29 мамырда QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының» Солтүстік және Оңтүстік Арал теңізі маңындағы «Арал-2018» 20 күндік экспедициясы аяқталды. Сапар Қазақстан мен Өзбекстан аумағы бойынша 7000 шақырымды және Қазақстанның тоғыз облысын, Өзбекстан және Қарақалпақстан республикаларының жеті облысын қамтыды.
Назарбаев Университтің гидробиолог ғалымдар тобы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында «Арал-2018» экспедициясы кезінде Оңтүстік және Солтүстік Аралдағы бірнеше нүктелерден су сынамалары іріктеліп алынып, Арал теңізі су қоймасының қазіргі жай-күйін зерттеу үшін гидрологиялық-гидрохимиялық параметрлері өлшенді.
«Ғалымдардың алдын ала деректері Арал су қоймасының тұздылығы шамамен 3,5 промилледен 130 промиллеге дейін екенін көрсетті. Бұл ретте Солтүстік Аралдың тұздылығы кейбір жерлерде Оңтүстік Аралдағыға қарағанда 10 есе дерлік аз. Мәселен, Оңтүстік аралда тіркелген 130 промилле орташа есеппен әлемдік мұхиттың орташа тұздылығынан төрт есе жоғары», деп атап өтті экспедиция жетекшісі Нұржан Алғашов.
Нұржан Алғашовтың айтуынша, экспедицияның басты нәтижесі екі су қоймасынан да жоспарланған барлық су сынамаларын алу болды.
Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк қаржыландырған Көкарал бөгеті құрылысының арқасында Қазақстан аумағындағы су қоймасының Солтүстік бөлігі қайта жандана бастады. 2006 жылы Солтүстік Арал деңгейінің, содан кейін фитопланктонның түрлік әртүрлілігінің артқандығы тіркелді.
«Фитопланктон – бұл ірі су организмдеріне арналған азық тізбегінің базалық буыны. Біздің зерттеуіміз Аралдың трофикалық желісін неғұрлым толық зерттеуге және экожүйені қалпына келтіру қарқынын бағалауға мүмкіндік береді. Судың гидрохимиялық құрамын зерттеуді, планктонның сапалық және сандық құрамын микроскопиялық, спектрлік және цитометриялық талдауды жоспарлап отырмыз. Ал жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша планктондық микроағзалардың биоалуантүрлілігі, гидрохимиялық құрамы, трофикалық статусы және биогендік элементтердің концентрациясы болады», деді гидробиолог Вероника Дашкова.
Сынамалар алу аяқталғаннан кейін ғалымдар мобильді зертхана жеткізілген Арал қаласында алдын ала зерттеулер жүргізді. Материалдарды жинаудан басқа, экспедиция нәтижелері бойынша Солтүстік Арал өңірінің картасы үшін материалдар жиналды және фото-бейнематериалдар жинақталды. Планктондық қоғамдастықтардың биоалуантүрлілігі, тұздың, фосфордың деңгейі, қышқылдылық, судың ластануы туралы жиналған деректер Солтүстік және Оңтүстік Арал экожүйесін дамытуда алдын ала трендті анықтауға мүмкіндік берді. Ғылыми бөлімнің толық зерттеу нәтижесі Назарбаев Университтің ғалым-гидробиологтары кешенді зерттеулерді жүргізгеннен кейін белгілі болады.
Айта кеткен жөн, бұл QazaqGeography-дың Аралға осымен екінші экспедициясы. Бұған дейін 2016 жылы ғалымдар тобы Солтүстік Аралдың бірнеше бөліктерінде судың гидробиологиялық жағдайын зерттеді. Сол кезде ғалымдар Солтүстік Аралдың орташа тұздылығының төмендеу беталысын байқаған болатын, ол экологиялық жағдай жақсарып келеді деген алдын ала тұжырым жасауға мүмкіндік берді. 2018 жылғы экспедицияның ерекшелігі мұнда зерттеу спектріне Оңтүстік Арал да кірді.
«Егемен-ақпарат»