Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда еліміздің мемлекеттік рәміздер бойынша нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру мәселелері қаралды. Отырысқа Парламент депутаттары, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова шараның Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар биыл мейрамның Астананың 20 жылдық мерейтойы белесімен қатар келуінің символдық мәні зор екендігін атап өтті. «Рәміздеріміздің қоғамдық өмірде алар орны ерекше. Ол халқымыздың бірлігі мен патриоттық сезімін білдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан оның мән-маңызын насихаттау мен қолданылуын реттеп отыру – баршамыздың ортақ міндетіміз», деді ол. Мемлекеттік хатшы мемлекеттік нышандардың жекелеген орталық және жергілікті атқару органдарындағы қолданысы мен оларды дәріптеу жұмысы зерттелгенін айта келіп, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевтың, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаевтың, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының әкімдері Қ.Көшербаев пен Б.Сапарбаевтың есебін тыңдады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірінде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру басты міндет екенін атап өтті. Әкім бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, атап айтқанда 2016 жылы биіктігі 60 метр болатын ту тұғырының, жалпы көлемі 3 гектарды құрайтын Мемлекеттік рәміздер аллеясы пайдалануға берілгенін жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімдігінің жанындағы арнайы комиссияның шешімімен ендігі кезекте барлық аудан орталықтары мен 46 елді мекенде осындай аллеялар ашылмақ. Оның айтуынша, облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында мемлекеттік нышандар талапқа сай орнатылған. Дегенмен, Қ. Көшербаев бұл салада проблема бар екенін айтып, оны шешу мақсатында комиссия қарауына өз ұсынысын білдірді. «Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын лицензиясы мен сертификаттары бар жеке серіктестік мекемелер Мемлекеттік рәміздер туралы Конституциялық заңға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді пайдалануға беруде. Бұл жағдайлар Қарағанды қаласында орналасқан «Ақ бастау КЗ» ЖШС және Астана қаласында орналасқан «Зум» жарнама агенттігі» ЖШС-да кездесті. Бұл жөнінде техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті ұсыныс берілді», деді ол.
Бұдан соң сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев осы облыстағы мемлекеттік нышандар жағдайынан толық мәлімет бере келіп, қызылордалық әріптесімен толық келісетінін айтып, ұсынысты қолдайтынын жеткізді. «Қазіргі таңда Туды, Елтаңбаны дайындайтын мекемелер көп. Олардың әрқайсысы әртүрлі дайындайды. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Сондықтан, олардың жауапкершілігін арттыруды ұсынамыз. Екіншіден, олардан дайындайтын мемлекеттік рәміздер мемлекеттік стандарттарға сәйкес болуы керектігін талап ету қажет. Егер олардың лицензиясы болса, сонда көрсетілген талаптарды толығымен орындауы тиіс. Сол кезде ешқандай кемшіліктер болмайды деп ойлаймыз», деді ол.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау мәселелері, сонымен қатар осы саладағы заңнамаларды сақтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»