Қазір еліміз дамудың қарқынды кезеңіне өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында атап көрсетілгендей, бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуірін, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы тарих және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.
Сондықтан бұл кезең жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, асқақ армандар мен межелі мақсаттарға жетелейді. Біз алдағы кезеңдерде қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді айқындап алуымыз керек. Заман бізден соны талап етеді. Елбасы бұл Жолдауында да рухани жаңғыру бағытын одан әрі жалғастыра беретінімізді атап көрсетті. «Ұлттың әлеуметін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек» деп алдымызға айқын міндеттер қойды.
Ұлт болып ұйысу үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды төрге оздыруымыз керек. Ұлттық идеяны ұлттық идеологияға айналдыру жолында зиялы қауым өкілдері атқарар жұмыс шаш-етектен. Бізге ұлттық құндылықтар мәйегін терең меңгерген білікті мамандар қажет. Олар рулық сана деңгейінде ғана ойлап қоймай, тұтас қазақ халқын біріктіретін жаңа формациядағы жұмыс тәсілдерін ұсынып жатса, қанеки! Біз креативті, жаңаша ойлайтын жастарды барынша қолдағанымыз жөн. Қазақстандықтар біртұтас ұлтқа айналуы үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы бірінші кезектегі мақсат болып саналады. Ұлтаралық келісімді сақтау, әрбір ұлт өкілдерінің мәдениетке, тілге, дінге деген көзқарасына құрметпен қарауымыз керек.
Елбасының Мәңгілік Елдің асыл мұраттарын іске асырудың негізгі тетіктерін айқындайтын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұзылмайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертертпа тұстарынан бас тарту керек» деп айқын да түсінікті міндеттер қойғаны белгілі. Сөз жоқ, жаһандану жұтқыншағына жұтылып кетпеу үшін біз ұлттық дәстүрлерімізді, тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақы рухымызды жаңғыртуымыз керек. Біз жаңа Жолдаудан бұрынғы айтылған идеялар мен міндеттердің жалғасын көріп отырмыз.
Қазақстандық мәдениет. Ол қандай болуы керек? Әрине бұл ретте ұлттық мәдениет алға шығады. Бұл ретте ата-бабаларымыздың ауызекі айтып кеткен өсиеттері мен мақал-мәтелдері тұнып тұрған тәрбие әрі мәдениет дер едім. Соның ішінде ырымдар мен тыйымдарға да назар аудару керек сияқты. Айталық, қазақ «үйге қарай жүгірме», «босағаны керме», «қара орамал тақпа», «ішегіңді тарт-
па», «шашыңды жайып жүрме» деп жатады. Қарап отырсаңыз, осының барлығы тәрбие. Ал тәрбие төркіні – мәдениет.
Есіме мына бір әңгіме түсіп отыр.
Академик Қаныш Сәтбаев кеңес делегациясының құрамында Англияға барады. Кеңес делегациясын бір орайлы шақта Англия перемьер-министрі қабылдап, қонақасы береді.
Дастарқан басында премьер-министр Қаныш Сәтбаевқа назар аударып, әзілге балаған болып сұрақ қояды:
– Сәтбаев мырза, айтыңызшы, қазақтардың барлығы да өзіңіздей сұңғақ бойлы ма?
– Менің халқым өзімнен әлдеқайда биік, – деп жауап беріпті сонда Қаныш.
Келесі бір сәтте премьер-министр орнынан тұрып келіп, Қаныш Сәтбаевтың рюмкесіне демеу лебіз білдіріп, тағы бір келеңсіздеу сұрақ қояды.
– Сәтбаев мырза, осы сіз нешінші размерлі бас киім киесіз? – деп сұрапты премьер-министр.
Сәтбаев сәл жымиып, еш іркілместен:
– Премьер мырза, егер сіз екеуміз баскиім айырбастасақ, екі жағымыз да өкінбес едік! – деген екен.
Иә, дәл бүгінгі заманда да Сәтбаев сияқты саңлақтар керек. Қазақтардың мәдениет биігінен көріне алатынын қай жерде де ісімізбен де, сөзімізбен де дәлелдей білгеніміз жөн.
Міне, Елбасының бізге айтып отырған басты идеясы осы. Өркениет өрісінде, жаһандық ықпалдастық жағдайында қазақ өз орнын анықтап алады деген үміт басым.
Осы ретте әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған Қазақстанды осынау биік белестерге шығара білген Елбасының елеулі еңбегін атап өтуіміз керек. Былтыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып ендік. Жыл басында оған төрағалық еттік. Бұл бүкіләлемдік саяси кеңістікте еліміздің тұғырлы орнын айшықтайды.
Қорыта айтқанда, еліміз индустриялық-инновациялық экономиканы одан әрі тереңдете отырып, әлеуметтік инфрақұрылымды салалық жағынан одан әрі дамытып келеді. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта түсуде. Елбасының әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды басты мақсат ретінде ұсынып отырғаны белгілі. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біз ел Президенті Н.Назарбаевтың көрсетіп берген сара жолымен дамудың шынар шыңына шығатынымызға бек сенеміз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ