Батыс Қазақстан облыстық сотында сот жүйесінде қолданыла бастаған ақпараттық технологияларды таныстыру шарасы өтті. Соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғанов өңірдегі көптеген мемлекеттік басқарма өкілдеріне жаңалықты таныстырып шықты.
Бұл шараға Батыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік сатып алулар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері мен қалалық және мамандандырылған соттардың қызметкерлері арнайы шақырылған.
Сот ғимаратында экскурсия өткізген Соттар әкімшісінің басшысы Нұрлан Қажғанов еліміздің сот өндірісіне енгізілген заманауи технологияларды, жаңартылған сот жүйесінің құрылымын көрсетті. Бұл жаңалықтар сот төрелігін жүзеге асыруда азаматтардың мүдделері мен құқықтарын сақтауға, жұмыс өнімділігін арттыруға, қауіпсіздікті күшейтуге, қаржы үнемдеуге бағытталған.
Мысалы, бүгінде сот процестерінде дыбыс-бейне жазу жүйесі іске қосылған. Бейнеконференц байланыс арқылы аудандық соттарға және тергеу изоляторына қосылып, сот төрелігін қашықтықта жүзеге асыру мүмкіндігі туды.
– Жаңа технологиялар соттарға Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің ұсыныстарын сотталушыларды жеткізбей-ақ қарауға мүмкіндік берді. Ал бұл қаржылай шығындарды үнемдеп, сотталғандарды жеткізу кезіндегі қауіп-қатерден сақтайды, – дейді Нұрлан Еркінұлы.
Сот ғимаратындағы кездесу сот органдарына арыздар, өтініштер, шағымдар мен өтінімдерді сотқа беруге арналған «Сот кабинеті» сервисін таныстырумен аяқталды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі берген деректерге қарағанда, 2018 жылдың басынан бері «Сот кабинеті» сервисі арқылы облыс соттарына 8976 талап- арыз, 262 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, 5226 әкімшілік істер мен материалдар жолданған. Жаңа сервистердің пайдалану аясы кең және жұртшылық арасында оң пікір туғызып отыр.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ