• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Шілде, 2018

Сұлулық тұнған суреттер

1707 рет
көрсетілді

Көкшетауда көрме сирек өтеді. Қылқалам ұстағандар аз. Сондықтан да әр көрмеден жыл келгендей жаңалық іздейміз. Таяуда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дулат Қоспановтың жеке көрмесі ұйымдастырылды.

Жергілікті қылқалам шебері, кес­кін­­де­мешінің көрмесіне қойылған туын­дыларының әрқайсысының астарында өзін­дік философиялық мағына бар. «Дала», «Ал­тын адам», «Абылай хан», «Қанжығалы Бө­генбай», «Қанай би», «Көкшетау», «Оқ­жет­пес» картиналары ел тарихынан сыр шертіп тұр. «Жорық алдында...» атты туын­дысында Абылай хан мен Бұқар жырау, Қара­керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, батыр Баян бей­неленіп, көрерменнің көз ал­дына сан ғасырлар сорабын әкеледі. Бұл ту­ынды республикалық каталогқа енген. 

Суретші Дулат Қоспановтың туындылары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде, Қазақстан Республикасы Көркем көрмелер басқармасында, Қытай, Ресей, Америка, Жапония, Германия, Балтық елі Литвада, еліміздің басқа да қала­ларындағы галереялар мен жеке адамдар қорында сақтаулы.

Суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Оның тарихи туындылары адамды қиял қанатында сөз жеткізсіз ғажайып өнер әлеміне жетелей түскендей. Ғұ­мыр жолының қырық жылын өнер сала­сы­­на арнаған айтулы суретшінің қыл­қаламынан туған туындылар келер ұрпақ­қа рухани азық болары анық.

Байқал БАЙӘДІЛ, «Егемен Қазақстан»

КӨКШЕТАУ