Ақтауда төрт бауырын өрттен құтқарған 13 жасар Дархан Болатовты марапаттау шарасы өтті.
Оқиға жуырда Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында болған. Сол түні әкесі жұмысқа кеткен отбасының анасы да балабақшаға түнгі кезекшілікте болады. Ата-ана кішісі 3 жастағы балаларға бас-көз болуды тұңғышы Дарханға тапсырады.
– Түнгі мезгілде үйдің ішін қайта-қайта аралап, құдды бір төтенше жағдай орын алатынын жүрегім сезгендей болды, бірақ ұйықтап кетіппін. Түсімде тілсіз жаумен арпалысып жатыр екенмін. Оянып кеттім. Расында көз алдым түтіннен байланып қалды, үйдің іші тұманданып кеткен. Дереу інім мен үш қарындасымды үйден алып шығып, көршінің үйіне апарып тастаған соң, өрт сөндіру қызметіне хабарластым, дейді батыр бала Дархан Әмірхан.
Өрт сөндірушілерден белгілі болғандай, шақырту 02:12 уақытында түскен. Мамандар тілсіз жауды тез арада ауыздықтаған. Ал өрттің себебі нақты неден екендігі әзірге белгісіз. Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Мәуленов болса, өрт тоқтың қысқаша тұйықталуы себебінен пайда болған деген алдын ала болжам жасап отыр. Сонымен қатар өрт салдарынан келтірілген материалдық шығын мөлшері де жақын күндері белгілі болмақ. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев батыр баланың әкесі Бақытжан Болатовқа Алғыс хат тапсырды. Дарханға төтенше жағдайлар департаменті басшысының атынан Алғыс хат, велосипед, бағалы сыйлықтар берілді.
– Алдымен Алла, содан соң балама ризамын. Кім біледі, ол қайсарлық танытпағанда, бес баламнан айырылып қалуым мүмкін еді. Өзге заттардың біреуі де пайдаға аспайтын дәрежеде өртке оранған үйдің ішінен тек Құран кітаптың жанбай қалуы асыл дінімізге деген сенім-құрметімізді нығайтып, көңілімізді қуанышқа бөлейді. Бізді Құдай, Құран құтқарды, – дейді Дарханның әкесі Бақытжан.
Қазіргі таңда отағасы жаңа үй салудың қамына кіріскен.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы