО мен АҚШ тәжірибелері)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Көпжасар Нәрібаев министр, ректор ретінде қоғам алдында қандай қасиетімен есте қалды? Ұлт құрметіне қалай бөленді деген сауалдар туындауы мүмкін. Сондықтан да мен Көпжасар Нәрібаевтың «Ой дариясындағы сөз маржандары» атты кітапшасы мен «Тұл­ғаларға тағзым» және «Жасырын жатқан жырларым» атты кітаптары туралы ой-толғам жасаған дұрыс болар деп шештім. Өйткені мұның бәрі Көпжасар Нәрібаевтың өмір жолы, жан дүниесінің жаңғыруы, рухани әлемі.

2013 жылы «Қазақ университеті» баспасы «Өнегелі өмір» сериясы бо­йынша Көпжасар Нәрібаев туралы кітап шығарды. Қазақтың белгілі ғалымдары, жазушылары жазған мақалалар бір бөлек. Мақалалардың тақырыптарына қарап отырсам, бірінен-бірі өтеді. Бірақ оларды сараптап, байыптап қарасаң, асыра бағалау жоқ. Көбекеңнің қоғамдық-ғылыми еңбегіне жоғары баға берілген. Коллективтік пікірдің Көбекеңе берген бағасы туралы авторлардың өз аузынан айтылған пікірлерінен түйіндеме бере кетелік.

Мәселен ҰҒА академигі Яхия Әубәкіров: «Президенттің Жарлығымен Автоном­ды ұлттық оқу орны деген статус беріп, оны еліміздің жоғары оқу орындарына ғылыми-методикалық орталық ретінде басшылық көрсететін мекемеге айналдыру міндеті қосылды. Осы өтпелі дәуірде КазМУ-ге халқымыздың әлемге әйгілі ғалымы Әбу-Насыр әл-Фарабидің есімі берілді...

Демек Көпжасар Нәрібаевтың рек­торлығы тұсында біздің ұлттық уни­верситетіміз атақты бабамыз Әбу-Насыр әл-Фарабидің атын алып, содан бері әлемдік университеттердің қатарына еніп келеді» деп тұжырса, ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов білім мен ғылымды дамытуға қос­қан ерекше үлесі үшін К.Нәрібаевқа Кембридж халықаралық биографиялық орталығының (Ұлыбритания) ше­шімімен «Халықаралық жыл адамы» атағы берілгенін айтады. Ал ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин ол туралы: «...Белсенді жұмыс пен бедел оны көп ұзамай Қазақстан мен Ор­та Азия республикаларының, шетел­дерде де мамандар оқытып алу жөнін­дегі мемлекеттік комиссиясының Тө­р­ағалығына көтерді. Бұл оны білім-ғы­лым жүйесіндегі Одаққа сыйлы тұл­ға етіп сомдап шықты. 1985 жылы ЮНЕСКО-ның халықаралық симпо­зиумында Одақ атынан сөз сөйлеу біздің Көпжасар Нәрібайұлына сеніп тапсырылды» деп жазды.

Журналист, Президент сыйлығының иегері Көлбай Адырбеков К.Нәрібаевтың қандай қиын сәттерде де тұлғалық қасиетін жоғалтпағанын былай деп баяндайды: «...Бұл 1986 жылдың 16 желтоқсаны еді.

...Үш күннен соң Мәскеуден КПСС ОК жанындағы партиялық бақы­лау комитетінің төрағасы Михаил Соломен­цев келді. Бұрын республика ОК-нің екін­ші хатшысы болған...

...Нәрібаевты ОК шақыртты... Кезде­су шағын залда университеттің аздаған бас­шыларымен өтті.

Иә, журналист жазғандай ұлтқа жала жабылып жатты. Студенттерді бас­бұзарларға, нашақорларға теңеді. Көп ректорлар Г.В.Колбиннің жағына шығып кетті. Бір нәрсе ғана айқын. Самсаған топ Көпжасар Нәрібаевты жұмыстан босатудың ретін таба алмады. Өйткені К.Нәрібаев Жоғарғы Кеңестің депутаты еді. Әрі уәлі сөзді сол кездегі Премьер-министр Н.Ә.Назарбаев айтты:

– Жолдас бюро мүшелері! Нәрібаев жолдас Республиканың Үкімет мүшесі. Оны орнынан босату туралы мәселе менімен келісілген жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, заң бойынша депутатты қызметтен босату үшін Жоғарғы Кеңестің шешімі керек...

Иә, Колбин састы, қатты састы. Әккі саясаткер ұсыныс жасады.

– Өз еркіңізбен арыз беріп, қызметті босатсаңыз қайтеді?

Ірі адамдар ірі қадамдар жасай алады. Ғалым арызын жазып берді. Бірақ абыройынан айырылған жоқ, қайта халық, ұлт мақтанышына айналған тұлға болып қалды».

Әрине осы бір шағын пікірден-ақ Көпжасар Нәрібаевтың қайраткерлік келбеті ашыла түседі. Ал бірақ Көбекеңді, Көпжасар Нәрібаевты түсіну үшін оның өз жазғандарын зерделей оқып, жүрек елегінен өткізу қажет. Әрине әр адам үшін өскен орта, туған ауыл, әке-шеше ерекше орын алады. Анасы, әкесі, әжесі туралы жазғандарын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Әрине Көбекең экономист-ғалым болғанымен, оның рухын биіктетіп тұратын ұлы тұлғалар болды. «Отан отбасынан басталатыны» сияқты, ең алғашқы тау-тұлғалары – ата-анасы. Дегенмен ғалым, академик үшін өз ұл­тының ұлы тұлғалары туралы толғанбау мүмкін емес еді. Сондықтан да «Фараби ілімі» туралы ой толғады. Ақыры 1991 жылдың 23 қазанында Қазақ КСР-інің Премьер-министрі С.Терещенко С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің атын өзгерту туралы Қаулыға қол қойды. Осылай тарихи тұлға өз халқына мәңгілікке оралды.

Көпжасар Нәрібаев «Мұхаммед Хай­дар Дулати – қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты көлемді дүние жазды.

«Мұхаммед Хайдар Дулати XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандығы тарихын, оның ішінде хандықтың құрылу тарихын арғы Моғолстан мемлекетінің өмірімен тікелей байланыста алып қарас­тырады»,  деп жазды ол. Аталмыш туынды ұлт тарихын бағамдау жолын­дағы тың соқпақ болды. Автор «Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын орта мектеп пен жоғары оқу орындарының тарих пен әдебиетке қатысты пәндеріне жеке тарау ретінде енгізіп оқытудың да біздің заманымыз үшін мәдени-әлеуметтік маңызы зор», деп пайымдады.

Шынында, қазір Елбасы жариялап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәселе қойылып жат­қан кезде Көбекең айтқан идея жүзе­ге асса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Қалай болғанда да Көпжасар Нәрі­баев – нағыз академик, энциклопедист тұлға. Ол бірде «Қазыбек Тауасарұлы – ай­тулы тарихи тұлға» деп жазса, енді бірде «Абай – тұтас бір әлем» деп тол­ғанды. «Жыр алыбы – Жамбыл» деп қалам тербеді. Жалпы Көбекеңнің Д.А.Қонаев туралы жазған «Ұлыны ұлық­тай білейік», М.Бейсебаев туралы «Еліне шуақ шашып, нұрын төккен», М.Әуезов туралы «Ұстаз. Ғұлама. Суреткер», А.Асқаров туралы «Фено­мен», Ө.Жәнібеков туралы «Қазақ мәдение­тінің қамқоршысы», Ә.Шәріпов туралы «Аяулы Әди ағаның әңгімелері» ат­ты мақалалары, өз замандастары туралы эсселері Көпжасар Нәрібаевты білім­ділік пен біліктіліктің шыңына шы­ғар­ды. Ол нені жазса да, терең зерттеп, салыстырып, заманмен, қоғаммен қабыс­тырып, екшеп жазады. Сондықтан да «Тұл­ғаларға тағзым» етіп өзін өсірген, өзін жеткізген, өзін ғылым мен білім биі­гіне көтерген ұлтына өзі де тағзым жасайды. «Ұлық болсаң кішік бол» деген осындай адамдарға қарап айтылады.

Адамның жан дүниесі әртүрлі жағ­дайда ашылады. Тағдыр адамды биікке көтереді, құзға да құлатады. Бірақ біре­гей толағай тұлғалар ғана мұндайда сын­байды, қайта ширайды. Халқына қыз­мет етудің үлгісіне айналады. Бірақ жаныңды жегідей жеген ой иірімдері кейде өлең жолдарына айналғанда басқа күйге түседі. Өйткені поэзия қазақпен егіз. Ұлттың мұңы да, өз жүрегіңнің нұры да өлең жолдарында кестедей болып өрнектеліп жатады. Осы күнге дейін Көбе­кеңнің өлең жазатынынан бейхабар едім. Қолыма Көбей Нарбайұлының «Жасырын жатқан жырларым» атты өлең кітабы түскенде таңырқай да тосырқай да қарадым. Анықтап қарасам Көпжасар Нәрібаев көкемнің өлеңдері екен. Қайраткерлігін, күрескерлігін бір­шама білгеніммен ғалым жүрегін өлең қашан, қалай қозғады екен деген ойлар бол­ғаны жасырын емес. Әдебиетші-маман болғандықтан кітапты аударыс­тырсам, мұнда өткен ғасырдың 50-60-шы жылдар мен ызғарлы 1986 жылдан кейінгі өлеңдер топтастырылған екен. Сонымен «Жасырын жазылған жырлардың» шумақтарын қуалай оқи бастадым.

Оқырманға арнау өлеңін Көбекең:

...Бұл жырлар әлі еш жерде басыл­маған

Гүлдердей қауызынан ашылмаған.

Жүректі шымырлатып шыққан сөз ғой,

Сондықтан көрінеді асыл маған.

 

Әрине, маржан емес мұның бәрі,

Болса да жүрегіме менің дәрі.

Керегін, оқырманым, өзің таңда,

Болса егер сөздің мәні, ойдың нәрі, – дейді.

Хош дейік! Әрине екі ауыз өлең жазбайтын қазақ жоқ. Көбекең де «Абайшылап» «керегін» өзің таңдарсың деп оқырманға жүгінеді.

Кітап «Жастық шақ сырлары», «Желтоқсан жаңғырығы», «Арнау жырлар», «Өзім туралы», «Шымшыма шумақтар» және «Фазу Алиевадан еркін аударма» атты тараулардан тұрады.

Сонымен Көбекеңнің сыр сандығын ашып көрелік. «Алғашқы жыр» 1956 жылы жазылыпты.

...Жүрегімнің жан сырын

Өзегі етіп бұл жырдың.

Жаздым гүлін өмірдің

Масатыдай құлпырған.

Шерттім сазын көңілдің

Жас жүректе бұлқынған.

Жаздым ойдың сырларын...

Бұл Көбекеңнің жан сыры. Достарына сыры. Сондықтан да мен бұл өлеңдерге сол бір балалық шақтың таза тұмасындай қарадым. «Ақындық па» деген жырында өлең өлкесіне сескене қарайды.

...Ақындық па сол сезім,

Бар ма дарын аздаған?

Жоқ әшейін жас кездің

Құмары ма қайтпаған.

Осылай Көбекең поэзиялық талантқа екіұдай сезіммен қарайды. Және жаны ақындықтың асау шың екенін сезеді. Сондықтан да өлеңді өзі үшін, көңіл күйі үшін жазуға бел байлап, бүкіл ғұмырын экономика іліміне арнайды. Махаббат жырлары да, дос көңіл, сезім жырлары да осыны меңзейді. Ал Желтоқсан жыры мүлдем бөлек.

...Абай айтып күңіренген қазағым,

Болдың ғой сен талай елдің мазағы.

Басқа түскен өзге сорың аз ба еді,

Тарихтың тартып ылғи азабын.

 

Қашан басың қосылады ел болып,

Ауызбірлік, ынтымағың кең болып.

Алауыз боп өтесің бе осылай,

Кім көрінген ит пен құсқа жем болып?

Иә, әр адам жұмбақ. Әр адамның тағдыр-талайы бөлек-бөлек. Бірақ қандай қиыншылық көрсе де Көбекеңе Алланың нұры түскендей көрінеді. Ол адалдықтың, адамдықтың, парасат­тылықтың арқасында ұлттың сөзін сөйлеу құрметіне ие болды. «Тар жол, тайғақ кешуде» ұлтымен бірге болды қазақтың асыл тұлғаларын түгендеді. Өзі де осылай асыл тұлғаға айналып кетті.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, ҰҒА академигі