Әлемнің әр шалғайындағы шамшырақ астаналар тек телегей тарихымен, дәуірлік дәстүрлерімен, айшықты архитектурасымен ғана әспеттелмесе керек. Бақандай бір мемлекеттің мерейіне баланар бас қаланың абырой-беделін айқындар басқа да басымдықтар баршылық. Алыс-жақыннан келген ағайын ең алдымен оның мәдени-рухани байлығына мән беруі әбден мүмкін.
Бұл тұрғыдан алғанда Алаштың төріндей Арқа төсінде алтын күмбезді Ақордасын тіккен тәуелсіз Қазақстанның жас елордасы айналасы жиырма жылдың ішінде бұрын-соңды армандауға батылымыз бармаған биіктерді бағындырды. Кем-кетігі көп кешегі облыс орталығын кемеліне келтіру әрине оңай емес еді. Оның үстіне ұзын дәме, қысқа қолдың қиюын табу қомақты қаржыны, қажырлы күш-қайратты қажет ететін. Еңсені езген экономикалық қиындықтар кеңінен көсілуді көтермейтін. Бірақ амбициялық мақсаттың алмайтын асуы жоқ емес пе?! Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде іргелі іс ілгері басты. Астананың рухани ажарын қалыптастыруға айрықша назар аударылды. Осы орайда Алматыдан және өзге де өңірлерімізден танымал тұлғалармен қатар тасы өрге домалап тұрған талантты өрендер шақырылды.
Ендігі жерде шығармашылық ұжымдарды елордалық деңгейге жеткізу міндеті тұрды. Ол үшін бірінші кезекте білікті кадрлар даярлау қажет-тұғын. Елбасының тікелей қолдауымен ашылған Музыка академиясы сол мақсатта келешектің алғышартын жасауға аянбай атсалысты. Страдиваридің сиқырлы аспабының тілін тауып сөйлеткен әйгілі скрипкашымыз Айман Мұсақожаева табандылық танытып, осынау оқу ордасының негізін қалап қана қоймай, оны шын мәніндегі өрелі өнерпаздардың ұстаханасына айналдыра білді. Құтты ордамызбен құрдас университет жақында өзінің мерейтойын лайықты атап өткені жалпақ жұртқа белгілі. Қаншама ұл-қыздарымыздың қабілет-қарымын ұштады. Соның арқасында дарын даралығын байқатқан алғыр шәкірттердің алды халықаралық конкурстарда топ жарды. Бәрін бірден тізбелемей, әлемді әнмен «қырған» жезтаңдай жеткіншегіміз Димаш Құдайбергеннің есімін ауызға алсақ та жетіп жатқандай.
Классик композиторымыз Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» сияқты кесек туындысымен шымылдық түрген «Астана Опера» театры қазір қанатын кеңге жайды. Жаһандық опера мен балет жауһарларын жарқыратып қоятындай дәрежеде екендігін дәлелдеді. Сайдың тасындай іріктелген сахна саңлақтары небір шедеврлерді тамашалағандықтан анау-мынау дүниелерге таңдана қоймайтын талғамы жоғары еуропалық көрермендердің де көзайымына айналып үлгергенін ойлағанда кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова – дүние жүзін мойындатқан дүлдүлдер. Ал дауыстары көкте дамылдаған Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Талғат Мұсабаев, Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, мың бұралған биімен талайларды тамсандырған Бақтияр Адамжан, Мәдина Басбаева, Гауһар Усина, Әйгерім Бекетаева және басқа жұлдыздарымыздың есімі жұрттың аузында жүр.
Сүйсінерлік тағы бір жайт, атақ-даңқтары бес құрлыққа белгілі көптеген корифейлер біздің театрмен бірлескен бірегей жобаларға қуана келісім береді. Балет саласының батагөйі ресейлік Юрий Григорович сүбелі спектакльдер қойды. Аттары аңыз боп тараған италиялық майталмандар – заманымыздың заңғар сценографы Эцио Фриджерио мен көрнекті костюм суретшісі, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино қайталанбас қолтаңбаларымен жақсы атымыздың жайылуына қомақты үлес қосып жатса, бағымыздың жанғаны емей немене?!
Президент пәрменімен шаңырақ құрған Қазақ ұлттық хореография академиясындағы оқуға, шеберлікті шыңдауға жасалған қолайлы жағдайлар болашақ балет өкілдерінің ертеңіне сенімін арттыруға тиіс. Өйткені жуырда осында қонақтап қайтқан Ирек Мұхамедов, Ульяна Лопаткина сынды балеттен бақытын тапқандар академияның тыныс-тіршілігімен танысу барысында таңданыстарын жасыра алмады. «Сеніңіздер, біз бірсыпыра жердің дәмін татқан жандармыз. Көрген-білгендеріміз де көп. Алайда мынандай ғимаратты кездестірмегенімізді айтқымыз келеді. Оқу корпусы, жаттығу залдары, жайлы жатақханалары заманауи талаптарға сай жабдықталған.
(Соңы 12-бетте)
Кейбіреулердің өңі түгіл түсіне кірмеген игіліктерге кенелген балғын балетшілердің артылған үмітті ақтамасқа қақылары жоқ» десті олар сүйсініске толы ойларын ортаға салып.
Ұлттық руханиятымыздың ұлағатты ұяларының бірінен саналатын Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының табыстары да көңіл тоғайтарлықтай. Кезінде Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебінен өткен творчестволық топ драматургияның қай жанрын болмасын еркін меңгеруімен ерекшеленеді. Сахнаның сәніндей Тілектес Мейрамов, Гүлжан Әспетова, Жанат Чайкина, Талғат Теменов тәрізді тарландар соңынан ерген ізбасарларын соны соқпақтарға бастаудан әсте жалықпайтыны дәстүр сабақтастығының алтын арқауы үзілмейтіндігін айғақтайды.
Елордадағы ерек нысандардың қатарына Ұлттық музей кірері даусыз. Аумағы жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін иеленетін аталмыш мұражайды аралаған адам Қазақстан тарихы туралы мол мәлімет алып, танымдық ой-өрісін кеңейтіп шығады. Көрме залдарындағы көнеліктер сізді ғасырлар қойнауына сүңгітіп, асыл қазынаға толы алып көмбені ақтарғандай ғаламат күй кештіреді. Ескінің көзіндей экспонаттар ата-бабалар аманатын еске салғандай. Анау «Алтын адам», мынау Берел қорғанынан әкелінген әшекей жабулы жылқылар, археологиялық қазбалар кезінде аршылып алынған артефактілер халқымыздың баяғыда бауқатты өмір сүргенін білдіреді. Мұндай құнды жәдігерлермен жақынырақ сырласқан жас ұрпақтың отаншылдық сезімі ерте оянып, елжанды азамат болып ержетеді. Бәлкім содан шығар, мұнда ұдайы ұйымдастырылатын әртүрлі шараларда естияр немерелерін ерткен ақасақалдарды жиі ұшыратамыз.
Білім – ілім іздеушілер мен рухани нәрмен сусындауға құмартқандар әдетте Ұлттық кітапхана табалдырығын аттауға асығады. Еуразия кеңістігіндегі оқырманы ең көп қала атануға ұмтылған елордамыздың жан-жақты жарасымды дамуына тиімді әсерін тигізетін бұл парасат патшалығының қорында VI-XX ғасырлар арлығында жарық көрген 13 000 сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталған. Осы жолдар авторының олардың аса маңыздыларын – базбір бағзылық басылымдарды көзбен көріп, қолмен ұстағаны бар. Солардың ең соқталысы – 799 жылдан бастап жазылған 338 беттік Құран тәпсірлері. VI ғасыр туындысына жататын «Қытай әскери қолжазбаларының соғыс жүргізу тактикасы» атты бамбук кітап еріксіз бас шайқатады. Кітапхана қызметкерлері кісі қызығарлықтай өзге де өте бағалы дүниелерді алақандарымен аялай сипап алдыңызға тартады. Мәселен, ағылшын заңгері, тарихшы, саясаткер Джон Рушворттың «Лейтенант Томас Эрл Старфордың өмірбаяны» дейтін кітабының жер бетіндегі жалғыз данасы осында тұрғанын естігенде өз құлағыңа сенбегендей ақжолтай ақпараттың анық-қанығын қайта-қайта сұрап әбігерленіп қалатыныңды қайтерсің. Арабша, латынша, орысша, қазақша, сондай-ақ төте жазумен басылған кітаптардың қай-қайсысы да жан сарайымызға жарығын түсірер жәдігер десек қателесе қоймаспыз.
Республиканың ресми орталығы болғандықтан қоғамдық-саяси оқиғалардың қазаны қыз-қыз қайнаған Астананың айналасы үлгі алардай рухани ажарын қалыптастыруға жоғарыда ерен еңбектерін тілге тиек қылған жақсы-жайсаңдарымызбен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көптеген көрнекті қайраткерлері қал-қадірінше үлес қосты. Мысалы, бір Мырзатай Жолдасбековтің өзі Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры болып тұрғанда жағымды мағынасында қызмет бабын пайдаланып, «балағының биті бар» балаларды қанатының астына алып, қамқорлық жасағанын ұмытсақ ұятымызға сын. Бүгінде бүкіл жұрт білетін Секен Тұрысбеков, Гүлзира Бөкейхан, Клара Төленбаева, Айгүл Елшібаевалар аяулы ағаларының жүрек жылуына бөленгендігін білеміз. Дегдардың демеуімен ашылған айтыскерлер мектебі мен ұлттық салт-дәстүрлер театры да елдік мұраттарға адалдықтың бедерлі белгісіндей көрінеді.
Шаңырағында ән шарықтап, күй қалықтаған шаттық шаһарының әр күні мереке іспетті. Салтанатты сарайлар ойын-сауық, концерттерден, ақын-жазушылардың әдебиетсүйер әлеуметпен кездесу кештерінен босамайды. Шетін мінезді шетелдік меймандар қазақтың кіндік қаласынан әдемі әсермен қайтулары үшін қажет жағдайдың бәрі бар десек артық айтқанымыз емес.
Сарсүйек зиялылары самсаған Алматының отандық мәдениетімізде алар орны әрине ала бөтен. Бірақ Астана да басына қонған бағын ұшырмасқа бекем бел буғандай сыңай байқатады. Біздіңше, науша жігіт жасындағы елордамыздың нағыз шарықтар шағы әлі алда.
Қаптаған қиындықтарға қарамай жаһандық өркениеттің жалына жармасқан жаңа Қазақстанның қарыштап өсіп-өркендеуіне сара жол салған саясат сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Астананың айбыны асқақтады. Көреген Көшбасшымыз көсегесін көгерткен мәртебелі мегаполистің мәдениеті де уақыт талабына сай мәуелене берері атар таңдай анық.
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»