Маңғаз өлке Маңғыстау түбегінен қаншама есімі мәшһүр тарихи тұлғалар шыққаны аян. Маңғыстау десе алдымен Бекет Ата, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Қошқар Ата деп жалғаса беретін кіл аруақты бабаларымыз есімізге түседі. Жалпы, Маңғыстау өңірі дін жолын ұстану дәстүрі бойынша ежелден өнегеге бай, киелі де шежірелі өлкелеріміздің бірі.
Маңғыстауда Форт-Шевченко деген қала бар. Ол қаланың негізгі тарихи атауы «Ақкетік» болған. Кейін Ресейдің қоластына кірген кезде қаланың атауы «Форт-Александровск» деп аталып кеткен екен. Бұл қала − Маңғыстаудың киелі қара шаңырағы. Кезінде осы арадан ұлт мүддесі жолында күрескен Жалау Мыңбайұлы, Зұлқарнай Баймырзаев, Төлесін Әлиев, Нәдір Қылыш, Тобанияз Әлниязов, Байбоз Қилыбаев сынды арыстар түлеп ұшқан еді.
Маңғыстауда жергілікті адай руының Қосай Ата тақтасынан екі атақты хазірет шыққан деседі. Бірі Абдолла хазірет Жаналыұлы (1856-1919), екіншісі Әлжан хазірет Баймырзаұлы (1842-1917).
Баймырзаұлы Әлжан хазірет Маңғыстау өңірінде мұсылман дінінің кең қанат жаюына үлес қосқан ғұлама дінбасыларының бірегейі. Ол Меккеге қажылыққа барып, хақ мұсылмандық парызын өтеген жан ретінде де халық арасында сыйлы тұлға. Әлжан 29 жасында орыс-қазақты мойындатқан оқымысты діндар. Қағбаға қиын жолмен барып тәу еткен қажы. Ақкетік қаласында мешіт салып, ол дін ордасы Ақмешіт атанған.
Форт-Александровск қаласында ең алғашқы қазақ мешітін сол кездегі судья, Николай патшаға қызметімен жағып, медаль алған А.Байзақұлы деген кісі 1888 жылы халықтан қаржы жинап салдырады. Имамы – Әлжан ишан. Әлжан 1917 жылы қайтыс болғаннан кейін, оның орнына азаншы болып туған інісі Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Екеуі де өте білімді, араб тілінен сауатты кісілер болған деседі.
Маңғыстау мұрағатында сақталған Маңғыстау уезі бастығының Закаспий облыстық бастығына жолдаған құжатында: «Форт-Александровскідегі қырғыз (қазақ) мешітін Маңғыстау уезі, Түрікменадай болысы, Шалбар ауылының қырғызы (қазағы) 1878 жылы Хиуада білім алған Әлжан ишан қажы Баймурзаев басқарады. Мешітке аздаған жергілікті қызметкерлер мен саудагерлерден басқа, елдің көшпенділігіне байланысты, адам сирек барады. Мешітті жеңіл жөндеу және оны жылыту, жарықпен қамтамасыз ету тек халықтың молдаға берген аздаған көмегінің есебінен жүргізіледі. Молданың күн көрісі де соның ішінде. Молданың өзі кедей тұрады. Қолындағы 3 сиырдан басқа малы, иелігінде жер, суы жоқ. Мешіт жанындағы шағын кішкене үйде тұрады. Онда мектеп орналасқан. Оны молданың тек өз үйінде оқып, өзінен білім алған баласы Салтанат басқарады», делінген.
Әлжан хазіреттің шежірелік тақтасына тоқталсақ, әкесі Баймырзадан үш ұл: Тоқжан, Әлжан, Оспан. Тоғжаннан Есқали одан Бәли. Ал Оспаннан мемлекет және қоғам қайраткері, сталиндік репрессия құрбаны болған Зұлқарнай Баймырзаев (1898-1938). Әлжанның перзенті – Салтанат.
Атақты жырау Сәттіғұл Жанғабылұлы өз жырларында тарихи тұлғалар хақында телегей деректер қалдырған. Ол «Алты арыс Қосайға арнауында» Әлжан хазірет турасында: ... «Бес арыс Шалбар» болғалы, Шетінен басы хан еді, Халық үшін қайыр-дұға еткен Әулиелері де бар еді. Әлжекедей хазірет Дүниеден көшкенде Аспанның айы тұлданған, Шариғат-діннің шамы еді. Шайхы еді шарғы аударған, Шәһәрдан мешіт құлданған. Жиырма тоғыз жасында Ұлуғы пірден бата алған, Патшадай басы бұлданған. Секілді діннің тіреуі, Қосайдың екі пірі еді, Қопадағы Абдолла Әлжеке еді біреуі. Қол көтеріп бұлардың Жұрты үшін еді тілегі. Тіршілікте үстінен Мүриті кетпей түнеді. Біразырақ айтайын, Әлжекедей ишаннан Құдай үшін үй салған, Бар еді нышан-иманы. Хан көтеріп қадірлеп Адай халқы сыйлады. Дүние-фәни дәрілден Керуені көшкенде Естіген жандар қимады. Арғы атасы Өгізден Қалмақтың шебі қирады. Қағбаға тәубе-қаж қылып, Дін үшін жанын қинады. Артында қалған Салтанат Ақ мешітті бұл да ұстап Болып тұр жұрттың имамы. Не демейді дұшпаны, Атаның жолын тұтқанда Сыпайы мақсым бұл күнде Халықтың болып ұстазы, Учитель болып школға, Патшадан орын ұстады. Тағылым беріп наданға Ұзартты сөйтіп қысқаны... – дейді. Ал осы жырдың кезекті жолдарында: Секілді діннің тіреуі Қосайдың екі пірі еді – Қопадағы Абдолла,
Әлжеке еді біреуі... – дегені, біз жоғарыда атап өткен Абдолла хазірет Жаналыұлын айтып отырғаны. «Қопадағы Абдолла» дегені, Атырау облысындағы Сағыз стансасы бұрын «Қопа» деп аталған екен, сондағы Абдолла деп отырғаны біз жоғарыда атап өткен екі хазіреттің бірі. Әлжан ишанмен бірге Сағызда көкмешітті ұстаған ғұламалардың бірі (осы Абдолла хазірет болуы керек) кезінде Әлжанмен бірге оқыған. Ел аузында осы мешітке аққу ұшып барған деседі. Софылық мектептің түлектері жыл сайын сол көкмешітте кездесіп отырады екен деген де ауызекі әңгіме сақталған.
Салтанат та әкесінің жолын жалғастырып, дін жолын ұстанады. 1891 жылы Форт-Александровск қаласында дүниеге келген. Әкесі сынды арабша білім алып, Фортта мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеген атақты ишандардың санатында болған.
1907 жылы Астраханда жаңа әдісті мектепте оқыған, 1913 жылға дейін жергілікті балалардың сауатын ашқан екен. Әлжан 1917 жылы өмірден озғаннан кейін орнына туған інісі азаншы Оспан Баймырзаұлы бекітіледі. Оспан мешітті 1920 жылға дейін басқарып, кейін Салтанат 1920-1938 жж. аралығында имандылықтың ақ туын жықпай, 18 жыл бойына қызмет етеді.
Ал Оспан 1929 жылы дүниеден озады. Ағасы Әлжан екеуінің бейіті қазіргі Түпқараған ауданындағы «Сейди-Сислам Ата» қорымында (бұл бейітте Мұрын жыраудың да сүйегі жатыр) жерленген.
Әлжанұлы Салтанаттың дін жолында қызмет еткен кезеңі нағыз атеистік өктемдік белең алып тұрған дәуір еді. Көп ұзамай ол қыспаққа алына бастайды. Жүрген жері, басқан ізі, айтқан сөзі – бәрі-бәрі қара тізімге алынады. Кей құжаттарда Салтанаттың өз қолымен жазған арызы сақталған. Ол хатта: «әкесі Әлжан мен інісі Оспанның ешқандай имам, молда болмағандығын, өзін Оспанның ұлы екендігін, кедей отбасынан шыққанын» жазса, енді бір деректе Салтанаттың: «әкем Әлжан сауатсыз, тек мешітте қарауыл, азаншы етіп пайдаланған, екеуі де (Оспан да) имам болмаған» деуінің негізсіздігі көрінеді. Өйткені сол тұста заман ағымына қарай Салтанаттың, өкінішке қарай тегін жасыруына тура келді. Дінге мұндай көзқарас халықты имандылықтан, ізеттіліктен, қайырымдылықтан, салт-сана, әдет-ғұрыптан, ұлттық сезімнен айырудың бірден-бір таптырмас жолы болып, Кеңес өкіметі бұл мәселені өзі сақынадан кеткенше күн тәртібінен түсірген жоқ. Өз ауылының адамдарының айдап салуымен, күншілдік пиғылмен Салтанат Әлжанов қара тізімнен босатылмай, 1938 жылғы 27 желтоқсанда Гурьев облысы бойынша УНКВД үштігінің үкімімен «халық жауы, дін өкілі» деп айып тағылып, ату жазасына кесіледі.
Салтанаттың әйелі Меткел Аманиязова, келіні Алма Жанбатырқызының ұлы Әбдірәсулге жеткізуінше, отыз сегізінші жылы үйге былғары қара күртелі, фуражкалы екі адам Салтанатты іздеп келіп, алып кеткенін, артынан іздеп барғанда кездесуге рұқсат бермегенін айтқан екен дейді. Бүгінгі таңда Әлжан ишан қажының көзі көрген екі ғасыр, отыз жылдай уақыт өтсе де Алланның үйі «Ақ мешіт» әлі күнге дейін қаз-қалпында тұр. Салтанат Әлжанұлы 1938 жылы ұсталып кеткеннен кейін иесіз қалған мешіт ғимаратының көк күмбезі құлатылып, мешіт өз атауынан алыстайды. Соғыс жылдарына дейін «Қосшы» одағының қоймасына айналып, ал соғыс жылдары зат сақтаушы қойма болады. Бүгінде ол ғимарат «Жақсыбек» атты дүкен.
Қасиетті Алла үйін, есімі мәшһүр аталар ұстанған «Ақ мешітті» ұрпақтарына қайтарар күн туды деп есептейміз. Бұл аталардың тағылымын, бабалардың дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауда үлкен өнегелі жұмыс болар еді.
Арада қанша уақыт өтсе де, бір Алланың құдыреті шексіз ғой, 2004 жылы Қарақия ойпатындағы Алатөбе маңында жетібайлық Самиғолла Үмбетов есімді саятшы аң аулап жүріп, қашқан түлкіні індетіп барып, інді қазғанда жәшікте сақталған, біршама беттері сарғайған құнды кітаптар табылады. Бірнеше кітапқа соғылған, диаметрі 42 мм мөр таңбада шеңбер бойымен жоғарғы жарты доғада «Имамь Мулла Киргизской мечети», ортадағы көлденең үш жолда «вь ФОРТЬ АЛЕКСАНДРОВСКЬ», төменгі жарты доғада «Салтанать Альджановь» деп жазылған. Жазу үлгісі төңкеріске дейінгі орыс графикасы. Сонымен қатар имамның өз қолымен жазылған, араб графикасындағы тектік таралымы: «Имам Молла Салтанат Әлжани», 11 – Адай ұлы – 10. Құдайкеұлы – 9. Қосайұлы – 8. Байболұлы – 7. Мәмбетқұлұлы – 6. Тоқтамысұлы – 5. Өгізұлы – 4. Қазанғапұлы – 3. Баймырзаұлы – 2. Тоқжан – 1. Әлжани – Салтанат. Және оған кітап сыйлаушы қолымен жазған сөздері сақталған: «Үшбу кітап Салтанат Әлжанұлыныкі», «Сахиб Салтанат», «Ай ахун мулла Салтанат», «Үшбу әл-хидайт мүбарак болсын. Султанат бин Әлжани, Ишан хажы Баймырза ұлы» сияқты дерек көздері бар.
Табылған кітаптардың бірі «Хидоя \фикх – Сенімді нұсқа-толық шариғат кітабы/, авторы Бурханаддин Марғинани, мұның түсіндірмелері Әл-кифаиа, жеткілікті Жалалиддин Хорезми, әл-Кәрлани», 1904 жылы жарық көрген.
Кітаптардың енді бірінде «Шар ул бухаия-Шарһул уа каие финх, хидояның үзінділері, қысқартылған нұсқасы –Араб тілінің грамматикасы туралы жинақ екен. Бұл кітапта Салтанат ахунның өз қолымен әр парағына түсіндірме жазған қолтаңбалары бар. Кейбір парақшаларында араб тілінің грамматикасына байланысты жазған дәріс қағаздары да сақталып тұр. Негізі, табылған кітаптардың жалпы саны 16. Бұл кітаптардың келешекте терең зерттеуді қажет ететіні анық.
Әлжанұлы Салтанат ишаннан үш ұл: үлкені Қапсұлтан, ортаншысы Қансұлтан, кішісі Әнуар.
Үлкені Қапсұлтан 1913 жылы туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетіп, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерін алған. Жастайынан әкесінің немере інісі Зұлқарнай Баймырзаевтың тәрбиесінде болып, ол Мәскеуге оқыту үшін алып кетеді. Сонда білім алып, орыс қызымен отбасын құрып, қалып қояды. Володя, Валера есімді ұлдары дүниеге келеді. Валера атты ұлынан немересі Михаил бүгінде Мәскеуде отбасымен тұрады. Ал ортаншы ұлы Қансұлтан 1915 жылы туған. Ұзақ жылдар бойы Таушық ауылында банк саласында еңбек еткен. Әкесінің мұраларын жинастыруда осы кісінің еңбегі өлшеусіз. Қансұлтаннан Әбдіразақ пен Әбдірәсул. Кішісі Әнуар 1920 жылы туған. Маңғыстау түбегінің алғашқы кеңестік ағартушылары қатарында оқытушылық қызмет атқарған екен. Әнуардан Сержан тарайды. Сержан Әнуарұлы (1942-2016) Ақтау қаласының алғашқы іргетасын қаласқан құрылысшылардың бірегейі. Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
Ал Салтанат ахунның шөбересі Сержанұлы Кенжебек Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аталарының мұраларын бүгінде жинақтап, кейінгі буынға насихаттауда еңбек етіп жүр.
Иә, ислам дінінің кең қанат жаюына орасан үлес қосқан діни ғұламалардың бірі Әлжан ишан Баймырзаұлы мен Салтанат ахун Әлжанұлының өнегелі өмір жолдары мен дін саласындағы құнды мұралары күн өткен сайын тарих қойнауына еніп бара жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласы аясында ұмыт болып бара жатқан қос тұлғаның есімдерін жаңғырту, жас ұрпаққа насихаттау, жүйелеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу келешектің еншісінде.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор