Ұлтымызда «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» деген сөз бар. Ал сәулетші жобалаған шәрлерде жүздеген мың адамдар тұрады.
Бұл шебердің қолы ортақ екенін ертеден ескерген елдің тілегі кімнің үстінде екенін көрсетсе керек. Өмірдің өзі зерделей қараған жанға үздік үйлесім үлгісі іспетті. Соның бірі әсем де әйдік ғимараттар тұрғызу. Әрине, сылағанның бәрі сыланып шыға келмейді. Көркем көзқарас, терең таным, жүйрік ой осындайда керек. Сәулетші Төленді Жаманкөзов те 20 жыл бұрын елорда Арқа төсіне көшкенде ел астанасын көркейтуге ерекше құлшынып кіріскендер қатарынан болатын.
Сәулетші сәби шағында қарындаш сындырып ойнамаса да қолына іліккен дүниемен сурет салғанды жаны сүйіпті. Ойын баласының өнерге икемі барын әке де байқайды. Бұл соғыстан кейінгі қиын жылдар еді. Жоқшылық қысып тұрған, қыл аяғы балалардың қалам-қағазы да жетіспейді. Бірде бала Төлендінің оттың күлімен сурет салып отырғанын көрген ауыл ақсақалдары Төлеубекке «Ұлыңның сурет салуға құштарлығы ерекше екен, осы бастан өнерге баулы» деп ақыл қосады. Төлендінің туған топырақтан тамыр тартқан таным қайнары осылай басталып еді...
Алматыда политехникалық институтты «Сәулетші» мамандығы бойынша бітірген оның қатар оқыған достарының қатарында әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында болған өнерлі жігіттер де жүрді. Сол жылдары бұлбұл дауысты Роза Бағланованың қолынан дәм татып, батасын алғаны да ерекше бір есте қаларлық сәттер болатын. Еңбек жолын Қарағанды қаласынан бастаған ол жергілікті тұңғыш кәсіби сәулетшілердің бірі болды. «Карагандагорсельпроект» мемлекеттік жобалау институтында ауқымды жобаларға қатысқан Төленді 1989-1990 жылдары Чернобыль атом электр стансасында құрылысшы-инженер болып еңбек етті.
1998 жылы елордаға келген сәулетшілер қатарында Арқа төсіндегі жаңа Астананың зеңгір аспанға қол созған ғимараттарының күндей күлімдеп, көркейе сап түзеуіне бір кісідей үлес қосты. 2000 жылы «ORTA» жоба-құрылыс компаниясының бас сәулетшісі, «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Дубай СтройХолдинг» ЖШБ, «ТОRE-CHINGIZIT LTD» компанияларының бас сәулетшісі, жобалардың бас инженері болып еңбек етті. Күн санап арайланған Астана көңілін де өсірді, шалқар шабыт сыйлады. Еліміздің құрметті сәулетшісі, КСРО және Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Т.Жаманкөзов «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталды. Зайыбы Зоя Дүйсебайқызымен бірге өсірген қыздары Арилана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы болса, Ләззат білікті құрылысшы, немересі Айнұр заңгер болып еңбек етуде. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Төленді Төлеубекұлы сәулетшіліктің сыны ғимараттардың сапасы мен сәнінде екенін, ең бастысы еңбектің ерлікке, ерліктің елдікке жеткізетінін айтады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»