Әр әлем чемпионатында кем дегенде екі-үш сенсация болатыны қалыпты жағдай. Тек сол командалар қанша жерге дейін жете алар екен деп тағат таппай кетеміз. Ал бұл жолы Хорватия құрамасы топтан 9 ұпай жинап, бірінші орынмен шыққанымен қоймай, жарыстың финалына жолдама алды. Соңғы матчта бағы жанып, бабы қатар шапса, шақпақ жейделілер алтын кубокті бастарына көтеруі мүмкін.
Екінші жартылай финал ойыны қиян-кескі матчқа ұласты. Бұл ойында бірінің артынан бірі күтпеген оқиғалар орын алды. Жасыл алаңға шыққан футболшылар мүмкіндіктерін асыра пайдаланғанына ешкімнің шүбәсі жоқ шығар. Жастардан жасақталған Англия құрамасы алғашқы болып есеп ашты. Киран Трипьер айып добын мүлтіксіз орындап, қақпашыны қапыда қалдырды. Британиялықтар білгенінен жаңылмай ойын тізгінін өздерінде ұстады. Шақпақ жейделілердің шабуылға шығуына да дым мүмкіндік бермеді.
Тек 68-минутта Шимо Врсалько көтерген пасты Иван Перишич жоқ жерден соққымен жалғады. Қорғаушы баспен қайтарғалы тұрған допты гол қылған Иван Перишич таразы басын теңестірді. «Интер» сапында жарқырай өнер көрсеткен Перишич біріншілік барысында өзінің бар шеберлігін көрсете алмай тасада жүрді. Тек жартылай финалда ғана жарқ етті десек, артық емес. Себебі ойын тең аяқталып, соның голының арқасында Хорватия матчты экстра-таймға ұластырып жіберді. Ал экстра-таймның екіншісі бастала берген тұста дәл сол Перишич допқа таласып баспен керемет пас шығарды. Қорғаныс аңдамай қалған жерде зып беріп атып шыққан Марио Манджукич Джордан Пикфордтың қақпасына екінші голды соқты. Ал қалған 10 минут бойы Златко Далич шәкірттері уақыт созумен айналысты. Англия шабуылға шыққанымен, Даниель Субашич қорғаған қақпаға доп дарыта алмады. Хорватия өзінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шықты.
«G» тобында бірге болған Англия мен Бельгия енді қола жүлде үшін таласады. Жұбаныш матчы деп аталатын кіші финалда екі команданың жолы қайта түйісті. Топ ішіндегі матчта Бельгия 1:0 есебімен жеңіп еді. Ол кезде Англия бапкері Гарет Саутгейт жеңіліп, екінші орын иемдену үшін әдейі жеңілді деген де тұжырым бар. Қарсыластардың осалдауы түсетін оңай жолды таңдаған Саутгейттің сауаттылығы, қырағылығы жөнінде де көп жазылды. Ұлыбританиялықтар үшін шынын айтқанда барлығы жақсы басталды. Алдымен Колумбияны артқа тастап, кейіннен келген Швецияны да оңай жеңді. Хорватияны да тас-талқан ұтып жүргендіктен, осы ойынның фавориті саналды. Алайда оқиға күтпеген жерден басқа арнамен жалғасты. Енді амал жоқ, үшінші орын үшін Бельгиядан басым түсу керек. Екі команда да бұл жолы негізгі құрамды шығарып, әжептәуір тартысты ойын көрсетері анық. Айтпақшы бұл ойында сонымен қатар мундиальдың үздік сұрмергені бәсекесінің де нүктесі қойылады. 6 гол соққан Харри Кэйн мен 4 гол соққан Ромелу Лукакудың жеке тартысы да орын алары анық. Бұл матч 14 шілде күні Астана уақытымен 20:00-де басталады.
Ал финалға шыққан Франция мен Хорватия арасындағы ойынды миллиардтаған адам көретіні анық. Мысалы, 2014 жылы Бразилияда болған финалды 2,5 миллиард адам тамашалап еді. Хорватияның ерлік жасап осы кезеңге дейін жеткеніне қарамастан, финалдың фавориті Франция екені даусыз. Бұл команда бірінші кезекте жартылай финалын бір күн ерте ойнады. Екіншіден, Хорватия секілді қырылысып, көптеген қақтығысқа түсіп, 120 минут шайқасып та жүрмеді. Франция соққан бір голының арқасында қорғанысты мықтап ұстап, еш жарақатсыз, сары қағазсыз финалға шығып алды. Ал Хорватия сапындағы футболшылардың қалай шаршағанын көзіміз көрді. Бірнеше ойыншының жарақаты да жоқ емес. Сондықтан финалда Франция басымдыққа ие болуы тиіс. Бірақ Хорватия президенті әр ойыннан кейін футболшыларымен жеке-жеке құшақтасып, бастарын сипап, арқаларын қағады. Колинда Китаровичтің қолдауы алақандай Хорватияның аяқдопшыларын кезекті арманға жетелеуі бек мүмкін. Дегенмен финалға осал команда шықпайтыны белгілі ғой. Алтын кубок бұл жолы кімнің қолында болатынын 15 күні кешке анықтаймыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»