Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Үкімет және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыпқа орай Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.
Отырыс барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылдың басты жетістігі ел экономикасының 4 пайызға артуы деп мәлімдеді. Оған инвестициялық белсенділіктің артуы, сыртқы экономикалық ахуалдың жақсаруы есебінен ішкі сұраныстың біртіндеп қалпына келуі ықпал еткен. «Нәтижесінде, кіріс 100,9 %-ға артық орындалып, бюджетке 9,7 трлн теңге түсті. Салық 2016 жылмен салыстырғанда 13 %-ға өсіп, бюджетке 572 млрд теңге көлемінде қаржы түсті. Шығыс 99,8 %-ға игеріліп, көлемі 11,2 трлн теңге болды. Олардың алдыңғы жылдан 31,2%-ға ұлғаюы дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландырумен тікелей байланысты. Мұндай шараға Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді тарту жолымен «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты бағдарламаларды іске асыру және банк секторын сауықтыруға байланысты Ұлттық Банкпен бірлескен шаралар жатады. Ал республикалық бюджет тапшылығы 1 трлн 357 млрд теңгені құрады. Бұл жоспардан 9%-ға төмен және ІЖӨ-ге шаққанда 2,6 %-ды құрайды», деді ол. Министрдің айтуынша, Үкімет есебін талқылау кезінде бюджеттің салық базасын кеңейту және оларды әкімшілендіруді жетілдіру сияқты біраз мәселелер көтерілген. Сонымен қатар бюджет кірістерін нығайту мақсатында 2017 жылы тиісті жоспар қабылданған. Осы жоспарды іске асыру барысында салық түсімдерінің ІЖӨ-ге шаққандағы төмендеу тренді өзгеріп, 1 пайыздық пунктке жоғары орындалған. Сондай-ақ Қаржы министрлігі биыл тамыз айында блокчейн технологиясын қолдана отырып, қосымша құн салығы орындалуының айқындығын қамтамасыз ететін жоба тұсаукесерін өткізбек. Оның мақсаты – салық төлеушілердің қаржылық операцияларын қолма-қол қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару.
Биыл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Оған кіретін көрсеткіштердің бірі – игерілмеу көлемі екі есеге азайса, екіншісі сыртқы және ішкі аудит тексерулері кезінде анықталған заң бұзушылықтар ұлғайған. Ал бухгалтерлік және қаржылық есептерді жүргізудегі заңнаманы бұзу қаржылық бұзушылықтың 86 пайызын құраған. Министрдің пікірінше, бұл мәселе осы мамандардың біліктілігін арттырумен және оларды міндетті түрде кәсіби сертификаттау арқылы шешілмек.
Былтырғы Бюджет кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес енді квазимемлекеттік субъектілерге қаражат бөлу қаржы-экономикалық негіздемеде анықталған бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру мерзімдері бойынша жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ көп қаражат жұмсалған мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың тиімділігі, стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлаудың бір-бірінен алшақтығы, олардың индикаторларының сапасыз жоспарлануына себеп болып отыр. Бағдарламалық құжаттардың орындалуы барысында жіберілген кемшіліктер де бар. Бірақ жетістіктер де аз емес. Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 47 млрд теңге кәсіпкерлерге әртүрлі қолдау көрсетілуге берілген. 2017 жыл қорытындылары бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңгеге өнім өндіріп, 17,3 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, бюджетке 217 млрд теңге салық төленген. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жалпы 341,7 мың шаршы метр арендалық және коммерциялық тұрғын үй халыққа пайдалануға берілді.
Қаржы министрі мемлекеттік борыш мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік борыш көрсеткіші, оның ішінде квазимемлекеттік субъектілердің сыртқы борышы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Былтырғы мемлекеттік борыш ІЖӨ-ге шаққанда 26 пайызды құраған. Оның 66 пайызын ішкі қарыз құраса, 34% сыртқы қарызға тиесілі. Яғни, мемлекеттік борыштың үштен бір бөлігі ғана валюта бағамының өзгеруіне тәуелді. Болашақта бюджет тапшылығын қаржыландыру саясаты ішкі ресурстарға бағытталатын болады. Осы мақсатта мемлекеттің борышын тиімді басқару үшін оның құралдарына диверсификациялау шарасы қабылданбақ. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында сукук ислам облигацияларын шығару жоспарланып, орталықпен бірлесе Euroclear банкімен қарым-қатынас орнатылмақ. Бұл жұмыс халықаралық инвесторлар үшін теңгедегі бағалы қағаздарды орналастыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа квазимемлекеттік сектордың борыштарын басқару Үкімет тарапынан заңнама жүзінде бақылауға алынып отыр.
Ал Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға тоқталып, олар бойынша 2017 жылғы таза кіріс 6 млрд теңгеге қысқарғанын, ал шығыны біршама артқанын жеткізді. Сонымен қатар кей мәселелерге байланысты меморгандар мен ұлттық компаниялар сырттан халықаралық кеңесшілерді тартуға қомақты қаржыны жұмсауды жалғастырып отырғанын атап айтты. «Олардың еңбекақысы жергілікті мамандардан 3-4 есе асып түседі. Сонымен бірге олардың еңбекақысын реттеу бойынша нормативтік-құқықтық база жоқ. Осы орайда сарапшыларды тарту бойынша бірыңғай орталықты құру жолымен халықаралық кеңесшілер қызметтеріне шығыстарды оңтайландыру жөн болар еді», деді ол.
Есеп комитеті келтірген деректер бойынша, бюджеттің кіріс бөлігінің экономиканың шикізат секторына тәуелділігі сақталып отыр. Шоғырландырылған бюджетке шикізаттық емес сектордан түсетін түсімдердің өсу қарқыны 2016 жылы 40,7%-дан 2017 жылы 2,6%-ға дейін төмендеген. Комитет 2017 жылдың қорытындысы бойынша сапасыз салықтық әкімшілендірудің салдарынан келген республикалық бюджеттің болжамды шығындары шамамен 108,5 млрд теңгені құрайтынын жеткізді. 2017 жылы республикалық бюджет шығыстары 11 572,9 млрд теңгені құраған. Іс жүзіндегі шығыстар 11 550,7 млрд теңге мөлшерінде немесе түзетілген жоспарға сай 99,8% болған, 2016 жылмен салыстырғанда 2 668,8 млрд теңгеге немесе 30,0%-ға ұлғайды. Бұл негізінен банк секторын қолдауға қаражат бөлуге және өңірлерге берілетін субвенциялардың ұлғаюына байланысты. Шығыстар құрылымында едәуір үлес салмақ шығын 92,4% болып отыр, олар 2016 жылмен салыстырғанда 10 677,5 млрд теңге сомасында орындала отырып, 2 777,7 млрд теңгеге өскен. Үкімет есебінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарына дебиторлық берешектің жалпы сомасы 300,3 млрд теңгені (2016 жылға қарағанда өсім 88,4 млрд теңгені құрады) құраған.
Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеті Қаржы министрлігі мен Есеп комитетінің атқарған жұмысына оң қорытынды берді.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында тұрақты комитеттер екінші оқылымдағы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның жобасын мақұлдады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»