Астанада «Қазақстандағы ислам қолжазба мұралары: зерттеу-зерделеу, сақтау-жаңғырту және мамандар дайындау мәселелері» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Шараны Дін істері комитетінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) және Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Семинар мақсаты – Қазақстанда сақталған ислам қолжазба мұраларының қазіргі жай-күйін талдап-таразылау, оларды зерделеп-жүйелеу, каталог тізбегін құрастырып жариялау және ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ аталған мәселелерді ғалымдар мен зерттеушілер талқысына салу. Бұл туралы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Асылхан Садуов өзінің кіріспе сөзінде айтып өтті.
«Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері ислам өркениетінің ескерткіштерін анықтау, зерттеу, санаққа алу және насихаттауды жандандырып келеді. Бұл ретте орын алып отырған мәселелер де бар. Жалпы, ислам діні енгеннен бастап, қазақ даласына арабша жазу стилі, Құран кітабы, түрлі ғылыми-тарихи қолжазбалар көптеп таралды. Осы қолжазбаларды зерделеп, арнайы каталог құрастыру мақсатында исламтанушы және дінтанушы мамандарды ортақ іске жұмылдырамыз. Себебі қазақ жеріндегі ислам мәдениеті мұраларын әлемге танытуымыз қажет. Тарихын тереңнен алатын құнды жәдігерлердің қазіргі діни сананың қалыптасуында маңызы өте жоғары. Рухани жаңғырудың мәнін алыстан емес, төл тарихымыздың қойнауынан іздеуіміз керектігін жадымыздан шығармауымыз керек», деген Қуатжан Уәлиев семинардың табысты өтуіне сәттілік тіледі.
Бұдан соң Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың құттықтау хатын аталған министрліктің жауапты хатшысы Марат Әзілханов жеткізіп, семинарға арнайы келген IRCICA-ның бас директоры Халит Еренге алғысын айтты. Ол еліміздегі ислам өркениетінің қолжазбалары жөнінде айта келіп, жартылай зерттелген, мүлдем зерттелмеген 30 мыңнан астам құнды еңбектер мен құжаттардың мұрағаттар мен кітапхана қорында зерттеусіз жатқанына тоқталды. «Наурыз айында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Әзірет Сұлтан қоры атаулы көрме ұйымдастырған болатын. Шара барысында өткен дөңгелек үстелге қатысқан еліміздің ғалымдары мен зерттеушілері осы семинарды өткізу туралы бастама көтерген еді.
Бұл бастаманы IRCICA басшылығы да қолдап, халықаралық семинарға қаржылық қолдау көрсететіндігін мәлімдеді. Каталогтарды құрастыру, сөздіктер дайындау секілді жұмысты жүргізу үшін шағын қорлардың шамасы жете бермейді. Сол себепті ислам қолжазбаларына қатысты материалдарды жинақтап зерттеуге IRCICA өз көмегін ұсынды. Бүгінгі семинарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-дан астам ғалым, дәріскер, зерттеушілер қолжазба қорларын, жеке қолжазбаларды ұстап, меңгеріп отырған мамандар арнайы келіп отыр», деген Айнұр Әбдірәсілқызы IRCICA-ның бас директоры Халит Ерен мырзаға ел атынан алғысын жеткізді.
Мәртебелі мейман өз кезегінде ИЫҰ-ның мәдени бөлімі IRCICA-ның тарихына тоқталып, оған Қазақстанның да мүше екендігін атап өтті. «Ислам әлемінің өнері, фольклоры мен қолжазбаларының мирасын сақтау, зерттеу және жаңғырту туралы ғылыми конференциялар ИЫҰ-ға мүше елдерде тұрақты өткізіліп келеді. Енді бұл жобаларымызды, тәжірибелерімізді Қазақстан игілігіне жаратуға ниеттіміз. Атап айтқанда, ислам қолжазбаларын сақтау, каталогтеу және ғылыми айналысқа енгізуге өз үлесімізді қосқымыз келеді», деді ол.
Семинар барысында Қазақстандағы қолжазба қорларының тарихын зерттеудің негізгі кезеңдері, ортағасырлық діни мәтіндер текстологиясының өзекті мәселелері, сирек қорлардағы ислам бағытындағы қолжазбаларды зерттеу, шежірелік деректерді жинақтау мен жарыққа шығару, Алтын Орда кезеңінде жазылған діни қолжазбаларды ортағасырлық шағатай әдебиеті мұраларын оқыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының атаулы көрмесі келушілер назарына ұсынылды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»