«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы қарсаңында Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде саяси ұйымның тұңғыш мұражайы ашылды.
Оның қорында жасақталған құжаттар мен деректер партияның құрылғаннан бергі қалыптасу, даму тарихынан саналуан сырлар шертеді. Мұнда келушілер Тұңғыш Елбасымыздың еңбектерімен, басқа да құнды жәдігерлермен кеңінен таныса алады.
Мұражайдың тұсаукесер рәсімінде облыстық филиалдың алғашқы жетекшісі, осы оқу ордасының директоры Александр Мерк сөйлеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан баспартияның орны мен рөліне кеңінен толғады.
«Біздің колледжде партияның "Жас Отан" жастар қанаты жұмыс істейді. Студенттеріміз ардагерлерге көмек көрсетіп, түрлі шараларға қатысып тұрады», деді ол.
«Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловтың айтуынша мұражайдың ашылуы еліміз бен бас партиямыздың даму кезеңдерімен, тарихымен жете танысуға мүмкіндік береді. Партия мүшелері мен жастар үшін маңызды оқиға, өнеге аларлық тағылым болып саналады.
Басқосуда саяси ұйымның құрылуына үлес қосқан ардагерлеріміз туралы да айтылды.
Осында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, партияның күн тәртібіндегі жоспарлары мен алдағы мақсаттар талқыланды.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»