1925 жылы «Ақ жол» газетіне қосымша ретінде жарық көрген қазақтың тұңғыш сықақ журналы «Шаншардың» шығу тарихына қатысты мәліметтер ғылыми ортаға жақсы таныс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің PhD докторанты Алтын Ақынбекова Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақталған «Шаншар» журналын араб қарпінен кирилл жазуына аударып, жарыққа шығарған. 2017 жылдың 24 қарашасында университет кітапханасында өткен Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш көсемсөзі – рухани жаңғыру парадигмасы» атты ғылыми-практикалық конференцияда таныстырылымын өткізген-ді. Саясат, әлеумет, әдебиет мазмұнды күлкі журналы «Шаншардың» №1 саны Ташкентте 1925 жылы 6700 таралыммен жарыққа шыққан.
Жас ғалымның ғылыми ізденістерінің нәтижесінде таяуда «Шаншардың» 1925 жылғы тағы бір №1 саны Алматыдағы Орталық мұрағаттың сөресінен табылды. Осы тұста «Бұл қалай? «Шаншар» журналының №1 нөмірінің екі мәрте қайталанып шығуына не түрткі болды?» деген заңды сауал туындайды. А.Ақынбекованың мәліметі бойынша, екі басылымның да айырмашылығы әжептәуір. Басылған қағазында ғана емес, көлемі мен таралымында да өзгешеліктер бар. Мұрағаттан табылған журнал сары қағазға басылып, шыққан жылы айы, күні дәл көрсетілсе, алдыңғы табылған нұсқа қағазының сапасымен де, безендірілуімен ерекшеленеді. Әрі түрлі-түсті болып шыққан. Екі журналды салыстыра қарап, сары қағазға, «1925 жылы 26 февраль» деп шыққан күні анық басылған «Шаншар» журналы алғашқы басылым болуы мүмкін деген болжам жасалуда. Мазмұнында да айтарлықтай ерекшеліктер бар. Таралымы – 3000 дана. Ал №1 саны деп айы, күні көрсетілмеген нұсқада материалдар да сұрыпталып, екшелген екен. Алайда №2 саны деп көрсетілмей, №1санының қайталай басылуы ғалымдарды біраз тығырыққа тірегендей. Қалай болғанда да А.Ақынбекова «Шаншардың» жаңа нұсқасын да кирилл жазуына ауыстырып, ғылыми кеңеске ұсынды. «Шаншар» журналының бір емес, екі нұсқасын ғылыми айналымға енгізіп, тың мәліметтер жинаған Алтын Ақынбекованың ізденісі үлкен зерттеулердің бастамасы екені анық.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновациялық бөлімнің меңгерушісі Т.Әлібеков қазақ журналдар тарихының зерттеушісі Үшкілтай Сұбханбердинадан кейін журнал тарихына қатысты тың деректер болмады-ау шамасы деген уәжін айтады. Осы кезге дейін ғалымның жетекшілігімен «Айқап», «Қазақ», «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» басылымдарының кириллицаға түсірілген нұсқасы бүгінде құнды дереккөз ретінде пайдаланылуда.
Бұдан бұрын мәлім болғанындай, Алтын Ақынбекова Семейде Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов 1918 жылы шығарған «Абай» журналының да №12 санын тауып, кирилл қарпіне аударған болатын. Бүгінде «Абай», «Шаншар» журналдарының кирилл қарпіндегі нұсқалары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың қолдауымен «Қазақ университеті» баспасында басылып, оқырмандарға жеткен. Ендеше, ғалымның ізденістеріне сәт-сапар!
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ