Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда жыл сайын 100 млн адам медициналық қызметтің ақысын төлеймін деп, кедейшілікке ұрынады екен.
Расында, медициналық қызметтің бағасы жоғары. Дегенмен елімізде мемлекет бөлген қаражатпен квота арқылы күрделі операциялар жасаудан, диспансерлік есептегілерге тегін дәрі-дәрмек беруден тыс кепілді тегін медициналық көмектің болғанына шүкір дейміз. Егер орган алмастыруға, онкологиялық және бірқатар әлеуметтік ауруларға тегін ем көрсетілмегенде жыл сайын қанша қазақстандықтың кедейшілік қамытын мойынына ілетінін бір құдай білер. Ал әлемде медициналық көмекке жүгінушілердің 90 пайызы қаражатты өз қалталарынан төлеп, мемлекеттен ешқандай әлеуметтік каржылық қолдау көрмейді, 10 пайызы ғана бюджеттен немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен ем алатын көрінеді. Астанада өткен ТМД-ға мүше елдердің ДСҰ-мен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған мемлекетаралық мәжілісте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Дорджсурен Байарсайхан осылай дейді. Сарапшы Дүниежүзілік банктің есебі бойынша 800 млн адам немесе Жер шары тұрғындарының 12 пайызы сырқаттана қалса, отбасылық бюджеттің 10 пайызын жұмсайтынын, ал Қазақстанда бұл көрсеткіштің 7 пайыз шамасында екенін де айтады.
Аталған отырыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі мәселелер әңгіменің өзегіне айналды. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Пациентке қажетті денсаулық сақтау аясындағы қызмет көрсетуді интеграциялау» жобасы мемлекеттік органдарда іске асырылып жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік және мемлекеттік емес қаражатты есептеп, мониторинг жүргізіп, қаржыландыру мәселесінде биыл тұңғыш рет Ұлттық денсаулық сақтау есебі қолға алынғанын жеткізген Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының Денсаулық сақтау экономикасы орталығының жетекшісі Зарина Темекова: «Денсаулық сақтаудың ұлттық есебі техникалық тұрғыдан «Қаражат қайдан келді, ақшаны кім алды және қаржы қайда бөлінді, қандай қызмет түріне жұмсалды?» деген сауалдарға жауап беретін екі өлшемдегі таблицаны елестетеді. Бұл төрт категория ортақ классификацияға бірігіп, денсаулық саласын қаржыландыруда туындаған әр сұраққа жауап бере алатын болады» деді. З.Темекова өз сөзінде еліміз бойынша денсаулыққа жұмсалатын қаражаттың жыл сайын өсіп отырғанын айтты. Мәселен, 2016 жылы 1,6 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 3,4 пайызын құраса, былтыр 3,7 пайызды көрсеткен. Ал долларға шаққанда 2016 жылы 280$ болса, 2017-де 319$ құраған.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласында ұсынып отырған жобасы халықтың өз денсаулығын басқаруға белсенді қатысуға үйрететінін айтқан мамандар бұл мақсатта елімізде алғашқы көмек көрсетудің ұлттық тұжырымдамасы жасалғанын жеткізеді.
Шараға қатысушылар Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының 71-ші қарарына және 2019-2023 жылдарға арналған он үшінші жалпы бағдарлама жұмысына ұсыныстар айтты. ТМД елдерінің өкілдері денсаулық сақтауды қаржыландыру реформасы барысында өзара ынтымақтастық орнатудағы мәселелер мен ұлттық есеп, әлеуметтік медициналық сақтандыру және дәлелдемелі медицинаның мәселелерін жан-жақты талқылады. Басқосуға ТМД елдерінен басқа Швейцария, Түркия және еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының өкілдері қатысты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»