Алпыс жыл бойы қалам тербеп, шығармашылықтың ащы-тұщы дәмін тата жүріп, жазушылықтың игілігіне де молынан кенелген Ахметжан Ашири осы келіп жеткен 80 жасында 8 ғасырды қамтыған әдеби көркем картинаны оқырмандарына ұсынған жапакеш жазушы.
Ахметжан Аширидің курстастары мен замандастары да бірегей абзал азаматтар Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмәділ, Оразақын Асқар, Марфуға Айтқожина, Шәрбану Құмарова, Бексұлтан Нұржеке. Бұл кісілер ұлы Мұхтар Әуезовтің лекциясын тыңдап, тәлімін алған таңдаулы шәкірттер. Студенттік кітапшасынан ұстаз, академик жазушы М.Әуезовтің қолтаңбасын және сол заманның аты аңызға айналған тұлғалы ұстаздардың есімін көре аласың. Аширидің қаламынан туған жүздеген әңгіме, повесть, эссе, мақалаларды айтпағанның өзінде дәуір керуенінде тасқа ойылған таңбадай «Нұр-Ана», «Кешпес қөңілім», «Солмас гүл», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін», «Ділі зия», «Жер академигі» қатарлы сүйекті шығармалары ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан әдебиетінің мақтанып айтуға болатын жетістіктері болып қала береді. Драматургия саласы бойынша «Өлмес болып туғандар»(1973 ж.), «Мұқамшы»(1981 ж.), «Диқан» (1985 ж.), «Епшіл», «Идиқұт» (2009 ж.), «Жалғыз жалбыз» (2014 ж.) пьесалары Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрында қойылды. А.П. Чеховтың атақты «Шие бағы» (2015 ж.), испан ақыны, драматург Г.Лорканың «Қанды той» трагедиясын, қазақ ақыны, драматург Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, жігіттер» комедиясын ұйғыр тіліне аударып, сахнаға даярлап берді. Осыншалық әдеби жұмыстың өзі бір адамға аз емес. А.Ашири тек қана қаламгерлікпен отырған кісі емес, ол үлкен қоғам қайраткері. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті кеңесін басқарып таланттарды ізденуге үндеп, жұмылған жұдырықтай болуына септігін тигізіп келе жатқан ақсақалымызға айналды. Осылайша шығармашылық ұжымда «Ұйғыр әдебиеті кеңесі» күні бүгінге дейін белсенді қызмет етіп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде елімізге белгілі қаламгерлер С. Қирабаев, Ш.Елеукенов, Ә.Нұршайықов, Қ.Ысқақ, С.Мұратбеков, Ә.Қадиров, Ш.Кибиров, М.Һәмраев, П.Мәхсәтова, Р.Исмаило, У.Қалижан, Г.Орда, А.Хамраев, А.Қалиева, Г.Мұсағұлова, Н.Ақыш, А.Мұқан, Д.Байтұрсынұлы қатарлы жүзге тарта әріптестері баспа бетінде пікір білдіріп, еңбектерін талдап таразылап шығыпты. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көркем прозаның үздік өкілдерінің бірі Сайын Мұратбеков телеарнаға берген сұхбатында «Ахметжан Аширидің бойындағы жақсы қасиет интернационализм, халықтар арасындағы достық. Әсіресе мынау орыс пен ұйғыр, қазақ пен ұйғыр халқының арасындағы достықты дәнекерлеп отырды. Оны өзінің шығармасында ғана емес, күнделікті өмірінде ылғи да насихаттаумен келді. Жәй құрғақ сөз күйінде емес, іс жүзінде көрсетіп келе жатқан жазушы дер едім» депті, ағынан жарылып.
Ахметжан Аширидің «Ділі зия» эссе-романы осы күнге дейін орыс, қазақ тілдеріне аударылып, кітап болып жарыққа шыққанда ол турасында үш тілдегі басылымдар жеке-жеке сөз қылып, қызу талқылаған еді. Әдебиетші ғалым Шерияздан Елеукенов: «А.Аширидің «Ділі зия» романының бас кейіпкері – «Бент» акционерлік қоғамының президенті Дильмурат Кузиев. Дильмурат Отанымызды көркейтуге үлес қосып жатқан, Отанын шынайы сүйген кәсіпкерлердің жиынтық бейнесі. Дильмурат халқына, еліне пайдам тисе дейтін патриот жан. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Тәуелсіз Қазақстанға жиырма жыл болды. Отанымызды көркейтуге үлкен үлес қосып жатқан кәсіпкерлер бар. Соларды жазу керек. Бірлігі жарасқан тәуелсіз ел халқының өмірін, өзара бірлік, достығын көркем әдебиетте көрсету ләзім», – деген болатын. А.Аширидің аталған романы Елбасының әдебиетке қойған осы талаптарына толық жауап беретін шығарма» деп дұрыс тұжырым жасапты. Бұл шынында да бүгінгі дәуірімізді толық бейнелеген роман.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Аширидің Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрындағы қойылған «Жалғыз жалбыз» (Ялғуз ялпуз), «Өлмес болып туғандар», «Муқамшы», «Диқан», «Идиқут» пьесалары Қазақстан көрермендері тарапынан құрметке бөленген қойылымдар. Әсіресе «Идиқут» спектаклі Орта Азия мемлекеттерінің III Халықаралық фестивалінің лауреаты атанса, «Жалғыз жалбыз» 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін көп- ұлтты Қазақстан қөрермендеріне үздіксіз көрсетіліп келеді. Қасқарау мен Сейіт достығы екі ұлт, екі халық арасындағы достықтың тұлғаланып, бой көтергенін көрсетеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Ялқұнжан Шамиев қиялы мен автордың ой әлемінде тығыз сәйкестік бар екеніне көз жеткізесің.
Оқиға Бартоғай су қоймасын салу жобасының айналасында басталады. Төменгі жақтағы аудан, ауылдарды сумен қамтамасыз етіп, ондағы егіс алқаптарына, мал шаруашылығы жұмыстарына су жеткізу үшін таудың жоғары жағындағы қысаңнан көлемі ірі, алып су қоймасын салу керек. Қысаңды толтыра тас қалап, цементпен құйып, судың деңгейін көтеруге тура келеді. Ал ол аңғарда ежелден, ата-бабасынан бері қоныстанып келе жатқан ауыл, бір қауым халық тұрады. Жердің иесі Қасқарау ақсақал бастаған қазақтар. Ол жерге төменгі ұйғыр ауылы Шарыннан Сейіт отбасымен көшіп келіп қоңсы болып қосылған. Олардың да тұрып жатқанына біраз заман болып қалған екен. Сол үшін де дәм-тұзы жарасып, тумаса да туғандай болып кеткен жәйі бар. Өздері көрші, өздері тамыр болған соң ас-табағы ауысып, бір үйдің кісілеріндей бірлігі бар жақындарға айналған еді. Міне өстіп ұйып отырғанда жоғарының бұйрығымен су астында қалуға айналған шағын ауылдың шырқы бұзылып, ұяларынан айрылу қаупі туындайды. Қысқасы, ауылды күштеп көшіреді. Жұрттың бәрін жан-жаққа қуғандай болып жүгін арттырып, арқанын тарттырып айдайды. Бұйрық қатты, жан тәтті болған соң ел қоныс аударады да, тек қана қасарысқан қайсар қарт Қасқарау ғана тапжылмайды. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда боламыз» деген досы Сейіттің шаңырағы ғана көшіп кетпей қасында қалады. Мінеки, жұртынан жылжымаған екі отбасы арасындағы оқиғалар шығарманы ширата түседі. Қаусаған қариялар қанша бұлқынса да, биік таудан жөңкіле құлаған тасқынға қалай қарсы тұрмақ?! Заманның дауылы, дәуірдің соққан желі өз дегенін істейді. Бір нәрсе анық, ол: сыртқы дүние қалай құбылса да, Қасқараудың қабағы қатулы, еркі мықты, ирадасы тас түйін. Неге болса да илікпей тоң-теріс қалпымен қарсы қарап отыр. Бұл бекім – адам өлсе де, мүлде өлмейтін рух болар?! Міне осындай күрделі образ жасаған Ахметжан Ашири мына нәрсені де ұмытпаған, Қасқараудың қасынан табылып, табан аудармай тұра білетін Сейіт тағдырын тәуір қамтыған. Демек Қасқарау қазақ қайда болса, Сейіт ұйғыр сонда деген сөз! Мінеки достықтың түбі осындай теңіздей терең, таудан биік, көлден көлемді.
Ахметжан Аширидің «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текин» тарихи дилогияның орны бөлек, орамы қалың. Оқиға аумалы-төкпелі, садақтың адырнасындай тартылып, ширыға түскен заманды бейнелейтін көлемді көркем еңбек. Екі ұлы тарихи тұлғаның тулаған өмірінен алынған салмақты дүние. Олар «Ұлы қосын», «Тәңір құт», «Ұлы қаған» атанған Шыңғыс хан және даңқты «Құтхан», «Теңдессіз әмір» атанған, сондай-ақ Шыңғыс ханның «бесінші баласы», «Ұлы патша Идиқұт». Осы екі алыптың арасындағы тағдырлы тартыстар, таңғажайып оқиғалар сымдай тартылып романның салмағын ауырлата түседі. Баурчуқ Арт Текин өмірден өткеннен кейін Шыңғыс хан қағанатының билеушілері Құбылайхан және оның ұрпақтары, тақ мұрагерлері Оқтайхан, Мөңкехан, сондай-ақ Шағатай әулеті Дауахан, ұрпақтары Қайдулардың Идиқұт мемлекетімен арадағы байланыстары, қиян-кескі қақтығыстары баян етіледі.
Тарихи дилогияда Шыңғыс хан ұрпақтары құрған «Қағанат» атымен белгілі болған күллі қытай, Бейжіңнен Қара теңізге дейінгі алып жатқан аумақтағы, империяның құрамындағы осы бір Идиқұт елінің орны, рөлі, тарихи сипаты тереңінен ашылады. Нанымды көрсетіліп, оқырманды сегіз ғасырға шегіндіріп апарады. Жазушы Ахметжан Аширидің бұл еңбегі терең ізденістің, тынымсыз еңбектің, үлкен қажыр-қайраттың, мол білім, зор таланттың жемісі. «Идиқұт» роман күйінде және спектакль күйінде де әдеби ортаның қабылдауына ие болып, зерттеушілердің оң бағасын алды.
Осыған дейін жазушының «Идиқұт» пьесасы және «Идиқұт» романы түрік тіліне аударылып, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауында, жазушы, аудармашы, дипломат Мәлік Отарбаевтың ықпал етуімен Еуразия Жазушылар одағы тарапынан Анкарадағы «Бенгу» баспасынан жарық көріп, түрік оқырмандарынан жақсы бағасын алып еді. Ендігі бір айтпаса болмайтын туындысы «Шарбақ» пьесасы. Бұл шығарма өткен 2017 жылы ТҮРКСОЙ және Еуразия Жазушылар одағы тарапынан өткізілген түркі дүниесі драматургтерінің халықаралық «Қорқыт ата» байқауында бас жүлдеге ие болып, Анкара қаласында өткен қорытындыда марапатталды. Пьеса алдағы жерде түркі тектес ұлттардың тіліне аударылып, сахнаға шығарылмақшы. Қазақстандағы ұйғыр театрының репертуарына кіргізу жоспарлануда. Бұл берілген жоғары баға ұйғыр әдебиетінің ғана емес, Қазақстан халықтары әдебиетінің де кесек табысы деуге тұрады.
Анау бір жылы «Идиқұт» романын жазу үшін автор өзінің туған ауылы Малыбайға көшіп барып он жыл жеке шығармашылықпен шұғылданады(мұның өзі түсінген адамға үлкен тәуекел). Бір күні сыйлас дос-ағасы, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов Алматыдан телефон шалып: «Ахметжан інім, ауылға барып үн-түнсіз жатып алуға бола ма екен? Қалың қалай? Мен ауырып қалдым, ұйғыр туыстардың тандыр нанын сағындым, маған ыстық нан әкеліп бере аласың ба?» дейді. Ахметжан ағаның жұбайы, әпкесі, ауыл әйелдері сол күні шұғыл қамыр ашытып, тандырға нан пісіреді. Жаңа піскен ыстық нанды мата дастарқанға орап, таксиге отырған Ахаң Алматыға тартып, күн батпай өзі білетін адреске жетеді. Қатты риза болған Сейдахмет аға ыстық нанды қатты құшырлана иіскеп, бір рахаттаныпты.
Үш күннен кейін телефон шалып «Ахметжан, саған көп рахмет! Ұйғыр халқының ыстық нанын жеп аурудан айығып келемін!» деп, алғысын білдіріпті. Амал не, тура келген ажалға тосқауыл болар ма!.. Көп кешікпей Сейдахмет аға бақи дүниеге аттанып кетеді. Бұл Сейдахмет ағаның көңілі сүйген ұйғыр ұлтына, соның бір ұлы, ақкөңіл перзенті Ахметжанға деген құрметі шығар, мүмкін жақын адамынан жанына дауа іздеген болар!.. Соңғы сағаттарда Ахметжан Ашириге телефон шалуының өзінде терең сыр жатса керек!.. Сол оқиғаны айта отырып Ахметжан аға Сейдахмет Бердіқұловтың бір ерлігін есіне алады. «Жалғыз жалбыз» романы Қазақстанда басылып шығады, өкініштісі редакция редакторлары қайшысына ілініп кесіліп, туралып үштен екі бөлігі ғана кітап деген атпен жарық көріпті. «Бүйтіп шыққанша шықпай-ақ қойсашы!» – деп, көңілі жасып келе жатқанда алдынан сол кездегі «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет аға жолығады. «Ахметжан, қал қалай? Қабағың түсіңкі ғой, не болды?» депті қырағы аға бір қарағаннан байқап. «Ой, аға, мынаны қараңызшы, романым жүнін жұлған тауықтай болып шығыпты, соған мұңайып келемін» дейді, Ахаң. Сәл ойланып алған Сейдахмет аға: «Онда кітапты Мәскеуден орыс тілінде шығарамыз! Ертеңнен қалдырмай орыс тіліндегі нұсқасын маған жеткіз!» депті. «Әне, сол кісінің қолдауымен толыққанды роман болып, көркем аударылып шыққан кітабым Кеңестер Одағына тарады», – дейді Ахметжан аға сағына еске алып.
Қазақ қаламгерлерінің арасында Ахаңның ондай достары өте көп. Соның бірі курстасы, жерлес досы, ақын Оразақын Асқаров, енді бірі махаббат тақырыбы мен тарихи тақырыпты толық қаусырып жүрген жазушы Бексұлтан Нұржеке, тағы бір досы, шығыстың ақ басты шыңдарының бірі, бұл күнде марқұм болып кеткен Қалихан Ысқақ. Олар туралы айтса таусылмайтын қызықтар өз алдына бір төбе... Жалғаса беретін тізімдердің басқы жағынан орын алатын адамның бірі ұзақ жыл көрші отырған, сыры бір, дәм-тұзы жарасқан Әзілхан Нұршайықов. Өмірде тосын оқиғалар көп қой!.. Бір күні Әз-аға телефон шалып «Ахметжан қалқам, үйге келіп кетші!» депті. Үйіне барса, Әз-аға «Ахметжан, мынаны қара, сен туралы мақала жазыппын, тәп-тәуір дүние екен. Сен осыны «Қазақ әдебиетіне» апарып берші!» деді. Ақсақалдың өтінішін құп алып, газетке бердім. Арада бір аптаға Малыбайға барып қайта келсем, газетте Әз-ағаның мақаласы жарық көріпті, қолыма ала салып Әз-ағаның есік қоңырауын бастым. Үйден ұлы Арнұр шықты. «Әз-ағаның мақаласы газетке шығыпты, берейін деп келдім» – деймін, бұрынғы әдетімше... «Ой, Ахметжан аға, әкемізден айрылып қалдық!» – депті, Арнұр. Басына бір шелек су құйып жібергендей болған Ахметжан аға үйге кіріп ағаның орнына Құран оқып, дұға жасайды. Соңғы минуттарға дейін салқындамаған достық, үзілмеген байланыс деп осыны айтуға болатын шығар!..
Ахметжан Аширидің ылғи аузынан тастамай айтып жүретін әңгімесінің бірі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек туралы болып келеді. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кез... Ахметжан Ашири Жазушылар одағы парткомының хатшысы болатын... Партком жиналысы еді. Адамның басына бергісіз толқыған күй, қысылған сәт өтіп жатады... Екі оттың ортасында қалған Ахметжан аға қан қысымы көтеріліп есінен танып құлайды. Біреуді біреу біліп болмайтын минуты мың жылға тең сол мезетте жазушы Жүсіпбек Қорғасбек ес-түссіз жатқан Ахметжан ағаны балаша көтеріп топ ішінен алып шығып, «жедел жәрдемге» салып құтқарып қалады. «Мені ажалдан арашалап қалған Жүсіпбекті және жайдың отындай жарқ етіп өте шыққан ол күнді ешқашан ұмыта алмаймын» дейді, Ахметжан.
Ахметжан аға 70-ке толғанда арқалы ақын Иран-Ғайып Жазушылар одағының залындағы жиналған топтың алдына шығып мінезді, рухты өлең оқыды, оны қазақтың жүрек сөзі, достарының тілегі деуге болар еді. Аға сексенге толып отырған бүгінгі күні мақаланың соңын сол өлеңнің мазмұнымен аяқтайын.
Ардақты Ахметжан Ашири, гүлдей болсын көңіліңіз, бейбіт болсын өңіріңіз, ұзын болсын өміріңіз!
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, «Илһам» сыйлығының лауреаты