Ордабасы ауданында күш атасы Қажымұқанды еске түсіруге арналған қазақша күрестен жыл сайынғы дәстүрлі турнир өтті. Бүгінде қазақ күресінен ең ірі жарыс осы. Кіл мықтылар осы жарыста тоқайласады. Бұл жолы да екі бірдей «Қазақстан барысы» келген. Бойымен көк тіреген апайтөс Айбек Нұғымаров пен әбжіл Мұхит Тұрсынов. Бірақ өзбекстандық Мухсин Исамудиновті көргенде көңілдегі тоқтықты жиып алдық. Кейбір балуандай қарны сыртқа ақтарылып жатпайтын, қоладан қазір құйғандай ықшам Мухсиннің сырын бір кісідей білеміз. Жыл аралатып келеді. Жай келмейді. Біздің әспенсітіп жүрген балуандарымыздың аяғын аспаннан келтіріп допша домалатып кетеді.
Өз елімізде, өз жерімізде өтіп жатқан төл күресіміз болғаннан кейін өзіміздің жігіттердің жеңгенін қалайсың. Оның үстіне қазақ өз атауына иелік ете алмай өзге елге бодан болып жүргенде дүниенің бар мықтысын жыққан Қажымұқанның турнирінде түйе балуанның атағы көрші елге кетуі қорлық қой. Мухсин өз салмағында жеңіліп қалды. Кейін білгеніміз біздің бір балуанға спорт шеберлігін орындау керек болып бапкері өтініп сұрапты. Кейде бас бәйгеге тігілген темір тұлпардан үмітті болғандар өз салмағындағы бәсекеге босқа күшін шығындамай жарыстан әдейі шығып қалады. Мухсиннің алғашқы кездесуінде біздің балуанды жиырма секундта жамбасқа салып атып ұрғанында осындай да гәп бар екендігін ұқтық. Құрыштай шымыр Мухсин екінші кездесуін «Қазақ барысы» Мұхит Тұрсыновпен өткізді. Мұхиттың дәл мынадай дәрменсіз болғанын бұрын-соңды көрмеппіз. Мухсинге өз ыңғайын ұстаса болды, қарсыласын қаңбақтай үйіріп әкетеді. «Қазақ барысына» екі ғана әдіс жасады. Екі жартылай жеңіс тазаға саналады. Мұхитпен қырық-ақ секунд күресті. Жамбасқа алды, қырқа шалды. Мұхит күрес күртесін алғаш киген бозбаладай тыраң етіп екі рет, құлады. Бітті. Кірмегеніміз қара жер. Ширек финалда Айбек Нұғымаровпен белдесті. Екеуі арбасып жүрген мезетте бір қолымен жағадан ұстап екінші қолымен белдіктен ілген Мухсин жантая бере қырқа шалды, қанкөбелек ойнаған Айбек бір жауырынымен оңбай құлады. Енді ішіңді тартпай көр. Салмағы ауыр Айбек есін тез жиып абайлап күресті. Мухсин шабуылға шықса қарсы қайла жасап, басып қалып бүк ұпайын көбейтті. Расы керек, төрешілеріміз де жақтасты. Мухсиннің тағы бір рет жауырынмен түсірген ұпайын жамбасқа ауыстырды. Өйтпесе, таза жеңіс болғалы тұр. Мухсин бәрін түсініп жүр. Аз ғана басымдықпен жеңіс Айбекке берілді. Қуанбадық демейміз, қуандық. Алла жар болды дедік. Өзбек ағайындарды да көріп жүрміз ғой. Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатын Өзбекстан чемпионатымен ауыстырып алды. Терезе басы тең тұрған жекпе-жектерде ешқашан басқаға жеңіс бермейді. Соңғы олимпия ойындарында да ойына келгенін істеп, әлем жанкүйерлерінің назасына қалды. Оның қасында біздің төрешілердің жасап жатқандығы ойыншыққа пара-пар. Гәп басқада.
Тоқетерін айтқанда, баз-біреулер Олимп ойындарынан көргісі келетін қазақ күресі құлдырауды басынан өткізіп жатыр. Жүлде алып жүрген жігіттер саусақпен санаулы. Түйе балуандарды айтамыз. Бес саусақ жетпейді. Жаңадан қосылып жатқаны аз. Оңтүстік атынан соңғы жылдары ауыр салмақта Жұманазар Ерсұлтанов күресті. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында дзюдомен күрескен Жұманазар құрамаға алынбағанына ашуланып, ауылы Ордабасыға кетіп қалған. Соңғы бес-алты жылда қазақ күресіне оралып бықпырт тигендей қылды. Орыстар шеберлікті ішіп құрта алмайсың дейді. Рас сөз. Назар балуанның дзюдода сүйіп қолданған төл тәсілі аяқпен бұттан іліп лақтыратынына түсіп қалмағандар аз. Және жылдамдығы ғаламат. Екі-үш жылда ауласын машинамен толтырып күрестен кеткен Назарға әшейінде үш миллионбыз деп ауыз толтырып сөйлейтін Оңтүстіктен лайықты қарсылас табылмай-ақ кетті. Он жыл күрес күртесін кимеген, салмағы жүз алпыс келі тартатын балуан қазақ күресінің басындағы ахуалды осылай бір байқатқан. Әр балуанның өз машығы, ыңғайлы әдісі болады. Мәселен, ең атақты балуа-
нымыз Бейбіт Ыстыбаев қашан қырқа шалуға ыңғайы келгенше қарсыласын сағыздай созып айналып жүріп алады. Айбек те күтеді. Жасындай жарқылдап күресу жоқ. Ұпай санымен жеңіп жатса басқа тәуекелге бармай күрестің маңызын кетіреді. Осыларды қазақ күресінің нары дейін десең дзюдо мен самбоға барса халықаралық жарысты айтпағанда Қазақстанда топ жара алмайды. Олар қазақ күресіне маманданған дерсіз. Оған да келісейік. Бірақ осы қазақ күресінен өтетін халықаралық турниріне моңғол келеді. Қыранжапқандай етіп кетеді. Грузин балуаны келеді. Атақтыларымыз тыраң етіп астында жатады. Қазақ күресі деген өнер түгілі қазақ деген халықты естіп көрмеген Куба балуаны келеді, шетінен жамсатып ол кетеді. Жарысымызға көрші Өзбекстан, Тәжікстаннан балуандар келсе бәріміз қылпылдап қаламыз. Көрінген келіп бетке ұстар балуандарымыздың жамбасын жерге тигізіп жатқандығы әр қазақтың намысына тиетіндігі сөзсіз.
Бүгінде қазақ кешеге дейін меншіктеп келген біраз асыл қазынасынан айырылды. Көкпары «Көкбөрі» болып қырғыздың тақымында кетті. Әлемдік патент солардың қолында. Тоғызқұмалаққа да талас көп. Жылқы, қымыз, қазы, түйе түлігі, шұбат біздікі дейтін едік, талас көбейіп тұр. Жылқы көшпелі халықтардың бәрінің қанаты болған. Ал қазы-қартаны біз ғана жемейді екенбіз. Патенті өзбек кәсіпкерінде. Қымызды неміс кәсіпкері терең өңдеп, бірталай сертификатын жинап алды. Қазақ күресіне ешкім таласпас деп едік. Ол да тартысқа түсті. Қазақ күресінің күртесін иығына ілмеген бір жігіттер ие болып, өз күресімен күресе алмайтын қазақты әлемге масқаралап шоу жасап жүр. Әлем чемпиондарының түсіне кірмейтін қаржы тігеді. Бірақ сырттан келгендерді талассыз ұтып алатын өзбек Мухсин Исамудинов сияқты балуаны жоқ. Дайындауға талпынып жатқандарын да байқамаймыз. Дүниежүзілік дода өткіземіз деп даурыққанша алдымен балуан дайындап алса болмас па еді.
Ертеде бір патша өмір сүріпті. Азық тапшы, тамаққа ортақ болады, пайдасы жоқ деп қарттарды бір-екі күндік азығымен биік тауға апарып тастауға әмір еткен екен. Патша жарлығына ешкім қарсы шыға алмайды. Бір жігіт қана әкесін қимай үйінде сандыққа салып бағады. Күндердің күнінде әлгі патшаның елін қалың жау шабады. Тау жақтан тұтасып әні-міні шабарман болады. Патша дағдарып ақыл салғанымен ешкім амалын табар емес. Ертесі бір жас жігіт келіп жаудың өкпе тұсындағы тау өзенін жырса бәрін ағызып әкететіндігін айтады. Расында буырқанған ағын жолындағы қой тастармен бірге жауларды да шырқыратып жұтып жіберген. Патша жас жігіттің ақылына разы болып, өзіне бас уәзір етіп тағайындамақшы болады. Сонда жігіт бұл ақылды өзі тығып бағып отырған әкесі айтқандығын білдірген екен. Патша істеген қателігіне өкініп бармағын шайнаған дейді. Бұл аңыз тәмсіл сияқты болғанымен түбінде шындық бар. Мұны неге айттық. Бүгінгі қазақ күресінің басындағы кепті баяндадық. Балуандарымыз шеберлік жағынан өспей жатыр. Оларды қамшылап жатқан білікті бапкерлер тағы байқалмайды. Қаржы негізінен үлкен шоуларға салынатындықтан, еңбек лайықты бағаланбағандықтан, бұл тақырыпты жылы жауып қойғандар бар. Не істемек керек? Қазақ күресінде екі корифей бар. КСРО кезінде талай мықты балуандардың томағасын сыпырған Диханбай Биткөзов пен Марат Жахитов. Соңғысы одақ құрамасында, шетелде бапкерлік мектептен өтті. Екеуі де зейнетте. Жасына жетпей болдырған, әдіс айласы кем, психологиялық дайындығы кемшін балуандарымыздың керегін тұғырдан түсе қоймаған осы екі азамат толтыра алады. Бірақ оларды іздеген, бапкерлік тәлімін пайдаланайық деген екі федерациядан пиғыл байқамадық. Үйде жүргенде батыр, сыртқа шыққанда қирап ұтылатын балуандарымызды осылайша өтірік малданып жүре береміз бе?!
Ондай жағдайда, ит мініп ирек қамшылаған күнімізден алысқа ұзай алмаймыз. Қазақ күресінен халықаралық жарыс өткізіп, бас жүлдесін Қап тауынан асып келгендерге ұстата берсек ұлттық белдесуіміздің қандай қасиеті қалады.
Дат сұрадық. Сіздер қалай ойлайсыздар?
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы