Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері басталды. Үш күнге жалғасатын айтулы шара өзінің мазмұндық мән, тақырыптық ауқымымен елорданың 20 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Аталған жоба аясында Оқушылар сарайында Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі өтті.
Балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелейтін тарихи-танымдық «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая астаналық балғындар назарына үш күн бойы үздіксіз ұсынылатын болады. Аталған туындылар Оңтүстік Қазақстан өңірлік «САҚ» киностудиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыс – «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен түсірілді. «Күнгей өлкедегі тарихи киелі жерлерді балалар тілімен насихаттауға бағытталған анимациялық фильмдерге деген бетбұрыс ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етуде», деп Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірхан Асылхан жоба маңыздылығын айрықша атап өтті.
«...Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ерекше көңіл аудартқан бұл фактор, яғни Отанды сүю – туып-өскен жерге, оның тарихы мен салт-дәстүрін білуге деген сүйіспеншіліктен бастау алуы тиіс. «САҚ» киностудиясы қазақтың келешегіне қатысты Мемлекет басшысы меңзеген «Отан – отбасынан басталады» деген қағидатты бүгінде өз жұмысында белсенді ұстанып, әр өнімін ұлттық бояуда бедерлеуге үздіксіз үлес қосып келеді. Күні кеше қазақ көрерменінің санасында үлкен сілкініс тудырған 75 минуттық «Қазақ елі» толық- метражды анимациялық фильмі балдырғандардың ғана емес, күллі ұлттың қазынасына қосылған олжа болса, аталмыш киностудияның одан кейінгі ізденістері де өзінің тақырып пен мазмұн, тағылым ауқымдылығы жөнінен көрерменін рухани қуанышқа кенелтуде.
Атап айтсақ, өткен жылы Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы аясында «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты 25 минуттық 3 анимациялық фильм және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильм түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды.
«САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеевтің айтуынша, 15 жылдық тарихы бар киностудия осы уақытқа дейін 60-қа жуық танымдық, деректі һәм көркем анимациялық туындыларды кішкентай көрермендермен қауыштырыпты. Аталған туындылар Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан, қалаларындағы 1 миллионнан астам мектеп оқушылары мен тұрғындарына «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында көрсетіліп, жергілікті телеарналарда да тұрақты түрде насихатталып келеді. Сондай-ақ өңірдің аудан, қалаларында да жергілікті әкімдіктердің қолдауымен туған жер қасиетін танытатын «Отырар дастаны», «Көне құмыраның сыры», «Бәйдібек би» фильмдері жасалса, осы жылдың соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Төле би» телесериялы мен «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» анимациялық фильмдерінің тұсауын кесу жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта «Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмін бірнеше сериялы циклді дүниеге айналдыру да киностудияның алға қойып отырған ауқымды жобаларының маңызды бөлігі санатында.
– «САҚ» киностудиясы түсіріп жатқан фильмдердің дені тарихи тақырыптарды қамтитындықтан, әрбір түсірілім жұмысы үлкен пікірталастарға арқау болып келеді. Сондықтан да біз үнемі тарихшылардың кеңесіне жүгініп, кәсіби мамандармен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл тұрғыда, әсіресе тарихшы Жамбыл Артықбаев ағамыздың еңбегі зор. Мәселен, бүгінгі тамашалаған «Отырарды қорғау» анимациялық фильмін түсіру кезінде түрлі тарихи деректермен бетпе-бет келдік. Отырарды Шыңғыс хан талқандады деп кесіп айтпастан бұрын, біз әуелі Қайыр ханның таққа келу кезеңін оқиға өзегіне арқау еттік. Әйтсе де бұл жерде Шыңғыс хан мен Қайыр ханды даттап немесе жақтауды, олардың әрекетіне тарихи баға беруді көздеген жоқпыз. Көне Отырар қаласының тарихы арқылы кішкентай көрермендерді туған жер тарихымен таныстыруды және сол көне шаһардағы жергілікті екі баланың батыл да ақылды әрекеті арқылы балдырғандардың Отанға, еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятқымыз келеді. Анимациялық фильм дегенмен, бұл туындылардың аудиториясы шектеулі емес. Балалар да, ересектер де қызығып тамашалайды», дейді «САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев.
Иә, жоғарыда жан-жақты тоқталып өткендей, тарихи-танымдық деректерді анимация тілінде жеткізуді бірнеше жылдық кино түсіру тәжірибесінде сәтті пайдаланып келе жатқан киностудия директоры жұмыстарына тіл тазалығы мен драматургиялық қызықты, шиеленісті оқиғаларды арқау етумен қатар, сондай-ақ фильмдеріне барынша техниканың озық үлгілерін пайдаланып, болашақта америкалық «The Walt Disney Company» киностудиясы өнімдерінің көркемдік деңгейімен тең түсетін туындыларды өмірге әкелуді армандайды. Сол арқылы қазақтың тарихын жаһанға мәшһүр еткісі келетінін де жасырмады.
Киностудия басшысының ол арманына барынша адал екенін түсірген жұмыстарынан айқын аңғарып, сезінуге болады. Қазіргі интернеттік жүйе ғаламдық ақпаратты аядай алақанға әкеліп үйіріп берген жаһандану заманында алғыр да талғампаз балдырғандарды сапасыз жұмыспен таңғалдырып, олардың назарын өзіңе бұрғыза қою мүмкін емес. Сол себепті де әлемдік киноөндіріс бәсекесіне лайықты болу киностудия қызметкерлерінен аз еңбек талап етпейтіні сөзсіз. Бұл жауапкершілікті жете сезінген «САҚ» киностудиясы әр жұмысын балаларға қызықты да ойнақы сюжетпен, түсінікті де көркем тілмен жеткізуге күш салыпты. Тарихи деректер барынша дәлдік пен ұтымды тәсілде жеткізіліпті. Мәселен, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмінде негізінен адамдар, оның ішінде балалар танымы арқылы көне қала тарихы нанымды суреттелсе, «Киелі Қазығұрт» фильмінің көркемдік деңгейі жан-жануарлар мен аңдардың қарым-қатынасы, табиғаты арқылы ұтымды ашылған. Әрқайсысы 25 минуттан тұратын триптих деректерді сауатты сараптауының, сюжетті қызықты етіп сөйлете білуінің нәтижесінде, бала тұрмақ, ересек көрерменді де жалықтырмайды. Осы тұста кейіпкерлерді бала танымына сай шынайы бейнелей білген аниматор мамандардың да еңбегін айрықша атап өту орынды.
Жарты ғасыр бұрын қазақ топырағында өмірге келген Әмен Қайдаров есімімен тікелей байланысты ұлттық анимация өнері бүгінде заманауи техника мен тарихи тақырыптарға тың көзқарас негізінде бейнелі көз тігуінің нәтижесінде өзгеше өрнек түзіп, жаңаша бағыттағы көркемдік биікке қол жеткізгендігіне «САҚ» киностудиясының көне қалалар тарихынан сыр шертер циклді триптихын тамашалап, елордалық кішкентай көрермендермен бірге қуана қол соқтық. Астананың 20 жылдық мерейлі тойына жасалған бұл тарту бас шаһар балдырғандарына тарихи-танымдық тағылымымен қатар естен кетпес рухани қуа-нышын да қоса сыйлағаны сөзсіз.
Назерке ЖҰМАБАЙ, «Егемен Қазақстан»