Сонымен тағы бір оқу жылын аяқтадық. Оқушылар демалысқа шықты. Үмітін үкілеген түлектер сынақ тапсыруда. 11 жыл алған білімі сарапқа түсіп, ата-ана мен ұстаздардың, өздерінің де табан ақы, маңдай терінің өтеуі таразыланады.
Бір жыл ішіндегі білім берудегі жетістіктер мен кейбір олқылықтар, мұғалімдердің айлық ақысы, әлеуметтік жағдайы алқалы жиында айтылып, қаламгерлер қауымы да, журналистер де ой-пікірлерін білдіріп жатты. Оқу жылы аяқталды деп екі-үш ай арқаны кеңге салғанымен, жаңа оқу жылының мәселесі ертең алдан шықпай қоймасы анық. Оның үстіне биылдан қалған «сарқыт» та аз болмаса керек. Әрине, кейбір деректер қағазда әдемі жазылғанымен, атқарылу барысында қиын түйіні, қым-қиғаш жұмыстары әлі де алдан шығары анық. Қазірдің өзінде бірінші сыныпқа бала қабылдауда дабыр-дүбір көп. Кім баласын нашар мектепке бергісі келеді?.. Әрине, дарынды оқушылар білім алатын алтын ұяда оқытуға тырысады. Көбінің заты қалай демей, атына жүгіретіні де рас. Назарбаев зияткерлік мектебінен басқа жерде білім бағдары бірдей, тек пәндерді тереңдетіп оқытатыны болмаса, бәрінде де оқулық пен стандарт бір жүйеге негізделген. Жақсы делінетін лицей мен гимназияға келер болсақ, онда дәстүрлі оқу жүйесі заманауи білім берумен ұштастырылып, басшысы да, басқасы да бірлікке ұйып, әсіресе мектептің жаны, тірегі саналатын ұстаздар қауымы «Бізге жұрт баласын сеніп тапсырып отыр. Ендеше сол сенімнен шығуға тиістіміз», дейтін шын мәніндегі мамандық иелері топтастырылған. Олар әлеуметтік жағдайын екінші кезекке ысырып қойған – нағыз ел патриоттары. Иә, ондай мектептің кемі жоқ, бәрі түгел, ұстаздардың қалтасы тоқ дей алмасақ керек. Елімізде мұғалім алатын айлықтың көп емес екені жұртшылыққа мәлім.
Жаңа оқу жылындағы тағы бір проблема оқулыққа қатысты дер едік. Алғашқы бір-екі ай көлемінде министрлік пен жергілікті жердегі басшылар арасында бұл біраз келіспеушіліктерге арқау болып жатады. Бұл жыл сайын қайталанып жүрген жайт. Ағылшын тілінде сабақ беретін мамандарды қайта дайындау жұмысы жүргізілу үстінде. Оған миллиардтаған теңге бөлінуде. Тиісті мекеменің уәжіне сенсек, биыл ағылшын тілінде білім беру кәдімгідей артатын көрінеді. Құптауға тұрарлық іс. Бірақ қысқа мерзімде дайындалған мамандардың сапасы қандай деген күдік көңілден кетер емес. Ең күрделі мәселе, мектепте білім алып жүрген қазақ қыздарының киім үлгісі, нақтылай түссек, орамал салып келу жайына қатысты дау-дамай туындап келеді. Биылдың өзінде ондаған қыз соңғы тоқсандарда мектеп табалдырығын аттай алмады. Мұндай жағдай алтын белгіге үміткер оқушының да басынан өтті. Жалпы, қазақ халқы қызын ұлындай еркелетіп өсірген жұрт еді. Құтты қонысына қондырғанға дейін үкілеген бөрік кигізіп, орамал таққызбағаны тарихтан белгілі. Бұл секілді түйіткілі бар істерді балалар демалыста жүргенде шешіп алмаса, күзде тағы бас ауруына айналмай қоймайды.
Мектеп асханасына қатысты әр алуан пікірлер де біраздан бері көтеріліп келеді. Әсіресе оқушыларға арналған тағамның сапасы мен бөлінетін қаржы туралы жиі айтылып жүр. Бұл бұрын қарапайым халықтың ойы деп келсек, енді халық қалаулылары да үн көтере бастады. Сенатор Бірғаным Әйтімова «100 теңгеге не ішуге болады?» дей келіп, «Соңғы жылдары мектеп асханасының мәзірі көңіл көншітпейді. Талаптарға сай емес. Жергілікті білім басқармалары тендер өткізерде ас мәзірінің 100 теңгеден аспағанын қалайды. Сонда 100 теңгеге не әзірлеуге болады?» дейді. Шынында, күн сайын өршіп бара жатқан қымбатшылық кезінде 100 теңгеге не алуға болады? Бір ғана мысал, бір уақытта 20 теңге тұратын нан қазір 120-130 теңгеге жетті. Өзге тағам түрлерінің де бағасы қымбаттау үстінде. Тамақ қуатты болмаса, баланың ойы мен бойы қалай өседі? Онсыз да кейбір ұл қыздарымыздың дене бітімі қораштанып бара жатқаны байқалады. Осы күні ел игілігіне делінетін жұмыстың орындалуы тендерге телінген. Тендер дегеніміз – нарық талабына сай, аз ақшамен көп жұмыс тындыру керекке саяды. Мектеп асханасының мәзірін дайындайтындар бала көңілін аз ақшамен риза ете ала ма? «Бәрін қатырамын» деп тендерде жеңіп шығып, одан кейінгі жерде сапасыз өнімнен татымсыз тамақ әзірлесе, ол кейде оқушылардың уланып қалуына апарса – мұны алдын ала ойластыру керек секілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласындағы: «... біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. ...Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деген сөздерін бұлжытпай орындасақ, қане.
Жалпы, мектеп асханасына қызмет көрсететін адам ұрпақ тағдырын бизнестен жоғары қоя ма, әлде табыс табудың жолында жүр ме, дегенді есте ұстау керек-ақ. Осы арада, кейбір өңір мен қалада әр балаға бөлінетін ақшаға келсек, Астанада 1 мен 4-сынып оқушылары 320 теңгеге тегін тамақ ішеді екен. 5-11-сынып оқушыларының арасында, тек әлеуметтік жағдайы төмендерге ғана жағдай жасалған. Ал өңірлерге келсек, кейбір облыстар тегін тамақ беруді тоқтатқан. Ал тамақ беретін жерлер 170 – 230 теңге көлемінде әр баланың жас шамасына қарай қарастыру үстінде екен. Қалай десек те, мектеп асханасының мәселесін бір жүйеге келтіру уақыт талабы болып тұр. Басты мақсат – ұрпақтың денсаулығы болуы тиіс.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»