• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Маусым, 2018

Жаңа бастамалар мен ұйымдардың орталығы

441 рет
көрсетілді

Астана Елбасының, бүкіл қазақстандықтардың, сондай-ақ, айрықша атап өту керек Астана қаласы тұрғындарының еселі еңбегінің арқасында қалыптасты. Жаңа елорда – жаңа бірегей сәулет шедеврлері бой көтерген, ауқымды халықаралық іс-шаралар мен саммиттер өтетін, мәдениеттің жаңаша өрлеуіне соны серпін берген және жаңа миллионер қаланың күнделікті өмірін құрайтын басқа да көптеген істер атқарылып жатқан іргелі мекен. Соның ішінде бұрын елордада ғана емес, тұтас Қазақстанда да болмаған жаңа тұрпаттағы ұйымдардың рөлін ерекше атап өтуге болады.

Бәлкім, көпшілік астаналықтар өз қаласынан орын тепкен мұндай ұйымдардың оншақтысын атап бере алатын да шығар. Бүгін біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға қатысатын сондай ұйымдардың біреуі туралы сөз еткелі отырмыз. Бұл ұйым қысқаша түрде – АРТА деп, ал таратып жазғанда Аккредиттеу және рей­тинг­тің тәуелсіз агенттігі деп аталады. Агенттіктің қызметі ЕАЭО және Орта­лық Азия елдерінде білім беру сапасы мен білім беру қызметтерінің бәсекеге қабі­лет­тілігін қамтамасыз етуге, жоғары оқу орын­дарын әлемдік білім беру кеңіс­тігіне интеграциялау жағдайында олардың мәртебесі мен беделін арттыруға бағытталған.

Баршамызға белгілі, білім беру саласында жаһандану мен интернационалдану қазір тренд қатарында. Осы орайда, халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялану процесі Қазақстанның жоғары оқу орындарының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. 

Білім беру сапасы – кез келген білім беру ұйымы жұмысының өлшемі. Халықаралық аккредиттеу жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттарға және білім беру сапасының талаптарына сай келуіне көмектеседі. Аккредиттеуден ойдағыдай өту жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуын арттырады, жоғары оқу орындарының басты процестерінің транспаренттілігін қамтамасыз ете отырып, оларды басқарудың тұрақты және жүйелі болуына кепілдік береді, олардың өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейдегі рейтингін жоғарылатады.

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) дәл осы мәселемен, яғни жоғары білім сапасын қамтамасыз етумен айналысады. Агенттік білім беру қызметтерінің нарығында 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі позициялары агенттіктің білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесіндегі әлеуетін дамыту мен өсірудің нәтижесін көрсетіп отыр. Қазіргі күні агенттік білім беру ұйымдарына еуропалық ESG стандарттарына сай келетін халықаралық аккредиттеу, сондай-ақ жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелеріндегі бастамаларды кеңінен танытып, оларға жан-жақты көмектесу бойынша қызметтер ұсынады. Ұйым Қазақстанның, көрші елдердің жоғары оқу орындары тарапынан сенімге ие болып отыр, оны жоғары оқу орындарының дәл осы ұйымда халықаралық аккредиттеу рәсімінен өтуге деген ұмтылысы айғақтайды.

Айта кететін жайт, АРТА халықаралық тұрғыдан танылып, Қазақстан мен Қырғызстанда ENQA-ның (Еуропалық жоғары білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қауымдастық) толық мүшесі мәртебесіне ие болған алғашқы аккредиттеу органы болып табылады. Беделді сарапшылық ұйымның агенттік қызметін осылайша жоғары бағалауы сапаны сырттай бағалау рәсімдерінің еуропалық ESG стандарттарына сай келетінін растайды. 

Болон жүйесі бойынша жұмыс істейтін аккредиттеу органдары үшін Еуропа­лық білім беру сапасының кепілдік­тері жөніндегі агенттіктердің (EQAR) тізілі­міне кіру ең жоғары жетістік және жоға­ры деңгейде танылу болып табылады. 

2017 жылғы маусымда АРТА EQAR-ның тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар ол –ТМД елдерінде Дүниежүзілік меди­ци­налық білім беру федерациясы (ДМБФ) таныған алғашқы және жалғыз ұйым. 

Ағымдағы жылдың 2-4 мамырында қазақстандық аккредиттеу агенттігі алғаш рет халықаралық аккредиттеу аясында Қырғызстанның бұрыннан келе жатқан мемлекеттік жоғары оқу орны – академик М.М.Адышев атындағы Ош техноло­гия­лық университетінің білім беру қызметтерінің сапасына сырттай бағалау жүргізді. Университеттің білім беру қызметтерінің сапасын сырттай бағалау АРТА-ның еуропалық ESG-2015 сапа стандарттарымен үйлестірілген және мемлекеттің заңнама талаптары ескеріле отырып, Қырғыз Республикасының жоға­ры оқу орындары үшін арнайы әзірленген стандарттарына сәйкес жүзеге асырылды. 

Білім беру сапасын арттыру жоғары оқу орындары түлектерінің жұмыс­қа орналасу мүмкіндігіне, студент төңірегіне топтастырып оқыту идеясын ілгерілетуге, академиялық ұтқырлық­ты кеңейтуге тікелей әсер етеді, бұған өз кезегінде білім беру қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді құралдары болып табылатын ынталандырушы орта мен инновациялық оқыту әдістері де ықпал етуге тиіс. 

2018 жылғы 31 мамырда аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі Аккредиттеу кеңесінің отырысы болып, онда АРТА-ның біздің еліміздің шегінен тыс жерде жүргізген алғашқы аккредиттеуі туралы шешім қабылданды. 

Аккредиттеу кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, білім беру ұйымдарының (ҚР БҒМ), ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жұмыс берушілердің («Атамекен» ҰКП, «ҚазАгро» холдингі» АҚ) және студенттік бірлестіктердің (Қазақстан студенттерінің альянсы) өкілдері кіреді. Аккредиттеу кеңесінің әрбір мүшесі білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын аккредиттеу туралы шешім шығару кезінде объективті және тәуелсіз болатынына кепілдік бере отырып, Әдеп нормаларының кодексіне қол қояды, бұл – Аккредиттеу кеңесінің айрықша құзыреті болып табылады.

Жемісті жұмыс жылдары ішінде АРТА-да 80-нен астам білім беру ұйымы институттық аккредиттеуден өтіп, әртүрлі оқыту деңгейінің 2000-нан астам білім беру бағдарламасы аккредиттелді. Ұйымның білім беру ұйымдарын аккредиттеу қызметін кеңейтіп қана қоймай, шетелдік жоғары оқу орындарын халықаралық аккредиттеуді ойдағыдай өткізуі ЕАЭО және Орталық Азия елдерінде білім беру сапасын қамтамасыз етуге және халықаралық білім беру кеңістігінде көшбасшылыққа қол жеткізу жолындағы әлеуетті мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған. 

Астана көркейсе – елордадағы әрбір ұйым да көркейеді. Біз айтқан АРТА-ның мысалы осы формуланың дұрыс екенін көрсетеді. 

Серік СЕЙДУМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты,әлеуметтік ғылымдар докторы, профессор  Алина Жұмағұлова  Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры, заң ғылымдарының кандидаты