Дәрігер мамандығының қыр-сырын біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Әр дәрігер адам өмірінің арашасы екендігін білуі әрі түйсінуі тиіс.
Осы іспетті ауыртпалық жүгін қорықпай арқалаған Қостанай облысындағы Рудный қалалық ауруханасының кардиология бөлімшесінің дәрігері Зинат Кенішбекқызы 23 жылдан бері науқастар жанына араша болып келе жатқан тәжірибелі маман.
Зинат Кенішбекқызының айтуынша, ең алдымен ақ желеңді жандар ақжүрек болуы қажет.
«Дәрігердің жұмысы науқастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Яғни алдында қандай қиын іс күтіп тұрса да, бәріне бірдей төтеп беруге дайын болуы дәрігердің қайсарлығы мен күрескерлігінің айнасы», дейді кардиолог-дәрігер.
Әлбетте қаншама адамның жанын сақтап қалған мейірімді жан барлық құрметке ие. Бас ауырып, балтыр сыздап келген мыңдаған адамдардың көңіліне демеу, жанына сүйеніш бола білген дәрігердің бір ауыз жылы сөзі ауырып жатқан адамға дәріден де артық әсер етеді.
– Жұмыс барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келуге тура келеді. Сол себепті сабырлы шешім қабылдай білудің маңызы зор. Ең қиын әрі жүрегіме тигені екі бірдей жанның өмірін арашалап қалуға жанталасқан оқиға дер едім. Жүрек ақауы бар жүкті әйелдің біздің ауруханаға келгені әлі есімде. Дәрігерлердің айтқан сөзіне құлақ аспай өз бетінше әрекет жасаған жас ананың өмірі қыл үстінде тұрғанын ол білмеген еді. Жүрегінің әлсіз екендігіне қарамастан құрсағындағы нәрестеге жаңа өмір сыйлау жанкештілік қой. Алайда мұның бір ғана жолы болды. Не ананың өмірін арашалау, не нәрестеге жаңа өмір сыйлау. Бұл – өте қиын шешім. Мұндай медициналық операцияны жүзеге асыруға біздің аурухана қауқарсыз еді. Сол себепті де ананы тез арада облыстық ауруханаға жеткізу керек болды. Жол үстінде жүкті әйелдің қан қысымы кенеттен төмендеп кетіп, жүрегі бір мезетте тоқтап қалады. Бар жігерімді жинап, сол арада алғашқы көмек көрсетуге асықтым. Дефибрилятордың көмегімен сөнген жүректі қайта өмірге әкелдім. Бірақ бұл уақытша ғана болды. Ауруханаға жеткенше ананың өмірін арашалап қалу мүмкін емес еді. Сол себепті құрсақтағы нәрестеге жаңа өмір сыйлаған дәрігердің қандай ауыртпалықпен бетпе-бет келгеніне көзіміз жетіп отыр, – дейді Зинат Кенішбекқызы.
Лаура ЕШНАЗАРОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
І курс студенті