Қазақы болмыстың қайнарынан қанып ішкен әр шаңырақтың төрінде ілулі тұратын домбыра ұлттық мұрамызды ұлықтаған құрал ғана емес, ұлтымыздың жаны дерсің. Бабаның көзіндей, қазақтың өзіндей болған қастерлі аспаптың қадір-қасиетін құрандай құрметтеп, құлжадай қадірлеген халқымыз домбырасы жоқ үйді мұрасы жоқ үйге теңеуі тегін емес. Ғасырлар бедерінде қатталған даланың рухы мен бабаның ғұрпын бүгінге жеткізген аңыз аспаптың тамыры тым тереңде жатыр. Әр домбыраның өзіне тән үні болады десек, сол үнді асқақтататын да, аспандататын да нағыз шебердің қайталанбас қолтаңбасы. Жиырма бес жылдан бері осы мақсатты мұрат тұтқан алматылық шебер Ердос Рақымбековтің шағын шеберханасына бас сұғып, серпер өнердің сырына бойлағандай болдық.
Түрлі аспаптарға лық толы шеберхана іші көз қарықтырады. Сүйікті ісіне білек сыбана кіріскен өнер иесінің елорда төрінде өтетін Ұлттық домбыра күніне шеберлік сабағын өткізуге әзірленіп жатқан беті болса керек. Қыз-қыз қайнаған қызу жұмысты кілт тоқтатып, бізбен тілдесуге уақыт тапты. Кейіпкеріміз осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш домбыра жасауға талаптанған тұста белгілі күйші Сейілхан Құсайынов: «Балам, сен домбыра жасайтын болсаң алдымен оны өзің тартып үйрен. Жақсы шебер болуың үшін домбыраны жақсы тартып, дыбысын бүкіл жан дүниеңмен, бар болмысыңмен сезінуің керек», деген өсиет айтыпты. Ердос Рақымбеков осы ойды оң айтылған кеңес деп қабылдап, оны орындаған күннен бастап ісі өрге жүзгенін айтады. Расында да жұмыстың жүйесін ғана біліп, киелі өнердің киесін ұғынбасаң, ұлттық мұраның рухын сезінбесең, сапалы дүние сомдап шығам деу бекершілік. Бұл қай салаға да тән бұлжымас қағида. Өрелі өнердің қасиетін алдымен өз өне бойынан өткізіп алған қолданбалы өнер шеберінің қолтаңбасынан күні бүгінге дейін, таза кәсіби деңгейдегі 2000-нан аса домбыра дүниеге келіпті.
Жақсы домбыра жасау ең алдымен материалды дұрыс таңдаудан басталатынын айтқан машықты маман өзіндік құпиясымен бөлісті: «Қазір қандай ағаштан жасағың келсе де, барлығы қолжетімді. Көбіне жергілікті ағаштардан жасаймын, ал қымбат домбыраларды жасауда үйеңкі, африканың қарағашы, полисандр, жаңғақ, қызыл ағаштың түрлері сияқты шетелдерде өсетін ағаштарды пайдаланамын. Әлемдегі ең бағалы аспаптардың бірі саналатын скрипкалардың негізгі материалы үйеңкі. Ал мойын ағашының беткі бөлігі Африканың қарағашынан салынады. Себебі қарағаш оңайлықпен желінбейтін, тозбайтын өте берік ағаш. Кейінгі кездегі жұмыстарым осы қымбат ағаштардан жасалып жүр. Дегенмен мұндай материалдан дайындалған домбыраға қарапайым адамдардың қолы жете бермейді. Ағашты таңдаған кезде беріктігіне ғана емес, өң-түсіне, табиғи суретіне (текстурасына), әдемілігіне аса мән беремін», дейді ол.
Шебердің сөзінше, ағаш таңдаудан кейінгі жұмыс кезеңі былайша өрбиді. Алдымен аспапқа негізгі дыбыс беруші бет ағашы дайындалады. Бұл ағаш ұзақ жылдар кептірілген Тянь-Шань шыршасы болғаны абзал. Оны қалай таңдасаң, домбыраның дыбысы да солай сөйлейді. Келесі кезекте шанағы, одан кейін аспаптың мойны. Домбырашы шебер ұстазы айтқан тағы бір сөзді жадынан шығарған емес: «Ұстазым домбыра тартқан кезде аспаптың мойын бөлігіне 3 килоға дейін салмақ түсетінін ұдайы айтып отыратын. Сол үшін аспаптардың мойны үш қабат ағаштан жасалады. Төртінші – домбыраның басы. Бесінші – мойынның беткі бөлігі. Құлағы үнемі түзетілетін болғандықтан, ал мойынның беткі бөлігіне пернелер байланатындықтан, осы бөліктер қатты ағаштан дайындалады. Қалғаны көркемдеу жұмыстары. Алдымен жобасын сызып, күміспен, бағалы тастармен, сүйекпен әспеттейміз. Желімдердің дұрыс қолданылуы, сырлау әдістерінің дұрыс жасалуы сияқты аспаптың барлық жасалу технологиясы сақталуы шарт».
Ата кәсіптің арнасын тапқан кәнігі шебер өз шеберханасында кәдімгі домбырадан бөлек, бас домбыра, прима домбыра, қыл қобыз, прима қобыз, шертер, жетіген, дауылпаз, кепшік, асатаяқ, тоқылдақ, тұяқ, ортеке сынды ұлттық саз аспаптарының түр-түрін жасайды. Өткен жылы Мемлекет басшысына арнап екі бірдей домбыра жасағанын, соңғысы ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатында Елбасына тапсырылғанын айтады. Бұдан бөлек қазақ өнерінің төрінде жүрген Мейрамбек Беспаев, Мақпал Жүнісова, Бекболат Тілеухан, Жанар Айжанова, Досхан Жолжақсынов, Айгүл Үлкенбаева, Заттыбек Көпбосынов, Асылбек Еңсепов, Нұржан Тәжікенов сияқты тағы басқа да әнші-күйшілерге, ордалы өнер ұжымдарына айрықша аспаптарды өз қолымен әзірлеген.
Қасиетті өнердің киесін кетірмеу, тұнығын лайламау басты ұстанымым деп ұғынатын аспап жасаудың хас шебері бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының шәкірттерін осы өнердің қыр-сырын игеруге баулып жүр. Шеберханадан шығарда шебер айтқан тағы бір сөз: «Кәсіби музыка жолына түсетін балалар үшін арзан, сапасыз домбыраның зияны көп. Себебі мойнынан шығатын артық дыбыс, домбыраның жағымсыз үні баланың жақсы домбырашы болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді».
Құрманғазы, Ақан шерткен қасиетті домбыраның қадірін арттырып, ата мұраның арқауын үзбеген азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Шынайы шеберді арман қанатының шыңына жетелейтін дүлдүл домбыраның дүбірі екен ғой...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ