• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 05 Маусым, 2018

Отгонцецег Галбадрах Мадридте қола алды

522 рет
көрсетілді

Испанияның астанасы – Мадридте өткен Еуропаның ашық кубогында Қазақстанның бірнеше дзюдошысы бақ сынағанымен, солардың арасынан тек біреуіне ғана қола медаль бұйырды. Бұл жүлденің иегері – Отгонцецег Галбадрах.

Аса жеңіл салмақта бел­­десетін Отгонцецег жара­қа­тына байланысты ем-дом қабылдап, біраз уақыт боз кілемнен көрінбеген еді. Соған қарамастан ол Пиреней түбегінде өткен жарыста өзін жақсы қыры­нан көрсетті. Алғашқы екі белдесуде Испания мен Израиль өкілдерін ұтқан Олимпия ойындарының қола жүлдегері жартылай фи­­налда жергілікті балуан­ Лаура Мартинеске есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен бәсекеде Галбадрах Бельгияның бет­ке ұстары София Анна Жу­ра­ны жеңді. Ал осы турнирде өнер көрсеткен өзге қыздарымыз алғашқы бір-екі айналымнан аса алған жоқ. 

Ерлер бәсекесінде екі өреніміз ғана татамиге шық­ты. Алайда екеуі де ел үмітін ақтай алмады. 60 кило сал­мақтағы Рамазан Мамаев бастапқыда Италия мен Из­райль өкілдерінен айласын асырғанымен, үшінші кезеңде франциялық Лука Макензеге жол берді. Жұ­баныш бәсекесінде қан­да­сымыз Францияның тағы бір дзюдошысы Винсент Манквитске есе жіберді. 66 кило салмақ дәрежесінде белдескен Сұңғат Жұбатқан тұсаукесер кездесуінде испаниялық Сальвадор Рокадан ұтылды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»