Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпірі атанған ару Астана талай-талай халықаралық шаралардың бастауында тұрды. Өзінің 20 жылдық төл мерекесі қарсаңында елордамыз тағы осындай ірі өнер байқауының тұсауын кескелі отыр. 15-16 маусымда Астанада бас қаланың мүшел мерекесіне арналған «Voice of Astana» атты I халықаралық эстрадалық музыка орындаушыларының байқауы өтеді. Бұл халықаралық байқау еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткелі отыр.
Халықаралық эстрадалық музыка фестивалі шеңберінде үш үлкен шара өткізу жоспарланған. Олар: «Voice of Astana» эстрадалық музыка орындаушыларының I халықаралық байқауы, Байғали Серкебаевтың шығармашылық кеші, Батырхан Шүкеновті еске алу концерті.
«Voice of Astana» I халықаралық байқауының іріктеу жарыстарына 20 мемлекеттен 500-ден астам жас эстрадалық музыка орындаушыларының өтініші қабылданды. 15 маусымда Астана қаласында өтетін жартылай финалға ҚХР эстрада жұлдызы Бао Лин, Үндістан өнерпазы Шрея Шарма, Израильдан Катерина Марко, Италиядан Vinile тобы, Ұлыбританиядан Goldstone тобы, Грузиядан Автандил Абесламидзя, Әзербайжаннан Ильхам Назаров, Ресейден Дулма Сунрапова, Элеонора Носова, Болгариядан Никола Чочев сияқты 20 мемлекеттің өнер саңлақтары қатысады. Жартылай финалда топ жарып үздік шыққан өнерпаздар 16 маусымда өтетін «Voice of Astana» I халықаралық эстрада музыкасы орындаушылары байқауының финалдық бәсекесінде бақ сынасады.
Осы халықаралық өнер байқауының аясында өтетін Байғали Серкебаевтың шығармашылық кеші мен Батыр Шүкеновті еске алу концертіне В.Меладзе, Л.Агутин, В.Пресняков, Ю.Караулова, Р.Рымбаева, М.Беспаев және басқа жұлдыздар өнер көрсетеді. Эстрадалық музыка орындаушыларының «Voice of Astana» I халықаралық байқауы елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.
Ботакөз АМАЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 1-курс студенті