Төрт баласын бір өзі тәрбиелеп отырған Қайрат Алипанов аяқ астынан мұндай қуаныш болады деп ойламаған да шығар. Ең кіші баласының жасы үште. Жалғызілікті әке ұзақ жыл бойы пәтер жалдап күнелтті.
Төбесінен су өткен, едені сыз, қабырғалары қақыраған талай үйді амалсыздан паналады. Екі балабақшаның бірінде сантехник, бірінде аула сыпырушы болып еңбек етіп жүріп, перзенттерін қатарларынан қалдырмауға тырысып бақты.
Енді, міне, жап-жаңа, сәулеті келіскен баспанада қоныс тойын тойлап жатыр. Алипановтар отбасына «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы фракциясының мүшесі Әлібек Семғалиев жайлы үй сыйлады. Депутаттың бұл ізгі ісіне ел қуанды. Қайрат Алипановты қонысымен құттықтай келген ұжымдастары да қазақы жоралғымен шашу шашты.
– Қайрат – қайсар әке, балаларына барын тосып отырған қамқор әке. Ұжымдастары да көмектерін аямай, қолұштарын беріп келеді. Баланы анасыз тәрбиелеудің жүгі ауыр. Осындай азаматқа көмектескен Әлібек Семғалиевтің жақсылығы көпке үлгі болса екен, – дейді №27 балабақшаның басшысы Гүлайым Қашкенова.
Өзі де жастайынан ата-анасынан айырылып, балалар үйінде өскен Қайрат Алипанов: «Күні-түні перзенттерім мен көрген қиындықтарды көрмей өссе екен деп тілейтінмін. Өз үйіңе емін-еркін кіріп-шыққаннан, ешкімге кіріптар болмағаннан артық бақыт бар ма? Осындай қуаныш сыйлаған азаматтарға алғысым шексіз», дейді.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Семғалиев жалғызілікті әкенің жағдайын естігеннен кейін бір септігім тисе деп ойлағанын айтады. Қоныс тойына Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген де арнайы келіп қатысып, отбасына қажет жиһаздарды сыйға тартты.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ