• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2018

Шығыстағы елді мекендердің тарихи атауларын қайтарар кез жетті

803 рет
көрсетілді

Осыдан екі-үш ай бұрын Өскеменде өткен бір жиында семейлік жазушы Медеу Сәрсеке ағамыз өңірдегі ономастика мәселелері жайында ой қозғап, өзінің «Семей қасіреті» атты кітабында об­лыстағы бүгінде орысша аталып жүрген бірнеше елді­ мекеннің тарихи атаулары туралы жазылғандығын айтқан еді. Аталған еңбекте қаламгер есімі аймағымызға белгілі этнограф Молдабек Жанболатовтың абайлық Садық Қасимановтың әңгімесі негізінде жазылған құнды естелігін оқырман назарына ұсыныпты. 

Құнды деп отырғанымыз, бұл естелікте қазір ел жадынан өше бастаған жер-су атау­лары ғана емес, қазақтың жартысын жал­маған ашаршылық турасында да мәнді мәліметтер кездеседі. Сол естеліктің үзін­дісін өзде­ріңізбен бөлі­суді жөн көріп отырмыз. «...1932 жылғы көк­темде Са­дық отағасы мемлекеттен кө­мек ретінде алған көтерме қар­жымен Шыңғыстау мен Орда өңірінен екі жүздей отбасының аш-арығын Сіләм­бек қорасына жинай­ды. Содан жаяу­лап жолға шығып, жолшыбай Арқат өңірінен де жадап-жүдеген шерменделерді қосып алып, қарасы зорайып, солардың бәрін Жарма стансасына жеткізіп, жүк вагонына отырғызып, Семейге әке­леді. Онда да тұрақтамай, «Локоть», «Төмен», «Алтай» кемелеріне мінгізіп, Ертісті өрлеп, Про­летарка – Ақши (Байқала), Пляжный Яр – Сандыққала, Уба-Фор­пост – Қуқала, Убинка – Та­раншы, Зевякино – Кү­шіней, Барашки – Жа­лаңаш, Березовка – Бә­тір­ман, Предгорное – Қы­зылжар, Глубокое – Ақтас, Пропорщикова – Би­дайқала, Баты – Қостөбе, ең аяғында Тұғылға дейін әр мекенде 10-15-тен отбасын қалдырып, кейбірін тәркілеу науқанында қаңы­рап бос тұрған кешегі ауқат­тылардың қора-қоп­сы­сына орналастырып, ал­ты ай бойы тегін сүт, ет, тағы бас­қа тағамдар беруді ұйым­дастырады» (М.Сәрсеке, «Семей қасіреті», 202-бет). 

Ақши (Байқала), Сандық­қала, Қуқала, Тараншы, Күші­ней, Жалаңаш, Бәтір­ман, Қы­зылжар, Ақтас, Бидайқала, Қос­төбе... Атам қазақ басқадан қате­лессе де, ат қою, атау беруден қателеспеген ғой, шіркін! Қараңыздаршы, қандай көркем атаулар. Құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиеді. Реті келгенде айта кетейік, жоғарыда бұрынғы тарихи атауларымен бірге аталған ауылдар қазіргі таңда Глубокое (Предгорное, Пропорщикова, Березовка), Бородулиха (Пролетарка, Уба-Форпост) және Шемо­наиха (Барашки, Убинка, Зевакино) аудандарында орын тепкен. Жақында газетімізде Бор­оду­лихадағы Пролетарка ауылына бұрын­ғы Ақши деген тарихи атауы қайтарылатынын жазған­быз. Ал қалған ауылдар әзір­ге «баяғы жартас – сол жартас» қалпында тұр. Десек те алдағы уақытта жоғарыда біз келтірген тарихи атау­лар қайта оралар деп үміт етеміз.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы