Осыдан бірнеше жыл бұрын Тайынша ауданында өз жұмысын тоқтатқан «Биохим» зауыты «Bio Operations» ЖШС-і ретінде қайта құрылып, крахмал және биоэтанол өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын қалпына келтіруге кірісіп кетті.
Кәсіпорынның бас директоры Сәбит Ахметовтың сөзіне қарағанда жаңғырту жұмыстарына 11 миллиард теңге бағытталып, заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылар сатып алынған. Қазіргі уақытта зауытқа келетін тасжол мен Тайынша стансасына дейінгі темір жол жөнделді. Енді биоэтанол өндірісі технологиясын жетілдіру шаралары қызу жүргізілуде. Жобаның жылдық қуаты 250 мың тонна астықты қалдықсыз өңдеуге арналған. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жоба бойынша диірмен кешені, элеватор, бірнеше цех іске қосылды. Сөйтіп қосымша екі жүз жұмыс орны құрылды.
Таяу арада глютен мен балауыз өнідірісі пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін бидайдан отындық биоотын алу мақсатымен негізгі өнім биоэтанол өз тұтынушыларына жол тартады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»