• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2018

Алматыда кәсіподақтар мерекесі атап өтілді

628 рет
көрсетілді

«Біздің болашағымыз – біріккен күш-жігерімізде!». Осы ұранды басты  тақырып еткен қалалық кәсіподақ ұйымдарының, әлеуметтік әріптестердің, кәсіподақ қозғалыстарының белсенділері Қазақстанның кәсіподақтар күнін Ұлттық кітапханада салтанатты жағдайда атап өтті.

Кәсіподақтар заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру арқылы еңбек қауіпсіздігін қорғау саласындағы ұлттық саясатты дамытуды мақсат етіп келеді. Бүгінде жұмыскерлердің құқығын қорғаудағы негізгі тетік әлеуметтік әріптестікте жатыр. Ағымдағы жылдың наурыз айында Алматы қаласы әкімдігі, «Алматы кәсіподақтар одағы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Алматы кәсіподақтар одағы» және Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен негізгі нормативті-құқықтық құжат - 2018-2020 жылдарға арналған Аймақтық келісім  жасалды. Бүгінде негізгі құжат аясында қаладағы еңбек ұжымдарына қолайлы жағдайлар жасау мен еңбек қауіпсіздігін қорғау бағытындағы шаралар жүзеге асуда.

Кәсіподақтар мерекесі қалалық филиалдардың қызметі жайлы жасалған «Қазақстан кәсіподағы қозғалысының тарихы» көрмесінен басталып, арнайы бейнебаян көпшіліктің назарына ұсынылды.

Салтанатты шараны Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы М.Б.Отыншиев құттықтау лебізімен бастап, әрбір еңбеккер үшін маңызды мерекемен құттықтады. «Мемлекет басшысы «қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға нақты күш-жігер жұмсаудың уақыты келді» деген болатын. Бүгінгі таңда кәсіподақ қызметінің басым бағыттарының бірі –   5 институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау. Ағымдағы жылдың басынан бастап жаңа Еңбек кодексі қолданысқа енгізілген. Сонымен қатар «Кәсіподақтар туралы» Заң да бар. Бұл орайда жаһандық экономикалық дағдарысқа байланысты кәсіподақ қызметіне деген көзқарас та жаңара түсуде» деп атап өтті М.Б.Отыншиев.

Салтанатты шара кәсіподақ мүшелерін марапаттаумен жалғасын тапты. «Алматы сигнализация және байланыс дистанциясы» бастауыш кәсіподақ ұйымы, «Алатау  Жарық Компаниясы» адам ресурстары басқармасының бастығы А.А.Абдиров, Алматы технологиялық университеті студенттік комитет кәсіподағының төрайымы А.Джайлханова, «Алматы электр стансасы» Батыс жылу кешені департаментінің еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторы М.В.Иванцов және т.б. «Кәсіподақ өміріне белсенді қатысқаны үшін», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Әлеуметтік серіктестер», «Кәсіподақтардың жастар резерві», «Жаппай құқықтық білім алу» аталымдары бойынша марапатталды.

Мерекелік шара аясында өткен пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Активтерін басқару жөніндегі дирекция» мекемесінің Бас директоры Қ.Н.Мусин, «Алматы кәсіподақтар одағы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы З.Ә.Өмірбаева,  Алматы кәсіподақтар одағы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымының орынбасары Ж.М.Естаев,  Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету кәсіподағы кызметкерлерінің кәсіподағы Алматы  қалалық филиалы төрайымы Д.М.Айнақұлова, республикалық «SENIM»  Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Алматы қаласы филиалының төрағасы  Қ.Ш.Нұргазиев,  «Алматы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілі В.К. Кекерчень, Алматы электрлі станциясы Жергілікті «Энергия» кәсіподағы В.М.Ситдиков, т.б. қатысты. Қатысушылар «Еңбек заңнамасы», «БАҚ-мен жұмыс істеу», «Әлеуметтік серіктестік және медиация», «Жастармен жұмыс», «Сауықтыру демалысын ұйымдастыру» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізді. 

Шара аясында флеш-моб ұйымдастырылып, Нұрғиса Тілендиев атындағы Отырар сазы оркестрі, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Н.Наденова, «Жігер» дуэті, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының өнерпаздары мен «Арман» би ансамблі өнер көрсетті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ