Алматы шаһарына туристер тарапынан қызығушылық жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жылда оңтүстік астанаға келген шетелдік туристер саны 14%-ға өссе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Оңтүстік Кореядан, Индия, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия Федеративті Республикасынан келген туристер саны жүз отыз мыңнан асқан.
Мұндай көрсеткіштер «Туризмді дамытудың 100 қадамы» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қала туроператорларының қатысуымен өткізген кеңесте мәлім болды.
Қала әкімінің орынбасары Әсел Жүнісованың айтуынша, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің, Бүкіләлемдік Универсиаданың, ОЭСР Еуразиялық апталығының, сонымен қатар «Star of Asia», «Ұлы дала ойындары», «Tour of Almaty» т.б. музыкалық, спорттық шаралардың өтуі туристер легіне оң ықпал еткен.
«Бүгінде қала экономикасының 87%-ы қызмет көрсету саласына қатысты болса, жалпы өңірлік табыстағы туризмнің үлесі небары 1,5% құрайды екен. Мегаполистің туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алматы агломерациясының тау туризмі бойынша жоспары жасалып, оның құрамына Медеу, Шымбұлақ, Алматау және Бутаковка енген. Биылғы жылы әлемдік деңгейдегі Kempinski және Novotel отелдерінің, түрлі бутик-отельдер мен хостелдердің құрылыстарын аяқтау жоспарланған. Жыл аяғына дейін 14 халықаралық агенттік үшін БҰҰ-ның өңірлік ХАБ-ы ашылатын болады», – деді Әсел Жүнісова. Сонымен қатар қазіргі кезде туристердің көпшілігі арнайы веб-тұғырлар арқылы жекелеген демалыстарын жоспарлайтынын айтты.
Көбіне АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Индия және Германияның азаматтары пайдаланатын әлемдік TripAdvisor тұғырнамасынан туристердің Алматыға деген қызығушылығын нақты көруге болады. Мұнда қалаға деген сұраныс 465-тен 66 824-ке ұлғайған.
Ал қала әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев көлік тораптарының жетілдіріліп жатқанын айтты. Келесі айдан бастап барлық қалааралық және халықаралық жолаушы тасымалы «Сайран» автобекеті арқылы іске асатын болады. Қазіргі кезде ғимарат қайта жасалуда, көлік-логистикалық инфрақұрылымы жетілдіріліп, жеңіл көлік тұрақтары мен халықаралық қатынас аймағы кеңейтілмек. Нысан ішінде локальді туристік орталық жұмысы жолға қойылып, онда туроператорлар алыс-жақын шетелдермен байланыста болады. Қоғамдық тамақтану орындары да заманға сай қызмет етеді. Сонымен бірге «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдарын қайта жасау жұмыстары қолға алынған. Екі жүз автокөлікті қысқа мерзімге жалға беру қызметі жолға қойылатын болады. Өткен жылы 479 қоғамдық көлік қала тұрғындарына қызмет еткен болса, биылғы жылы 569 жаңа автобус жолға шығады. Осы отырыста магистральді көшелердің бойындағы пәтерлерді жалға беру мәселесінің де заң шеңберінде жұмыс істеуі тиіс екендігі айтылды.
Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенова Іле Алатау саябағында туристердің фото және бейнекамера пайдалануы қаншалықты ақылы болатындығы туралы мәселе көтерсе, Іле Алатау паркінің бас директоры Дамир Малгелдиев тек коммерциялық түсірілімдерге ғана ақы алынатындығынан хабардар етті. Басшының айтуынша, қазіргі кезде Іле Алатауы паркін дамыту туралы тұжырымдама жасалған.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
Алматы