Күлзира Әубәкірова апаның аталары төрт түлікті үйірлеп, табындап, отарлап өсірген дәулеттілер санатынан болыпты. Жазықсыз қудаланып, итжеккенге айдалуының, нақақтан-нақақ атылуының сыры «бір жұттық» байлығында жатса керек.
Ол кездері бай-манаптарға бүйідей тиіп, қынадай қыру кеңес өкіметінің саяси ұстанымдарының бірі болғаны мәлім. Ұлы атасы Басшығұл ел билеген болыстығымен, дүйім елді аузына қаратқан шешендігімен, жомарттығымен аты шыққан. Әкесі Құлжабайды да болыс етіп сайлаған. Кейін кеңес өкіметіне адал қызмет еткен.
Бірақ «астық дайындауға қарсы әрекет еткені үшін» 1937 жылы тұтқындап, жерлестерімен бірге ату жазасына кескен. Петропавлдың «ақ түрмесінде» бір күнде атылған жеті адамның бәрі бір-біріне жамағайын туыс. Салықов Ишмухамедтің 82, Жылқыбаев Жұмабайдың 76 жасында бір қорғасын оқ түптеріне жеткен. Әкесі жайлы білмек болып қайда жазса да, «ауырып, қайтыс болды» деген жауап алып жүрген. Ақыры Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы арқылы анығына жеткен.
Бір жапырақ қағаздан үкімнің түнгі сағат 2.30 бен 3-тің аралығында орындалғанын оқығанда сай-сүйегі сырқырап, жүрегі қан жылаған. Күлзира 2 жасында жетім, анасы 42 жасында үш баламен жесір қалған. Отбасының көрмеген қорлығы, тартпаған азабы аз емес. Көзге түрткілеп, тиыштық бермеген соң Ресейдің Орловка деген селосын паналауларына тура келген. Араға біраз уақыт салып, елге оралса, үш бөлмелі баспананы мектепке айналдырған.
– Анам әкеме соңғы рет жолыққанда «балаларды бір-бірінен айырма. Екі дүниеде қолыңнан аламын» деп тапсырған екен. Аманатын ақырына дейін адал орындады. Ағам Шериді жеке үй етіп шығарды. Апам Күләшті қолынан ұзатты. Бәрімізді ешкімнен кем қылмай өсіріп, құтты орнымызға қондырды. «Сендер тарықпас үшін жалаңаяқ жар кештім», деп еске алып отыратын жарықтық. Онысы айна-қатесіз шындық. Жетімдіктің, қиындықтың зарын біздің ұрпақ та көп тартты. Соғыс уақытында үлкендермен бірге тылда еңбек еттік. Өгіз айдадық, жер жырттық. Саяси қудалау жылдары жер аударылып келген шешендердің Қосай, Мұса деген екі баласын шешеміз асырап алып, бауырына басты,–дейді жанары мұңға толып.
Бір қызығы, кейуананың шын туған жылы – 1935 жыл. Ал құжатта 1933 жыл деп жазылыпты. Оның осы айырмашылығын сұрағанымызда, бір күрсініп алды да, тарихтың қатпарлы сырларын әңгімелей жөнелді.
– Қайбір жетіскеннен өзгертілді дейсің? Ұлттық салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға оқты көзімен ата қараған сол заманның сойқан іздері менің жаныма да айықпас жара салды, қарағым. Болашақ жарым Асқар мені қазақтың салтымен алып қашып, оның арты үлкен дау-дамайға ұласқаны бар. Ол әкеден 3 жасында, анадан 6 жасында жетім қалған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін біздің ауылда бухгалтерлік қызмет атқарды. Ағам Шеримен түйдей құрдас. Бір-бірін қабақпен түсінетін достықтарына қылау жұқтырмайтын. 16-ға толықсып толған кезімде туған-туыстарымның есіл-дерті мені дәулетті жерге ұзату болса, менің ойым – жетім-жесір, жарлы-жақыбай бір жігіттің етегінен ұстау, анамды қолыма алу. Бір мүшел үлкендігі бар Асқар маған сөз салғанымен, оның біздің отбасының бір баласындай болып кеткені, ағалы-қарындастай сыйластығымыз қатты тығырыққа тіреді. Қолдан бермейтінін сезіп, мені 7 қараша күні алып қашты.
Бесағаш деген жерде бір орыс кемпірінің үйін паналадық. Немере ағам Нұрғали қиғылық салып, оның соңы кәмелетке толмаған қызды еріксіз алып кетті, саяси мерекені келеке қылды деген қудалауға жалғасып, құжатттағы жасымды үлкейтуге тура келген. Сөйтіп бір зобалаңнан әзер дегенде аман қалғанымыз бар.
Ана әлдиін ғана естіп өскен әжей сол бір зұлмат кезеңнің зобалаң қасіретін ұмыта алар емес. Бүгінде бір кіндіктен жалғыз жер басып жүрсе де, өзін тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей сезінеді. Марқұм Асқар екеуі 8 ұл-қыздан 17 немере, 1 шөбере көрді. «Алтын алқа» иегері, тыл еңбеккері ретінде әркез ұлықталып жүр.
Осыдан бірер жыл бұрын солтүстікқазақстандық аналар атынан Елбасына хат жазып, ақ тілегін жолдаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайымдылығына, кішіпейілдігіне дән риза. Хатына жауап жазып, арнайы сыйлық беріп жіберіпті. 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент сайланған күні туған немересіне ырымдап Нұрсұлтан есімін қойған. Әсемгүл деген немересі 6 шілдеде дүниеге келген.
Әкеден жастай айрылса да, Тәуелсіздіктің әр арайлы таңын қуанышпен атыратын Күлзира апай осы күнге жеткеніне шүкіршілік етеді. Өзін бақытты ана санайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы