Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу» тақырыбында Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы айқындаған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, еліміздің аграрлық саласын инновациялық бағытта кешенді дамыту, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау ісін дамыту.
Жиын барысында Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапар Омаров, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов, «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Тәжібаев және экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғани Қалиев қатысып, осы саладағы өзекті мәселелер туралы ой қозғады.
Мәжіліс депутаты Сапар Омаров аграрлық сала бойынша кәсіби мамандардың жеткіліксіз екенін айтып, осы мәселені оңды шешу жолдарын ұсынса, вице-министр Ерлан Нысанбаев ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізудің маңыздылығына айрықша мән берді. Ал ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов білім ордасының соңғы жылдарда қол жеткізген табыстарына тоқтала келе, бүгінгі таңда университеттің ұстанған бағыт-бағдары мен осы жерде атқарылып отырған жұмыстар жайында кеңінен баяндады.
– Тек ағымдағы жылда 200 стартап жоба ұсынылды. Оның ішіндегі ең үздіктеріне 150-1000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Өткен жылдың ішінде университет ғалымдары ауылшаруашылық өндірісіне енгізуге арнап 25 монография, 39 ұсыныс шығарып, патент алуға 24 оң шешім берілді. Көптеген жоғары оқу орындарында мамандарды дайындауға тиісті инфрақұрылым мен тиісті ғылыми мектеп жоқ. Осының бәрі мамандар дайындау сапасын төмендетеді. Қазіргі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде білікті мамандарға мұқтаждық 80 пайызға жуықтайды. Бүгінгі күні ауылда ауыл шаруашылығын жақсы білетін экономистер, бухгалтерлер, менеджерлер тапшылығы сезіледі. Бұл мамандарды аграрлық ЖОО-да дайындау керек, – дейді Т.Есполов.
Көшпелі отырысқа қатысушылар оқу орны базасындағы мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларының, «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» жұмысымен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Сонымен қатар ҚазҰАУ ұстаз-ғалымдарымен, білім алушы жастарымен кездесіп, өзара пікірлесті.
Жиын қорытындысы бойынша «Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу» бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
Көшпелі отырыстың университеттегі жиынынан соң Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері мен ғалымдар Алматы облысы аумағында орналасқан «Amiran» Қазақ тағамтану академиясының зауытына, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына және басқа да шаруашылықтарға арнайы барып, мамандармен, агробизнес өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді шешудің тиімді жолдарын талқыламақ.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ