Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келгенінде «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп, оқу орнының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп атайтын Қыздар университеті қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды.
Өркениетті мемлекеттер санатына қосылуда адамгершілік-этикалық идеялар көрініс тапқан қазақ халқының рухани мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл туралы Елбасы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз», деп атап өткен болатын.
Кейінгі жылдары қоғамдағы келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы адамгершілік, моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған, керісінше әр өзгеріске байланысты жетіліп отырған қазақтың озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар – адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі.
Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілердің ғана емес, қоғам талаптарына да сай келуін қамтамасыз етеді. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихындағы жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Қыздар университетінде заман көшіне ілесу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман да- йындауды мақсат етіп келеміз. Ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын ұғымдардың бірі – этика. Әр елдің орналасу аймағына, тіршілік салтына, өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс-тұрысы, тыныс-тіршілігі қалыптасады.
Қазақ халқы қай кезеңде болсын қыз тәрбиесіне жете мән берген. Мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы, яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетін, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы қазақ қыздарының бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйелдеріне тән даналықты, ұстамдылықты, сезімталдықты, тапқырлықты үлгі тұтуға шақырған. Дана халқымыз қыз тәрбиесінде күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі және қоғамдағы адамгершілікті моральдық-этикалық мәдени қарым-қатынасқа аса мән берген. Отбасы, туыстар арасындағы қарым-қатынастың адам санасына, мінез-құлқына, ішкі және сыртқы мәдениетінің қалыптасуына әсерінің мол екенін жете түсінген. Мәселен, әке мен баланың, ана мен қыздың, әке мен қыздың, келін мен қайын ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, күйеу мен қайын ененің, бажалардың, жезделердің, бөлелердің арасындағы өте нәзік жарасымды қарым-қатынас моральдық мәдениеттің негізін қалауда үлкен рөл атқарған десе артық болмайды. Жас келіннің Тотым, Айнам, Сері жігіт, Еркежан сияқты ат қоюының өзі алдыңғыларға құрмет, кейінгілерге ізет көрсету болса, Өзенбай, Қамысбай, Қойшыбай, Бәкібай, Қасқырбай есімді қайын ағалардың есімдерін атаудан қашқақтап, қасқыр жарып кеткен қойды бауыздап алу үшін қасындағы кішкентай қайнысын ауылға жұмсаған жеңгенің: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетті, қынамадан жаныманы әкелсін» деуінен, біріншіден, әдептіліктің, ізеттілік пен сыйластықтың белгісін көрсек, екіншіден, ойының ұшқырлығын, тапқырлығын, сөзге зеректігін байқаймыз.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орталық Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Қазір мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыс атқарылып, отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің басты ерекшелігі білім беруде ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала білуі дер едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасында кездесе бермейді. Ұжым ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады.
Оқу орнында гендерлік саясат бойынша іргелі жұмыс атқарылуда. Әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Қоғам мен мемлекет тарапынан нәзік жандылардың белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Осы орайда университет жанында Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты қызмет атқарады. Осы тақілеттес ғылыми орталық ТМД аумағында жалғыз екенін ерекше атап өткен ләзім. Институттың стратегиялық мақсаты – 2018-2021 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70 сессиясында қабылдаған Тұрақты даму мақсаттарының «Барлық әйелдер мен қыз балалардың гендерлік теңдігін қамтамасыз ету және құқықтары мен мүмкіншіліктер ауқымын кеңейту» туралы 5-ші мақсаты бойынша жүзеге асыру. Институт гендерлік теңдік идеясын дамытуды білікті педагог кадрларын дайындау және ғылыми-зерттеулер арқылы іске асырады. Университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Ұлт болашағын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруы» курсының тигізер септігі зор деп ойлаймыз. Бүгінгі талапқа сай тұлғаны қалыптастырудың өлшемдері басқаша. Құндылықтар да өзгеріп барады. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қараған ләзім. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, перзенттерінің салиқалы анасы. Олардың бойында тағылымды тәрбие болғанын қалайтынымыз белгілі. Сондықтан рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, өнеркәсіптік революция заманының ерекшелігін игерген ұстаз тәрбиелеу – университеттің басты бағдары. Қазір оқу орнында 38 ұйым қызмет атқарады. Қыздар университетінің студенттері адамгершілігі жоғары тұлға ретінде түрлі қоғамдық, қайырымдылық акцияларға белсенді қатысады. Болашақ әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, дефектологтар, музыкалық білім беру мұғалімдері Алматы қаласындағы Аналар үйлерінде жүйелі түрде ақысыз негізде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру.
Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Мұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары.
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ