Семейге Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет арнайы келіп «Поэзия марафоны» шарасына қатысты. Шара аясында Ұлықбек Есдәулет Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың қабылдауында болып, қазірде өзі басқарып отырған Жазушылар одағының хал-жайымен таныстырды.
– Бүгінде Одақ құрамында 800-дей жазушы бар, – деді Ұлықбек Есдәулет. – Мұның 500-дейі зейнеткер. Жазушылар одағының Семей қалалық филиалын ұзақ жылдар бойы абайтанушы Төкен Ибрагимов басқарды. Енді міне, көпшіліктің ұсынысымен филиал жетекшілігіне жас ақын Мерей Қартовты бекітіп отырмыз.
Жиынға белгілі қаламгер Медеу Сәрсеке, Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, ақын Әлібек Қаңтарбаев, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков, ақын Тыныштықбек Әбдікәкім қатысты. Алдағы уақытта Семейдегі Жазушылар одағының бөліміне арнайы жұмыс кабинеті беріліп, барлық керек-жарағымен қамтылатын болды.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ